Фото: gov.kz
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан дерекке жүгінсек, он күн ішінде полиция қызметкерлері тарапынан іздестіріліп жүрген 6 қылмыскер қолға түскен. Сондай-ақ тыйым салынған заттарды заңсыз сақтаған, өзімен бірге алып жүрген 16 адам құрықталса, 14 мигрант ұсталған. Жалпы саны 84 қылмыс ашылған.
«Он күнге созылған «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында заңды өкілсіз ойын-сауық орындарында және үйінен тыс жерде болған 955 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Сондай-ақ мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушілер де кездесті. Іс-шара аясында 10 азамат көлік жүргізу құқығынан айырылды», делінген облыстық полиция департаменті таратқан мәліметте.
Дерекке жүгінсек, «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы кезінде жалпы саны 10 313 әкімшілік құқық бұзушылық анықталыпты. Нақтырақ айтар болсақ, ұсақ бұзақылықтың 592 дерегі тіркелсе, тіркеусіз немесе құжатсыз жүрген 2 298 азамат жауапкершілікке тартылған.
«Іс-шара кезінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекетке барғаны үшін 289 азамат жауапқа тартылды. Сондай-ақ 1 220 көлік жүргізушісі белгіленген қозғалыс жылдамдығы шегінен асыра көлік жүргізгені үшін жазаланса, 3 349 тұрғын жаяу жүргінші жолағы жоқ жерде ереже бұзып өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы алғанда, өңір бойынша 286 автокөлік айыптұраққа қойылды», дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.
Жамбыл облысы