Бокс • 04 Маусым, 2024

Парижде толық құрамда жұдырықтасады

87 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тай еліне аттанған Қазақстанның жеті боксшысының төртеуі жарысты мерзімінен бұрын аяқтап, Олимпия ойындарының лицензиясынан айырылғаны туралы бұған дейін баяндағанбыз. Содан үш жерлесіміздің жолына үмітпен қарадық.

Парижде толық құрамда жұдырықтасады

Сенбі күні 75 кг салмақтағы Валентина Хальзова 1/8 финалда моңғолиялық Эрдентуя Энкхбаатармен кездесті. Бұл бәсеке жерлесіміздің жеңісімен аяқталды. Екінші раундта ол қар­сыласын нокдаунға жіберді. 50 кг салмақ дәрежесінде бақ сы­наған Назым Қызайбай дәл сол межеде ұлыбританиялық Саванна Саблимен күш сынасты. Ол да Хальзовадан қалыспай, Тұманды Альбион елінің өкілін үшінші раундта есеңгіретті. Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен кубалық Эрисланди Алварестің арасындағы ширек финалдық ай­қасты төрешілер бұра тартып, жеңісті Бостандық аралының былғары қолғап шеберіне берген еді. Десек те қандасымыз жолдамаға таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Себебі сол межеде жеңіліс тапқан жампоздар өзара жұдырықтасып, 63,5 кг салмақ дәре­жесіндегі соңғы лицензияны сарапқа салды. Алғашында ол колумбиялық Хосе Виафарамен жұдырықтасты. Өте шиеленісті өткен жекпе-жектің бірінші кезеңінде Мұхамедсабыр басым болды. Екіншісінде Хосенің бағы жанды. Үшінші раундта жарақат алғанына қарамастан, қазақ бокс­шысы жеңісті қарсыласынан жұлып әкетті.

Жексенбіде шешуші сайыс­тар өтті. Алғашқы болып рингке Валентина Хальзова шықты. Ол колумбиялық Ширлейдис Ороскодан басым түсті. Кешкі бағ­дарламада Назым Қызайбай мен Су Хьян Канмен қолғап түйістірді. Бірінші раундты Солтүстік Кореяның өкілі өз пайдасына шешті. Екіншісінде қандасымыздың мысы басым болды. Шешуші кезеңде намысқа тырысқан Қызайбай Канды бір мәрте есеңгіретіп, жеңіс тойы­н тойлады. Одан кейін кезек Мұ­хамедсабыр Базарбайұлына келді. Біздің жігіт молдовалық Александру Параскивадан басым түсті. Барлық төреші Мұха­медсабырдың мықтылығын мо­йын­дады.

Сөйтіп, Қазақстанның ерлер құрамасы Олимпия ойындарында толық құрамда өнер көрсетеді. Мұхамедсабыр Базарбайұлына (63,5 кг) дейін ондай құрметке Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шым­бергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг),  Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) бөленген еді. Сондай-ақ Париж­ге баратындардың тізіміне үш бұ­рымдымыз қосылды. Олар – Назым Қызайбай (50 кг), Карина Ибра­гимова (57 кг) және Валентина Хальзова (75 кг). Ал барлық спорт түрлері бойынша бүгінгі күні жер­лестеріміздің жеңіп алған жолдамалар саны 58-ге жетті.