16 Қаңтар, 2015

Мылтықсыз майданның майталманы

591 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
OLYMPUS DIGITAL CAMERAЕлдікті сақтау мен елдің қауіпсіздігін қам­та­масыз ету Отан қорғаушылардың еншісі екені баршамызға мәлім. Сондықтан да, халық отаны мен елі үшін күрескен батырлары мен қаһар­мандарын өз жадында мәңгілік сақтайды. Біздің әңгімеміз кеңес дәуіріндегі қауіпсіздік саласының айтулы тұлғаларының бірі, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, кезінде аты аңызға айналған полковник Қозыке Бишім­байұлы Бишімбаев туралы болмақ. Қозыке Бишімбаев 1926 жылы 15 сәуірде Оң­түстік Қазақстан облысындағы қазіргі Орда­басы ауданына қарасты Бөржар деген елді мекенде дүниеге келген. 1939-1941-жылдары балалар үйінде болып, 1941-1944 жылдары қазіргі Төлеби ауданының Георгиевка селосындағы орта мектептің интер­натында оқыған. 9-10 класта оқып жүрген кез­дерде аудандық «Сталин жолы» газетінің жауапты хат­шысы болып істеген. Орта мектепті бітірген соң, 1944 жылдың тамызында мемлекеттік қауіпсіздік органдарына қабылданып, Алматы қаласындағы бір жылдық арнаулы мектепке оқуға жіберілген. 1945-1950-жылдары Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің Түлкібас аудандық бөлімінде жедел, аға жедел уәкілі болып, содан соң Ішкі істер министрлігімен қауіпсіздік органдарының бірігуіне байланысты Түлкібас аудандық бөлімі бастығының міндетін атқарған. 1951-1953-жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармада аға тергеуші, ал 1953-1961-жылдары қарсы барлау бөлімінің бөлімше бастығы болып қызмет еткен. 1961-1965-жылдары МҚК-нің Кентау қаласы мен Түркістан ауданында уәкілі болып, 1965-1970 жылдары облыстық қарсы барлау бөлімін басқарған. 1970 жылдан бастап 1983 жылға дейін, 12 жыл бойы МҚК Қызылорда облысы бойынша басқармасына басшы болған. Жоғарыда айтылған деректер Қозыке ағамыз­дың 40 жылға жуық өмірі мемлекеттің мүддесі мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналғанын, қатардағы қызметкерден басталған еңбек жолының атышулы КГБ-ның барлық баспалдақтары арқылы облыстық басқарманың басшысына дейінгі ұзақ жолдан өткенін айқын көрсетеді. «Мылтықсыз майдан» деп аталатын қауіпсіздік саласындағы істейтін адамдар мен олардың жұмыстары жайлы мәліметтер өте аз, тіпті жоқтың қасы деп айтуға болады. Соның салдарынан халқы­мыздың көптеген көрнекті тұлғаларының есім­дері елге танылмай, еңбектері еленбей, ұмытылып кетеді. Сондықтан, бүгінгі күні Қозыке ағамыздың қауіпсіздік саласындағы ауыз толтырып айтуға болатын еңбектерінің біраз қырларын айтып өткенді дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап, кейінгі тәуелсіздік алған жылдарға дейін, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мем­лекеттік қауіпсіздік комитетіне жұмысқа кел­ген жас офицерлер өз­дерінің еңбек жолын Қозыке ағамыздың жүргізген істері­мен танысудан бас­тайтын. Олардың ішінде кәсіби деңгейліктің ең бір жоғарғы үлгісі ретінде шетелдік барлау органдарының торына түскен Кентау қаласының тұрғындары Пападопулос пен Химанидис деген жансыздарды дер кезінде әшкерелеуге бай­ланысты істері мен Грекияның Мәскеудегі елшілігін­дегі дипломатиялық қызмет атқар­ған грек барлау ор­ган­дарының офицері Венециа­нос­ті арандату іс-әре­кеттері үстінде қолға түсіруге арналған қарсы барлау операцияларын айтуға болады. Сот процесінде Пападопулос пен Химанидис өздерінің Кеңес үкіметіне дұшпандық пікір­де болғанын, Грекия елшілігіндегі түрлі кезең­де дипломатиялық қызметтер атқарған барлау­шылардың (Дионисиди, Констандопулос, Папандопулус, Венецианос, Моливиатис) тапсыр­маларымен КСРО-ның көптеген қалаларындағы қорғаныс саласындағы өндірістер мен әскери бөлімдер туралы барлау мәліметтерін жинап, оларды жасырын түрде жоғарыда аталған грек барлаушыларына тұрақты түрде беріп отырғандарын толық мойындаған. Бұдан басқа да, дәлелденген айғақтардың негізінде, Түркістан әскери округінің әскери трибунал шешімімен Пападопулос 10 жылға, ал Химанидис 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал жоғарыда аталған шетелдік барлаушылар «персона нон грата» деп жарияланып, олар мерзімінен бұрын өз елдеріне қайтарылды. Бұл жөнінде 1962 жылдың 26 қарашасында «Правда» газетінде КСРО Сыртқы істер министр­лігінің ресми мәлімдемесі жарияланды. Осындай ерен жұмыс өте жоғары бағаланып, Қозыке ағамыз төсіне жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденін таққан болатын. Орденді берер кезде мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшылары өздерінің ұсыныстарында былай деп жазған екен: «За особые заслуги в обеспечении государственной безопасности, образцовое выполнение служебного долга, высокий профессионализм при осуществлении контрразведывательных операций по разоблачению и нейтрализации враждебных акций сотрудников иностранных спецслужб, действующих под дипломатическим прикрытием посольств и их агентуры». 60-жылдардың екінші жартысында Шымкент «Фосфор» бірлестігінің құрылысы кезінде Қозыке ағамыздың басшылығымен өткізілген чекистік іс-шаралар Батыс Германия мамандарының ара­сындағы жансыздардың жауыздық әрекеттерін дер кезінде әшкерелеп, өндіріске орнатылып жатқан техникалық жабдықтардың ақаусыз және сапалы деңгейде болуын қамтамасыз етіп, өндірістің бел­гіленген мерзімде іске қосылуына үлкен сеп­тігін тигізді. Сол бірлестіктің кейіннен Кеңес Одағын­дағы химия өндірісінің флагманына айналып, елі­міз экономикасының дамуына көп жылдар бойы нақты үлесін қосқан болатын. Ұлы Отан соғысы кезінде неміс фашистерінің жағына өтіп, соларға қызмет еткен, олардың арнаулы мектептерінде оқып, арнайы дайындықтан өткен, соғыс біткеннен кейін елге оралған жансыздарды әшкерелеудегі Қозыкеңнің үлесі ұлан-ғайыр. Солардың ішінде, соғыс жылдары Гатчинадағы әскери тұтқын әйелдерге арналған лагерьдің коменданты болған, кейіннен «Ачполиметалл» комбинатының конструкторлық бюросының бастығы болып істеген Т.Кольцова және де ондаған жансыздар бар. Қозыке ағамыздың Сыр өңіріне сіңірген еңбегін айрықша деуге болады. 12 жыл бойы МҚК Қызылорда облысы бойынша басқармасын басқарып, талантты шәкірттер тәрбиеледі, оларды айналасына топтастырып, қауіпсіздік саласының сол кездегі жаңа мектебін қалыптастырды. Сондағы елдің құрметіне бөленіп, партия және кеңес органдарының басшыларымен тіл табысып, Байқоңырдағы космодромның мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі оңай шаруа емес екенін айтпасқа болмайды. Осы айтылған еңбектері үшін Қозыке ағамызға кезінде «Құрмет Белгісі» ордені және кәсіби шеберлік жөнінде елдің қауіпсіздігіне өлшеусіз үлес қосқан аса дарынды чекистер ғана марапатталатын «Мемлекеттік қауіпсіздік орган­дарының құрметті қызметкері» атағы берілген. Бұл фактілер Қозыке ағамыздың жемісті де табысты істерінің бір бөлігі ғана. Зейнетке шыққаннан кейін Қозыкең туған жеріне оралып, өмірінің соңғы күніне дейін Шымкент қаласында тұрып, сол қала мен Оңтүстік Қазақстан облысының қоғамдық жұмыстарына атсалысты. Ағамыз  қай жерде, қандай жағдайда болмасын ойын ашық айта алатын, өзіндік пікірі бар адам еді. Бірнеше кітаптар жазып, көптеген әндер шығарды. Ол кісінің қоңыр дауысы, домбырамен нақы­шына келтіріп орындайтын әндері көптеген тың­дау­шылардың әлі есінде. Сөйтіп, Қозыке ағамыз осы өмірде өшпес із қалдырды. Оның жүргізген істері қарсы барлау өнерінің озық үлгісі ретінде осы күнге дейін ұлттық қауіп­сіздік комитетінің жоғары оқу орындарында оқу құралы ретінде пайдаланылуда. Қозыкең өткен жылы о дүниелік болса да, оның артында үлкен әулеті қалды. Ағамыздың ұл-қыздары елімізге танымал азаматтар. Бәрі ғалым: үшеуі ғылым докторы, олардың екеуі Ұлттық ғылым академиясының мүшесі, екеуі экономика ғылымдарының кандидаты. Баласы Уәлихан білім саласының майталманы, еліміздің үш облысындағы жоғары оқу орындарын көп жылдар бойы басқарып, қазір еліміздің Парламентінің белсенді депутаты. Ал немересі Қуандық ұлттық «Бәйтерек» холдингін басқарады. Қозыкеңнің жарқын бейнесі мен оның еліміздің қауіпсіздік саласындағы атқарған еңбегі халық жадында дәйім сақталатынына кәміл сенімдіміз. Ержан ИСАҚҰЛОВ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері, генерал-майор, саяси ғылымдар докторы.