Өңірлерден 36 адам іріктеліп, ақтық сынға жолдама алды. «Бейнелеу өнері», «Перфоманс», «Видео түсіру» «Сәндік-қолданбалы өнер», «Музыка және поэзия», «Арт-перфоманс» аталымдары бойынша алты жеңімпаз 1 миллион теңгелік сертификат иегері атанды. Атап айтсақ, Айболат Нұрыллаев, Нұржігіт Науханбаев, Анеля Сатыбалдиева, Регина Землиханова, Аяна Рақымжанова, Арман Латыпаев жүзден жүйрік шықты.
«Іс-шараның негізгі мақсаты – экологиялық құндылықтар қалыптастыру, балаларды экологиялық тұрғыдан тәрбиелеу. «Aiala» экофестивалі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткізілді. Бүгін – балаларды қорғау күні. Бұл тамаша іс-шара экология саласында жұмыс істейтін барлық ірі үкіметтік емес ұйымдарды және олар конкурсқа қатысқан шығармашыл балалардың басын қосты. Аталған бастама алдағы жылдарда да жалғасын табады деп үміттенеміз. Бұл – балаларға экологиялық тәрбие беруге мүмкіндік беретін қадам», деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.
Айта кетейік, елімізде бұл жоба алғаш рет креативті индустрия, балалар мен экологияны тоғыстырған ортақ алаңға айналып отыр.
«Бір ай бойы біз еліміздің түкпір-түкпірінен шығармашыл дарынды балалар арасында конкурс өткіздік. Экология тақырыбы бойынша 250-ден астам өтінім қаралды. Біз жастарға шығармашылық арқылы қоршаған ортаға қамқорлық жасап, өз сезімдерін білдіруге мүмкіндік беру өте маңызды деп санаймыз», деді Лима Диас.
Фестивальға келушілер суретшілердің қолынан шыққан «5 элемент» инсталляциясымен танысты. Онда ауа, су, от, жер элементтері бір шеңберге біріктірілген. Ортадағы айнадан жасалған жүрек адамның өзіне әрі айналасындағыларға деген сүйіспеншілікті білдіреді. Туынды табиғат пен адамның тұтастығы мен үйлесімділігінің рәмізіндей. Осылайша, авторлар көпшілікті табиғатты аялауға шақырып, еліміздің экологиялық проблемаларына назар аударғысы келді.
Сондай-ақ фестиваль аясында киіз басу, кескіндеме, қаржылық сауаттылық және макулатурадан панно жасау бойынша шеберлік сыныптары өтті.
Айта кетейік, «Aiala» арт-экофестивалін Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ ұйымдастырып отыр. Іс-шараға «Халық» қайырымдылық қоры демеушілік көрсеткен.