Аймақтар • 05 Маусым, 2024

Тасқыннан кейінгі Жезді

71 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытау өңіріндегі биылғы су тасқыны Жезді кентінің жұртшылығын біраз әбігерге түсірген еді. Облыс басшылығы тіпті, кент­те төтенше жағдай жариялауға мәжбүр де болды. Наурыздың 28-29 күндерін жезділіктердің бәрі дерлік ұйқысыз өткізді десе болғандай. Қазір соның бәрі артта қалды.

Тасқыннан кейінгі Жезді

«Біздің кент бойынша 10 үй  зардап шекті. Бұл үйлерде барлығы 52 адам тұрды, мұның 21-і бала, 6-ауы – зейнет жасындағы кісі еді. Сол кезде 6 үйдің отбасы «бізге басқа мекенжайдың керегі жоқ, су құрғаса, өз үйімізде отыра береміз», деді. Төрт отбасына  уақытша үй берілген еді», дейді Жезді кентінің әкімі Мұратбек Жұмабек.

Зардап шеккен 10 үйге де тиесілі 3692 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленді. Үйлердің бәріне де сараптама жасалды. Нәтижесінде, 7 үйге сметалық құжаттама жасалып, соған сәйкес, кел­ті­рілген шы­ғындар үшін  43548 мың теңге берілді. Ал апатты деп танылған 3 үй жаңадан салынатын болды.

Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Әр үйдің аумағы 8 сотық жерді құрайды. Құрылысты  жүргізіп жатқан «ҚазМузСтрой» ЖШС үйлерді пайдалануға беруді тамыз айы­на жоспарлап отыр.

«Бізде жаяу жүргіншілер көпіріне зерттеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Бұл өткір мәселе күйінде қалып тұр. Тезірек қорытындысы шығарылып, сметалық  құжат дайындау керек», дейді кент әкімі.

 

Ұлытау облысы,

Жезді кенті