аудандағы алғашқы тауық фермасын ашты
Бұрынғы Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданы «Жеңіс» кеңшарында Социалистік Еңбек Ері Сатан Ысқақов деген атақты шопан болды. Ол кезде құрметтің бәрі шопанда. Қара «Волга» мініп жүретін сидиған ұзын кісіні көргенде туғаннан сондай суық түсті кісі ме деп қалатын едік. Баламыз ғой.
Кейін естідік. Мектеп директоры Оспан Жуанышбаев ағамыздан. Сәкеңмен, Сатанмен бірге өсіпті. Әке-шешеден ерте айырылған сидиған сары бала науа басынан шөліркіген мал көрсе әрі қарай бір қадам аттамайды екен.
Өзінің малы жоқ. Біреудікі. Ақ тер-көк тері шығып қауға тартып суарады. Тәмам бала күледі екен. Күле беріңдер, дейді екен жарықтық. Шөлдеген мына малдан обал ғой.
Сол еңбегі қайырын беріп елдің алды болды. Ел ағаларының дәргейінде жүрді. Қатарластары ауданнан аса алмай жатқанда Мәскеу барды.
Шілік ауылынан ауданда алғашқы болып құс фермасын ашқан өжет әйел, Гүлсара әпше де жас кезінде Сатан жарықтықтай болыпты. Еңбектен еш ерінбейді екен.
Қосағы Құдірет екеуі бүгінде бір ауылдың бетке ұстар кәсіпкері болып отыр. Кезінде Тұрғанбай датқаның ізі қалған, атақты Иманжүсіптің Арқа мен Шіліктің ортасын қара жол қылған ауылда шағын дүкен ұстапты. Ел қатарлы мал ұстаған. Көзі қарайып жығып жей бермепті. Көбейтіпті. Келе-келе түйе бағып, қымыран ашытқан. Отырардың даласының шөбі ащы, жусанды. Гүлсара әпшенің қымыранының бабының келісетіндігі соншалық, шұбат емес қаймақ ішіп отырғандай боласыз. Шағын наубайханасы бар. Баяғыда, бала кезімізде шешеміз шоққа көміп таба нан пісірер еді. Алғашқысын табадан жұлып алардай едік. Қолың күйіп тұрып ортасын ашып сарымай салсаң әп-сәтте еріп кететін. Аузың күйгеніне қарамай бұралай соғасың. Кейде таба нанды ұсақтап турап, сары майға араластырып былғайтын. Мыжыма дейді. Соңынан бір кәрлен кесе айран ішіп, кешке дейін үй көрмей ойнасаң да қарның ашпайды. Сол, шешеміз берген дәм, ыстық таба нан Гүлсара әпшенің наубайханасында да пісіріледі. Қалада алтын табақпен ас ішіп жүрсе де қабағы қыржиып отыратындар Гүлсара әпшенің ыстық таба нанын үзіп сары майға былғап жеп, сап-сары ірімшік, тарыдан жасалған талқан, сүттен жасалған үзбесін, күркетауықтан жасалған қуырдағын соғып жеп, соңында маңдайының терін ақ орамалмен сүртіп отырып, «әпше, құдағи, бір-бір үзімнен салып бересіз бе, балаларға дәм татырайын» деп қиылып тұратын.
Ал, енді бұл кісінің қонақ күтісі, ол енді бір таңдық әңгіме. Үйіне алғаш рет келіп тұрсаңызда алты ай көрмеген туған бауырына жасағандай ықыласына құлайсыз. Бір сөзбен айтқанда, нағыз қазақ әйелі.
Тауық фермасын ашпаса да жағдайы жақсы еді. Гүлсара Сейітжанова басқаратын «Жаңа жер» шаруа қожалығында 25 гектар суармалы жері, 920 гектар жайылымдылық жері, оны игеретін бірнеше техникасы бар. Мүйізді ірі қарадан 190 бас, түйе 155, ұсақ мал басы 1450, оншақты жылқысы бар.
Түйе, сиыр саудырады. Мал басы жетеді. Суармалы жерде бақшалығы бар. Бауыры, меценат-кәсіпкер Серікжан Сейітжанов «Саутс-Ойл» компаниясының президенті. Оңтүстіктен бөлек Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы кәсіпорындарын қосқанда 5 мыңға тарта адамға жұмыс беріп отыр.
Осы Гүлсара әпше апта сайын Шілік пен Қызылорданың ортасын ала шаң қылып, өзінің өнімін тасиды. Бір мыңнан астам жұмысшының ет, сүті, қымыраны, бақшалық өнімдері Гүлекеңнің мойнында. Жұмысшылар сұраған соң жұмыртқа сатып алып та апарады екен.
«Құс фермасын салсаңызшы, өткізетін жеріңіз бар. Ауданға да жаман болмас еді. Сіз бастасаңыз басқалар да өз қабілетіне сеніп іске кірісер. Тәуекел десеңізші».
Айтқан аудан әкімі Салыхан Полатов.
Гүлекең әуелде бір мың тауық асырап көрмекші болады. Шымкенттегі кәсіпкерлік орталығына барғаннан кейін шешімін бірден өзгерткен. Бес мың «несушка» тауыққа тапсырыс берген де келген.
Енді, ауыл жұмыртқаның астына қалды. Бір күнде 4-4,5 мың дана жұмыртқаны бір аудан жеп үлгермейді екен. Өнім Қызылордадағы «Саутс-Ойл» компаниясына жөнелтіледі. Ауданнан қалғаны Шымкенттегі базарға кетеді. Баға қонымды. Көтерме бағада 13 теңге, сатылымда 15 теңге.
«Арзан жұмыртқаға қарық болып қалдық» дейді ауыл тұрғындары ризалықпен. Қаладан әкелінген емес. Тауықтың қай күні туғаны да белгісіз емес. Жаңа тұқым.
«Жаңа жер» шаруа қожалығының ашылу салтанатына ауыл ақсақалдары, тұрғындарынан бөлек ел аузында «облыстың бас құсшысы» атанып кеткен, осы кәсіпке қырық сегіз жылдан астам уақытын берген белгілі кәсіпкер, «Құс батареясы» серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқасым Досболов, облыстық мәслихаттың депутаты, бір миллионға жетіп жатқан шаһарға «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйін салып берген кәсіпкер Серікжан Сейітжанов арнайы келді. Аудан әкімі Салыхан Полатов үшеуі құс фермасының лентасын қиды. Аталы сөздер, жақсы тілектер айтылды.
Қазақтың іскер әйелі, ауылда тұрса да үлкен кәсіптің құлағын отбасымен дөңгелетіп отырған Гүлсара Сейітжанова осымен тоқтайын деп отырған жоқ. Ірі қара соятын қасапхананың жұмысын аяқтап қалды. Сүт өнімдерін өңдейтін цех ашқалы жатыр.
Гүлсара әпшені көргіңіз келсе, үнемі күліп жүретін, жүзінде болдым-толдым деген менменшіл пиғыл танылмайтын, қол еңбегі десе жанып кететін, сіздің ісіңізді өз жұмысындай көріп кірісіп кететін қайратты қазақ әйелін көресіз. Ол еңбектен ешқашан қашқан емес. Еңбекқор отбасыға еңбек бақ болып кірді.
– Елбасымыз еңбек адамдарына барлық жағдайды жасап жатыр. Сондықтан, қазақтың кедей болардай хақысы жоқ. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деді ғой Абай атамыз. Мемлекеттің дәулеті де орташа шаруадан көтеріледі.
Бұл ауылда тұрып та ірі кәсіпкер болатындығын дәлелдеген қайратты ананың сөзі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.