Ол 2010 жылдың қазан айында жәбірленушіден АҚШ-тан «Роллс-Ройс» маркалы автокөлікті әкеліп беремін деп 50 млн теңгеден астам ақшасын алып, кейін қашып кеткен. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеу жарияланады. Күдікті еліміздің құқық қорғау органдарынан 10 жылдан астам уақыт бойы жасырынып келді. Мұндай қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Күдіктіні экстрадициялау Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы 2009 жылы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы дайындаған қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім негізінде жүзеге асты.
Ел тұрғындарының құқықтық сауаты артты дегенімізбен, әлі де алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатқандар аз емес. Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, осы аптаның өзінде 18 облыс тұрғыны интернет-алаяқтардың құрығына түсіп, 20 млн теңгеден астам қаражатынан айырылған.
Интернет сайттары және әлеуметтік желілердегі жоқ тауарларды сату, әртүрлі қызметтерді ұсыну туралы хабарландырулар, банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкері болып хабарласып, ақшалай қаражатты немесе салымды «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынатын қоңыраулары алаяқтықтың ең көп таралған тәсілдері болып тұр.
Мәселен, бір тұрғынға ұялы байланыс операторымын деген белгісіз адам SIM-картаның мерзімін ұзарту керек деп қоңырау шалған. Алаяқ оған сілтеме жіберіп, сол арқылы оның атынан несие рәсімдеген.
Тағы бір жағдайда зейнеткерге белгісіз адам қоңырау шалып, өзін баласы ретінде таныстырған және банк картасының екі бетін суретке түсіріп жіберуді, телефон нөміріне келіп түскен құпия сөзді айтуды сұраған. Осылайша, арам ойын іске асырған әккі зейнеткердің атынан ақшалай несие рәсімделген.
Прокурорлар азаматтарды қырағы болуға, сатушының сенімділігіне көз жеткізбестен тауар үшін алдын ала төлем жібермеуге, қоңырау шалушыларға сенбеуге, өздерінің жеке мәліметтерін бейтаныс адамдарға бермеуге шақырады.