Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Еліміз тәуелсіздік алғалы бала құқын сақтауды басты бағыттарының бірі етіп алған. Ата заңымыздың 27-бабында «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» деп нақты көрсетілген. Сол секілді балаларға қамқорлық жасау, тәрбиелеу ата-ананың міндеті екені жазылған. Әр балаға 11 сыныптық орта білім міндетті деп Конституцияда да көрсетілген. Мектепте бастауыш сыныптар тегін тамақпен қамтамасыз етіледі, дәрігерге тегін қаралады. Яғни елімізде балалар біліммен, медицинамен, мектепте тегін аспен қамтылған.
Қазақстан 1994 жылы 16 ақпанда Бала құқықтары туралы конвенцияға қосылды. Бұл конвенция балалар құқын жан-жақты айқындайтын халықаралық деңгейдегі бірден-бір құжат саналады. Еліміз әрбір баланың құқығын қамтамасыз ету жөніндегі жаһандық міндеттемеге өз еркімен қосылды. Бүгінде оны АҚШ-тан басқа әлемнің барша мемлекеті ратификациялаған.
Бұдан бөлек Бала құқықтары туралы конвенцияның қосымша үш факультативтік хаттамасы бар. Қазақстан оларды да қабылдағанын айта кеткен жөн.
2011 жылы бекітілген үшінші факультативті хаттамада Балалар құқықтары туралы конвенцияда бекітілген құқықтар бұзылған жағдайда балалардың немесе олардың ата-аналарының жеке шағымдарын қарау механизмі белгіленген. Бұл құжатқа Қазақстан 2023 жылы 7 ақпанда қосылды. Ал биыл оны ратификациялады. Осылайша, үшінші хаттаманы толықтай күшіне енгізген әлемнің 53 мемлекетінің қатарына қосылды. 2002 жылы 8 тамызда «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заң қабылданды. Құжатта балаларды қоғамдағы толымды өмiрге даярлау мәселелері қарастырылған. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің жан-жақты сақталуын қамтамасыз ететін және оларды кемсітушілікке жол бермейтін, балалардың мүдделері үшін мемлекеттік саясатты іске асыру тетіктері белгіленген.
Әлеуметтік көмек көлемі артты
Кейінгі бірнеше жылда балалар құқын қорғау бағытында тың бастамалар көтерілді. Мәселен, 2016 жылы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Ал екі жыл бұрын еліміздің бүкіл өңірінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалды. Осылайша, құқы бұзылған балалардың мемлекеттік көмекке жүгіну тетігі жеңілдетілді.
Былтыр елімізде жаңа Әлеуметтік кодекс қабылданды. Аталған құжатта халықты мемлекеттік қолдау тәсілдері жетілдірілді. Атап айтқанда, Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Балаларды әлеуметтік қорғау шаралары күшейтілді. Мүгедектігі бар азаматтар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру қарастырылды.
Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы халыққа Жолдауында бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартуға тапсырма берген еді. Жаңа кодексте бұл ескерілді. Сөйтіп, 2023 жылы қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлем жасау мерзімі 1,5 жылға дейін созылды. Сондай-ақ бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшері де нақтыланды. Мәселен, үш балаға дейін 38 айлық есептік көрсеткіш есебінде бюджет есебінен бір реттік көмек беріледі. Ал төртінші не одан кейінгі баласын босанғандарға 63 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді. Сол секілді көпбалалы отбасыларға ай сайын жәрдемақы беріледі. Оның нақты сомасы да Әлеуметтік кодексте белгіленген. Бұдан бөлек «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне де қосымша төлем жасалады. Қысқасы, мемлекет өскелең ұрпақтың күтіміне қомақты қаржы бөліп отыр.
Ұлттық қордың игілігін жас ұрпақ көреді
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды ұсынған болатын. «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды», деген еді Қ.Тоқаев.
Президенттің тапсырмасына байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Соған сәйкес Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы арнайы жинақ шоттарына аударылады. Төлем жасау биыл қаңтардан басталды. Қазіргі таңда еліміздегі әрбір баланың шотында инвестициялық кірістен түскен қаражат теңдей етіп бөлініп берілген.
Цифрларды сөйлетейік. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында қаңтарда 6,9 миллион баланың жеке шотына 100,5 доллар түсті. Яғни бұл мақсатқа 695 миллион доллар жұмсалды. Енді жыл сайын осылайша инвестициялық кірістің жартысы арнайы шотқа аударылып отырылады. Қаржы министрлігі жүргізген есепке сүйенсек, биыл дүниеге келген бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін есепшотында 3,5 мың доллар жиналады. Бұл, әлбетте, қомақты сома.
Жаңа заңның ерекшелігі көп
Таяуда Президент Қ.Тоқаев әйелдердің құқы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңға қол қойды. Мемлекет басшысы талай мәрте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны қатайтуға тапсырма берген. Жаңа құжатқа сәйкес денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соққаны үшін баптар Қылмыстық кодекске енгізілді. Сондай-ақ жаза мерзімі қатайды. Бұдан бөлек, отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқын қорғау жөніндегі кеңес жанынан «111 – жедел қызмет» байланыс орталығы ашылды. Аталған жедел байланыс қызметі отбасындағы кикілжіңді реттеумен қатар балаларды қорғауға бағытталған.
Сонымен қатар 16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қатынасқа итермелегендерге жаза күшейтілді. Соған сәйкес түрлі байланыс желілері арқылы ұятсыз қысым жасау, денесіне қол тигізу секілді қылмыстық әрекеттерге 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл тағайындалады. Немесе 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады, не елу тәулікке түрмеге қамалады.
Заңдағы тағы бір жаңалық – кәмелетке толмағандарды жыныстық зорлық-зомбылық көрсетіп өлтіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Сол секілді, педофилдерге берілетін жаза қатаңдатылды. Бұдан бөлек, заңда балаларға жасалған ауыр қылмыстарға бітімгершілік жасау қарастырылмағанын айта кеткен жөн. Оған қоса, кәмелетке толмағандарды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг) алғаш рет әкімшілік жауапкершілік қатарына жатқызылды. Сондай-ақ білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. Заңда 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынған. Қысқасы, заңда балаларға жасалған зорлық-зомбылықтың жазалары ауырлатылды.
Жау жоқ деме, интернетте...
Дегенмен мемлекет бала құқын қамтамасыз ету бағытында атқарып жатқан ауқымды жұмыстарына қарамастан, өскелең ұрпақтың өмірі түбегейлі қауіпсіз болды деп айту қиын. Бұған ең әуелі интернет кеңістігі әсер етіп отыр. Оқу-ағарту министрлігі мен ЮНИСЕФ бірлесе жүргізілген Kazakhstan Kids Online зерттеуіне сүйенсек, балалардың 15 пайызы күнделікті, апта сайын немесе кем дегенде айына бір рет интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді.
Сондай-ақ мектептердегі буллинг мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. Мәселен, кибербуллингке ұшыраған балалардың жартысынан астамы ешкімге тіс жармайды екен. Сол секілді үлкен сыныптың балалары кішілерге әлімжеттік жасауы жиі болмаса да, ара-тұра кездесіп жатады. Мұнымен күресу үшін Оқу-ағарту министрлігі «ДосболLike» антибуллингтік бағдарламасын әзірледі. Бүгінге дейін жоба аясында 10 мыңнан астам шара өткізіліпті.
Сонымен қатар балабақшалар мен мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиешілердің балаларды ұру оқиғалары кездеседі. Мәселен, таяуда Жетісу облысы Жаркент қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші сәбиді ұрып жібергені камераға түсіп қалыпты. Осыдан кейін балабақша әдіскері, тәрбиеші мен көмекшісі жұмыстан шығарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Өкінішке қарай, мұндай оқиға ара-тұра кездесетіні жасырын емес. Сондықтан мұндай кемшілікке жол бермес үшін тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, балабақшаға тәрбиеші алар кезде психологиялық тестілеу секілді бағалау енгізілгені жөн.
Балалар құқығы саласындағы тағы бір өзекті мәселе – өз-өзіне қол жұмсау. Осыған байланысты Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқы мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Соның аясында буллингке қарсы бірыңғай бағдарлама енгізілді. Жеке қауіпсіздік сабақтары ұйымдастырылады. Балалар мен ата-аналар қарым-қатынастарын нығайту, мәдени тәрбие және балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін іске асыру көзделген. Сондай-ақ психологиялық қызметтердің жұмысын күшейту бойынша бірқатар шара қабылданды. Педагог-психологтердің біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді.
Қорыта айтқанда, Қазақстан бала құқын қорғау бағытында жүргізген жұмыстың нәтижесінде елімізде бес жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім 5 есе, жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім-жітім 3,5 есе азайды.
Әлихан ҚЫСТАУБАЙ,
журналист