Алдымен қазақты ел қыламыз, басқалармен тең қыламыз деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтары түгелге жуық қырылды. Өткен ғасырдың 20–30-жылдары – 10 жыл бойы құйындай тиген өкіметтің жазалау машинасы «Қазақстанда басқалармен тең, прогрессивтік парламенттік жүйемен басқарылатын «Алаш» автономиясын құрайық» деген қозғалыс мүшелерінің бәрін «жау» деп танытатын радикалды саясат ұстанып, оны халықтың санасына күшпен сіңірді. «Алаш» атауының өзін аз уақытта құбыжыққа айналдырып, оны ауызға алудың өзінен қалың бұқараны бездіріп жіберді. Осы саясаттың қорқытып-үркітіп сіңірген қасіреті сондай, сол синдромнан әлі арыла алмай келе жатқан адамдар бар арамызда.
Қайта өрлеу кезеңі қалай басталды?
Жуырда Петропавл қаласында 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Қызылжардың шерлі тарихы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл күннің еліміз үшін маңызы аса зор екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында: «Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз», деп жазды.
Қызылжар конференциясының жұмысына Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жобалық кеңсесінің басшысы, «Қаһармандар» – республикалық қорының төрағасы Сабыр Қасымов, «Алаш» ғылыми зерттеу орталығының директоры Сұлтан-Хан Аққұлұлы, Алаш басшыларының бірі, атақты Міржақып Дулатұлының жиені, «Мектеп» баспасының бас директоры Ерлан Сатыбалдиев, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай, т.б. қатысты.
Осы конференцияда жасаған баяндамасында Сабыр Қасымов бұрын құпия сақталып келіп, соңғы уақыттарда ғана мемлекеттік комиссияның күшімен ашылған құжаттардың, орталық, жергілікті және аудандық архивтер деректерінің, көзқарасы жоғары, ой-өрісі биік тарихшылардың, саясаткерлердің, философтар мен заңгерлердің пікірлерін, қуғын-сүргінге ұшырағандар ұрпақтарының естелігін сараптау барысында «Алаш» партиясы қозғалысы мен Алашорда үкіметі кезеңі Қазақстандағы ұлттық қайта өрлеу (ренессанс) кезі болғанына ғылыми негізде көз жеткізілгенін айтты. Бұрынғы зерттеушілер негізінен оның ұлт-азаттық күрес сипатындағы рөлін ғана танып, өз қорытындыларын берген. «Ал біз «Алаш» қозғалысының саяси, идеологиялық, ғылыми, ағартушылық, дипломатиялық, әлеуметтік-экономикалық, ұлттық мемлекет құрылысы және басқа салалардағы қызметтерін қамтып, барлық әрекетін зерделедік. Соның нәтижесінде мемлекеттік комиссия Алаштың әр қырындағы еңбегінен 10 эксклюзивті жинақ дайындады», деді ол.
Қазақ халқының сол кездегі ең озық ойлы, патша өкіметінің жетілдірілген жоғары оқу орындарынан білім алған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабай, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, М.Тынышбайұлы, т.б. өкілдері Ресей империясының азиялық-мұсылмандық бөлігінде ұлт-азаттық күрестің өркениетті бағдарламасын халықаралық стандарттар мен саяси-құқықтық талапқа сай жасап шыққандығының өзі феномен деуге тұрарлық жайт екені айтылды. «Бұл бағдарлама қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған стратегиялық және тактикалық түпкі мүдделерінен туған армандары еді. Алаш басшылары патша өкіметінің отарлық саясатының құрсауында қазақ халқының толыққанды және прогрессивті дамуына жол жоқ екенін ашық айтты», деді С.Қасымов. Одан әрі Алаш қайраткерлері ұлт-азаттық күрес қарулы көтеріліспен нәтижелі болмайтынын халыққа ұғындырып, оны тек өркениетті жолмен жүргізуге шақырғанын атады. Ал өркениетті жол – халыққа білім беру, саяси сананы көтеру, ұлттық патриотизм рухын егу, ұлттық және саяси құқын қорғауға үйрету екені түсіндірілген. «Өкінішке қарай, көптеген алаштанушымыз Міржақыптың «Оян, қазағын!» қарулы көтеріліске шақыру деп ұғады. Ақын бұл жерде сананың оянуына, қалғыған естің ұйқыдан серпілуіне шақырған еді», деді баяндамашы.
Одан әрі алаш тұлғалары халыққа белгілі «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын ғана емес, көптеген аймақтық, өлкелік газеттер, жастар үнпарақтары мен журналдар шығарып, Қазақстанның отарлық езгіде екенін, одан құтылу үшін білім алу керегін, демократиялық құндылықтарды танудың маңызын түрлі жолмен жеткізгені айтылды. Сонымен бірге халыққа ұлы Абайдың өсиетін білуді, оның айтқан сындарынан қорытынды шығаруды, тәрбиесін бойға сіңіруді үйретті. Әлиханның, Ахметтің, Мағжанның, Міржақыптың, т.б. Абай туралы жазған мақалалары мен өлеңдері осыған куә. «Мемлекеттік комиссия мүшелері өздеріне дейін кешенді түрде емес, көбінесе Алаш тарихын біржақты ғана саралап келген зерттеушілердің еңбегін толықтырып, тұтастай зерделеп, Алаш көсемдерінің мемлекеттік санамен қолға алған ұлан-ғайыр істерін қазақ даласының қайта өрлеу дәуірі деп атасақ, дәл болады», деді С.Қасымов.
Осы қайта өрлеу кезеңінде Алаш қайраткерлері мемлекеттік және саяси құрылымда бұрынғы, күні өткен, саяси, идеологиялық жүйеден алғаш рет бас тартып, жаңа саяси мәдениеттің негізін қалады. Атап айтқанда, бүкіл халық қолдаған өз заманының озық саяси партиясын құрды. Бұл партияның мұраты кез келген саяси күштерден, соның ішінде халықты алдау мен қара күшке ғана сүйенген большевиктік партиядан әлдеқайда биік болды. Егер большевиктер билікке жету жолында қарулы көтеріліске, төтенше және жазалаушы органдардың қара күшіне сүйенбей, демократиялық сайлау жолымен күрескен болса, Қазақстанда «Алаш» партиясынан жеңілген болар еді деген қорытындыға мемлекеттік комиссияның құрамында жұмыс істеген барлық сарапшы мен ғалым көз жеткізгені айтылды.
Екіншіден, Алаш көшбасшыларының бұлтартпас дәлелінің арқасында Ленин бастаған өкімет Қазақ халқына тиесілі жерді толық қайтарып, шекарасын мойындауға мәжбүр болды. Қазір әлемде 9-орын алатын территорияны халқына қайтару – Алаш көшбасшыларының ғана еңбегі. Ал М.Жұмабай, Ә.Бөкейхан, басқа да зиялылардың қатысуымен жасалған «Алқа» бағдарламасы идеология, ғылым, мәдениет, шығармашылық салаларындағы барлық мемлекеттік саясатты дамыған демократиялық елдердің үлгісімен жасады. Әттең, соны Қазақстан тәуелсіздігін алғанда өкімет басындағылар ескермей, мемлекеттік саясаттың барлық қырын большевиктік қағидатты басшылыққа алып жасап, ақырында елімізді саяси дағдарысқа соқтыра жаздады. Соның ішінде ең басты адасу – сайлау жүйесін дұрыс, демократиялық принципті ұстанған адал жолмен жүргізбей, тек биліктің айтқанына «ләббай, тақсырлап» тұратын бұрынғы кеңестік көнгіштер мен бас изеушілер отрядының парламентке өтуіне мүмкіншілік тудырды... Санада өзгерістер жасап, саяси отарсыздандыру, демократиялық құрылым жасау жұмыстарын қолға алмады. Тоталитарлық жүйеден шыққан идеологтеріміз ұлттық жаңғыртуды мәдениет пен өнер саласында ғана болады деп ойласа керек, ақындар айтысы сияқты өнерімізді ғана жаңғыртып, батырлар мен билердің, ақындар мен хандардың мерейтойларын өткізумен, ескерткіштер тұрғызумен мәз болып, далақтап жүрді. Қоғам сондай жылтырақтарға алданып қалды, ал биліктегілерге соның өзі жайлы болды. Мемлекет құрылысын жаңалауды, тоталитарлық жүйеден арылтуды ешкім ойға алғысы келмеді. Ең басты ұлттық идея жалпыұлттық демократиялық құндылықтарды орнатуда екенін ешкім ескермей, жеке басқа табыну жолына түсірді. Оның ақыры неге соқтырғанын көзіміз көрді. Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Әділетті Қазақстан идеясынан үлкен үміт күтеміз. Оның қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрғызғаны сол сананы отарсыздандыру жолындағы ұлы мұраттың үлкен қадамы деп білеміз. Бұл істе озық елдердің демократиялық құрылысымен қатар Алаш қайраткерлігі үлгісін де алу керек.
Ал Алаш тұлғалары Қазақстанда тұңғыш рет сайлаудың демократиялық жолмен дауыс беру үлгісін жасап еді. Халықтың бастамашыл құқын іске асыруына мүмкіндік беретін азаматтық және саяси институттарды құрды. Ұлт-азаттық идеяларды бейбіт жолмен іске асыруды көздеген ондаған қоғамдық ұйым, оның ішінде жастар одақтарын және баспасөз құралдарын ұйымдастырды. Отанды сүйіп, оған қызмет ету үлгілерін де көрсетіп, сонымен бірге ұлттық білім жүйесін, жаңа әліпби, қазақтың тіл білімін, ұлттық педагогика, сондай-ақ басқа тілдерден аударып, қазақ баласына ұғынықты тілмен математика, астрономия, химия, физика, геометрия пәндеріне оқулықтар жазды. Солардың бастамасымен театрлар, жоғары оқу орындары құрылды, қазақ сахнасына лайықты, әйел теңдігі сияқты ішкі ұлттық қайшылықтарды әшкерелеген пьесалар мен драмалық шығармалар жазды.
«Алаш басшылары халықты таптарға бөлетін маркстік-лениндік доктринаға әу бастан қарсы болып, оның ғылыми негізі жоқтығын дәлелдеді. Ақыры олардың идеясы іске асып, тап қайшылығы деген нанымдар тарих сахнасынан кетті. Алаштың озық идеясын қазақтың Смағұл Сәдуақасұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Жалау Мыңбайұлы, Ыдырыс Мұстамбайұлы сияқты кейінгі прогрессивтік бағыттағы қайраткерлер де қолдап, халықты қырғынға ұшыратқан «Кіші октябрь» саясатына қарсы шықты. «Осының бәрін сарапқа сала келіп, большевиктік қанқұйлы өкімет күш алғанға дейін Алаш қайраткерлері өз елінде аз уақытта қайта өрлеу кезеңін жасап кеткеніне көзіңіз жетеді», деп қорытты өзінің сөзін Сабыр Қасымов.
Қызылжар өңіріндегі қайраткерлік
Конференцияда белгілі тележурналист Майя Бекбаева жуырда түсірген «Қазақстанның солтүстігі үшін талас» атты деректі фильм көрсетілді. Онда кейбір ресейлік шовинистердің қазақ жеріне көз аларта сөйлеген пікірлеріне соққы берілгеніне, сонымен бірге алаштықтардың Аққусақ болысында он мыңдай адам қатысып, қазақ әскерін құру мәселесіне арналып, Міржақып Дулатұлының бастамасымен өткізілген үлкен жиын туралы айтылған. Ұзақ жылдар бойы қазаққа әскер неменеге керек еді, бос әурешілік деген сияқты кертартпа, мысқыл, әжуамен айтылатын әрекет те – дербес ел болудың, іргені бекітудің алғышарттарының бірі. Қазақ әскері патшаның большевиктерден қашқан қалың әскерінің немесе қаптап өткен қызылдардың сансыз әскерімен соғыспаса да, солардың арасынан шауып келіп, ауылдарды тонайтын, адамдарын ұрып-соғып, кейде тіпті өлтіріп кететін ұры-қарыларына, сорақы сотанақтарына қарсы қайрат көрсетпес пе еді? Бірақ сол айбынды әрекетті де қазақ қоғамы теріс бағалап келді. Ал аулында оқыған азаматтың бәрін бір өзі қарсы алып, күткен Әлти қажының мырзалығын кейбір жазушы ағаларымыздан бастап бәріміз күлкі қылып келдік. Бұл істің зор маңызына қазір ғана лайықты баға беріліп келеді.
Өзінің сөзінде Міржақыптың жиені Ерлан Сатыбалдиев нағашысына қатысты біршама қызықты дерек айтты. Соның ішінде басқа көсемдердің бірі емес Аққусақ жиынына Міржақыптың бастап келген себебі оның Қызылжар өңірін жақсы білгендігінен екен. «Ол Қызылжар қаласында бірнеше жыл бала оқытқан, атақты «Оян, қазақты!», тіпті «Бақытсыз Жамал» романын да осында жазған. Сонымен бірге осы қалада Қошке Кемеңгерұлы, Салмақбай Күсемісов, Сабыр Шарипов сияқты прогрессивтік көзқарастағы белсенді азаматтармен танысып, дос болған», деді ол.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, осы конференцияны ұйымдастырушылардың бірі Сәуле Мәлікова сөзінде қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның облыстағы мүшелерінің атқарған жұмыстарына тоқталып өтті. «Жұмыс топтары ҰҚК, прокуратураның құқықтық статистика басқармасының, Полиция департаменті архивтерінде және облыстық мұражай мен оның 13 аудандық филиалында жұмыс істеу барысында көптеген дерек тауып, соның нәтижесінде Алаш қайраткері, дәрігер Жұмағали Тілеулиннің өмірі мен қызметіне арналған жинақ, «Қызылжардың шерлі тарихы» атты үштомдық, «Насильственное переселение народов в Северный Казахстан. 1936–1944 гг.» атты жинақ жарық көрді» деді ол. Сонымен қатар «Солтүстік Қазақстан және Алаш» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары, «Қазақстанның солтүстік өңіріндегі Алаш қозғалысы мұрағат деректерінде», «Діни бірлестіктер мен дінбасылар – саяси қуғын-сүргін құрбандары» атты жинақтар, т.б. дайындалғаны айтылды.
Профессор Аманжол Күзембаев дидактикалық тарихи сананы қалыптастыру сияқты теориялық мәселелерге тоқталып, оның бүгінгі табыстары туралы әңгімеледі. «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сұлтан-Хан Аққұлұлы «Алаш» автономиясының жарияланғаны шетелдерге де белгілі болғанын жеткізіп, қазір Алаш тарихын Жапония сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан табылған материалдардың негізінде Томохико Уяма мен жас ғалым Рёсуке Оно деген жапон ғалымдары зерттеп жүргенін айтты. Ал профессор Зарқын Тайшыбай Алаш қозғалысының бір ірі орталығы Қызылжарда болғандығын дәлелдеп берді.
Конференция жұмысына жергілікті билік тарапынан ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов сәттілік тілеп, облыс әкімінің құттықтау хатын оқып берді. «Мемлекет басшысы Бүкілхалықтық құрылтай отырысында: «Алаш рухы мен Қазақ мемлекеті бір-бірінен ажыратылмайды, олар мәңгілік бірге», деп атап өткен болатын. Сондықтан Алаш қозғалысының тарихы бүкіл еліміз үшін маңызды. Саяси қуғын-сүргін халқымыздың басына қасірет төндірді, рухани тамырына балта шауып, мәдениетіне, сана-сезіміне ауыр соққы берді. Шерлі заманда басына бұлт үйірілген неміс, поляк, шешен, ингуш, корей, басқа да ұлыстар қазақ жеріне қуғынмен келді. Солтүстік Қазақстан облысына 130 мыңнан астам адам жер аударылды. Олар жергілікті халықпен сыйыспай, үнемі қақтығыса береді деген өкіметтің арам пиғылы іске аспады. Қазақ халқы қолдарынан келгенінше оларға жанашырлық жасап, қорған бола білді. Сол жылдары қоныс аударылғандардың ұрпақтары бүгінде егемен Қазақстанды туған жері санап, еліміздің дамуына лайықты үлес қосып, өмір сүріп жатыр. Петропавл қаласының орталығындағы, бұрынғы НКВД үйінің орнында Саяси қуғын-сүргін мен тоталитарлық режімнің құрбаны болғандарға арналған ескерткіш-қабырға орнатылған. Онда біздің облысымыздағы қазақ халқы мен барлық этнос өкілдерінің 8 мыңға жуық қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарының есімі жазылған. Ескерткіш-қабырғаның тұрғызылуына ұйытқы болған ардақты ақсақалымыз, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, әкесі саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Болат Мағазұлы Сағындықов арамызда отыр», дегенде жиналған қауым қол соғып, қошемет көрсетті. Одан әрі Кемел Қарашаұлы Әлти қажының қыстауында 1918 жылы болған Алаш жиынының орнына стелла тұрғызылып, ескерткіш қабырға орнатылғаны және 105 жылдығы салтанатты жағдайда аталып өтілгенін айтып, бұл іске қажының ұрпағы, іскер азамат Нағашыбай Барлыбаев белсенді араласып, демеушілік жасағанын айтты.
«Жазықсыз жапа шеккен арыстарымыздың бірі – ендігі жылы туғанына 125 жыл толатын Смағұл Сәдуақасұлы. Ол – Алаш қайраткерлерінің идеясын жан-тәнімен қолдап, еліміздің іргелі ел болуына, ұлтымыздың ұлағатты халық болуына өлшеусіз еңбек сіңірген жан. Ердің есімін еліне қайтаруда белгілі ғалым, академик Дихан Қамзабекұлының, жерлесіміз Ерік Нұрақаевтың еңбегі зор болды», деді К.Оспанов.
Сөзінің соңында К.Оспанов Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның орталық және облыстық филиалы қатарында белсенді жұмыс істеген бір топ азаматқа облыс әкімі Ғауез Нұрмұхаметовтің атынан Алғысхаттар тапсырды. Марапатталғандар қатарында Сабыр Қасымов, Сұлтан-Хан Аққұлұлы, Зарқын Тайшыбай, Сәуле Мәлікова, Людмила Гривенная, Нұрболат Әбуов, Зәуре Қартова, т.б. болды.
Конференцияда айтылған пікірлер мен ұсыныстар, жасалған баяндамалар жеке жинақ болып жарияланады. Айта кететін жайт, конференция басталмай тұрып Солтүстік Қазақстан архивінің қорындағы материалдарға бай көрме ұйымдастырылып, келген қонақтар мен қатысушыларға мол дерек ұсынылды.
Солтүстік Қазақстан облысы