Сонымен, 7 маусымда Алматыда Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов және Мағжан Шамшадин татамиге шығады. Үшеуінің де олимпиадалық рейтингтегі есебі түгел. Үздіктер тізімінде олар мынадай орындарға жайғасты: Нұрқанат – 15, Елдос – 22 және Мағжан – 24. Осы дзюдошылар арасындағы ең атақтысы – Сметов. 31 жастағы Жамбыл облысының тумасы Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Әлем чемпионатында үш рет жеңіс тұғырына көтеріліп, бір алтын мен екі қоланы қанжығасына байлады. Сондай-ақ Елдос – Азия ойындарының жеңімпазы және құрлық чемпионы.
27 жастағы Мағжан – жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы. Ол Гранд-Слэм турнирлерінде 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальды иеленіп, Гран-при жарысында дара шықты. Сыр бойының саңлағы былтыр жарақат алуына байланысты алты айдан аса емделіп, таяуда қатарға қайта қосылды. Оралған бетте Душанбедегі додада күміс алса, Астанадағы сайыста жеңіліс тапты. Ал Атырау облысында дүниеге келген Нұрқанаттың жасы – 21-де. Кезінде ол жасөспірімдер арасында әлем және жастар арасында Азия чемпионы атанды. Былтыр ғана ересектер дуына қосылғанына қарамастан дарынды дзюдошы бірден тәуір нәтиже көрсете бастады. Серікбаевтың ең үздік көрсеткіші – 2023 жылы Ташкенттегі турнирде күміс және биыл Тбилисидегі тартыста алтын медальды олжалауы. Міне, осы үш спортшымыз бір-бірімен күресіп, солардың арасынан үздік шыққаны Париж Олимпиадасында өнер көрсетеді.
Осыдан тура 20 жыл бұрын дәл осындай жағдайдың куәсі болған едік. 2004 жылы Афинада өткен Олимпия ойындары қарсаңындағы дзюдошылардың іріктеу бәсекелері кезінде 66 кг салмақта Ерлан Сілямбаев, Мұратбек Қыпшақбаев және Арсен Хатип бір-бірімен айыздары қанғанша айқасты. Бұл тартыс Қыпшақбаевтың пайдасына шешілді. 73 кг салмақ дәрежесінде үміткер екеу еді. Олар – Асхат Шахаров пен Сағдат Садықов. Қазақтың қос саңлағының айқасы Садықовтың пайдасына шешілді. Сөйтіп, Мұратбек пен Сағдат ежелгі Эллада еліне аттанды. Міне, араға 20 жыл салып, дәл сондай оқиға қайталанып отыр.