фото: telegram/QR_Su_resurstari_ministrligi
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен су шаруашылығы экс-министрі Нариман Қыпшақбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін «Отан» орденімен марапатталды.
Нариман Қыпшақбаев 1934 жылы 27 мамырда Қостанай облысында дүниеге келген. 1981-1990 жылдары Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі қызметін атқарды. 1990-1995 жылдары - су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болды.
Тәуелсіздік жылдарында Су кодексінің жобасын әзірлеуге жетекшілік етті және Орталық Азия мемлекеттері, Ресей және Қытай арасындағы трансшекаралық өзендердің суын пайдалану жөніндегі халықаралық ұйым құруға үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, Халықаралық Аралды құтқару қорын құру жұмысында да маңызды рөл атқарды.
Қазіргі уақытта Нариман Қыпшақбаев Арал теңізі мен Сырдария өзені мәселелері бойынша өз ұсыныстарын белсенді бөліседі. Ұзақ мерзімді еңбек жолында оннан астам марапатқа ие болды, олардың арасында мемлекетке сіңірген үлкен үлесі үшін «Құрмет» ордені және II дәрежелі «Барыс» ордені бар.
«Нариман Қыпшақбайұлына Қазақстанның су шаруашылығын дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс айтқым келеді. Қайраткердің көп жылдық жұмысының жемісі әлі күнге дейін елімізге де, көрші мемлекеттерге де пайдасын тигізіп жатыр. Сондай-ақ отандық су саласының ардагерін 90 жылдық мерейтойымен де құттықтағым келеді. Нариман Қыпшақбайұлы Қазақстанның су қауіпсіздігі және Республиканың су нысандарын қорғау мәселелерінде әлі белсенді, барлық әріптестеріне үлгі көрсетіп отыр», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.