Қоғам • 06 Маусым, 2024

Әр алуан ақпарат және журналистік этика

168 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Журналистерге Этика кодексін ұстануды кеңінен насихаттауымыз қажет. Бұл туралы елордада «Журналистік этика. Фактчекинг пен манипуляциялар» атты дөңгелек үстелде сарапшы мамандар – медиа саласының басшылары мен журналистер, қоғам қайраткерлері мәлімдеді. Басқосуды өткізуге Қазақстан Медиа альянсы мен «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық ұйымдары ұйытқы болды.

Әр алуан ақпарат және журналистік этика

Сарапшылар сала мамандарының біліктілігін арттыру мәселесін, журна­листиканың сезімтал тұстарын, тренингтер ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады. Алғаш болып «БАҚ-тағы дезинформация мен манипуляцияға қарсы тұру стратегиялары» тақырыбында этикалық журналистика желісінің (Ethical Journalism Network) негізін қалаушы және президенті Айдан Уайт баяндама жасады.

– Бүгінде кез келген ақпараттың нақты әрі тұшымды болуы маңызды. Журналистиканың әр саласында қызмет ететін мамандар бұл жауапкершілікті анық түсінуі қажет. Дүние жүзінде журналистерге арналған барлығы 400-ге жуық кәсіби этикалық кодекс бар. Оның басым бөлігі түрлі дәстүрге негізделгенімен, құндылықтар жүйесі ортақ. Атап айтсақ, нақтылық, еркіндік, ақпараттың жан-жақтылығы, адамгершілік қағидаты және жауапкершілік. Осы қағидаларды ескере отырып қана сапалы дүние жасауға ұмтылу қажет, – деді шетелдік сарапшы.

Жиын барысында «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының директоры Қарлығаш Жаманқұлова журналистиканың миссиясы – азаматтардың дер кезінде объективті, толық және жан-жақты ақпараттармен қамтамасыз ету екенін атап өтіп, реттеуші не заң шығарушы органға сүйеніп қана отырмау қажеттігін алға тартты.

– Кәсіби этика стандарттары – кез келген жұмыста, әсіресе журналистикада сақталуы керек маңызды құрамдас бөлік. Халықтың мүддесі үшін толыққанды, объективті ақпарат беру – БАҚ-тың негізгі миссиясы. Тағы бір мәселе бар, ол – журналистикамен айналыспайтын жалған БАҚ-ты қаржыландыру, – деді спикер.

Бұдан соң сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов тақырыптың маңыздылығын атап өтіп, дәстүрлі журналистиканы нығайтатын іс-шаралардың жан-жақты жүргізіле беретінін айтты.

Қазір еліміздегі ақпараттық медиа ұйымдар жетіп артылады. Жиында Қазақстан Медиа альянсының атқарушы директоры Қанат Сахариянов бүгінгі медиа кеңістік түрлі фейк ақпараттардың кең етек алғанына тоқталды.

– Біз 2020 жылы Этика кодексін дайындаған едік. Ендігі ретте оны жетілдіру қажеттігі туындап отыр. Бүгінде жасанды интеллектіні пайдалану этика стандартына сай жүргізілуі керек. Жалпы, медиа этика мәселесі билік деңгейінде көтеріле бермейді. Көбіне медиа қауымдастықтың ішінде ғана талқыланып жатады. Мақсатымыз – осы тақырыпты ортаға салып, Этика кодексін ұстануды насихаттау. Қазір ақиқатқа жанаспайтын ақпараттарды тарату, сенсация қуалау салдарынан этика нормалары сақталмауда. Бұл мәселеге бейжай қарамаған жөн. Себебі журналистер – қоғам айнасы, халық арасында ой қозғаушы өкілдер. Сондықтан журналистерге нақты ақпарат билік тарапынан берілуге тиіс, – деді Қанат Сахариянов.

Сондай-ақ жиында Парламент Сенатының депутаты, комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп журналистердің кәсіби жауапкершілігіне, билік пен қоғам арасындағы білікті ұстаным сабақтарына тоқталды. 

Спикердің сөзін жалғаған журналист Динара Сәтжан цифрлы технология үстем­дік құрған дәуірде журналистика сала­сын­дағы жас мамандардың кез келген машық­ты жедел меңгеруі маңызды екенін айтты.

– Бізді университетте кез келген деректі толық зерттеп алуға, жан-жақты тексеруге, содан кейін ғана тұшымды әрі нақты ақпарат таратуға үйретті. Бүгінде жаһандағы технологиялық серпіліс журналистика саласына өз ықпалын тигізді. Осы тұста журналистика факультетінің студенттерін заманға сай, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу мәселесі ешқашан өзектілігін жоймайды. Өйткені тенденцияға қарай, маманға қойылатын талап пен тәртіп те өзгереді. Сондықтан болашақ журналистерді тек жалдамалы жұмыста қызмет ететіндей ғана емес, ешкімге арқа сүйемей өз медиа жобаларын дамытуға, жүргізуге баулу қажет. Журналистердің тізімін жасақтап, жастарға шеберлік сыныптарын өткізу маңызды. Себебі қоғам­ға инфографиканы жасауға, жасанды интел­лектінің мүмкіндіктерін пайдалануға, GPT-ді орынды қолдана алатын заманауи, сауатты журналистер керек, – деді ол.

Басқосуда «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы әлеуметтік желідегі ақпараттың нақтылығы, сипаты алаңдатып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ болашақ журналистерді даярлауда жаңа медиа машықтарынан бөлек, ұлы тұлғаларымыз салған сара жолды ұстанып, ұлтқа қызмет етуіне баса назар салуымыз қажет екенін ескертті.

– Бүгінде БАҚ-тың ақпарат таратуда тың форма, жаңа мүмкіндіктері бар. Алайда деректің сапасы мен мазмұнында, кез келген жобаны жүзеге асырарда ұлтқа қызмет етуді негізге алуы керек. Әрине, журналистика саласында біраз өзекті мәселе бар. Бірақ тіл мәселесіне ерекше тоқ­талғым келеді. Өйткені сауатты ақпарат, сауатты тіл – төл мәдениетіміздің қозғау­шысы, арқауы, – деді Дихан Қамзабекұлы.

«Qazaqstan» телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім шынайылық, біліктілік, жауапкершілік стандарттарын қабылдауды қозғады.

«Хабар» агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев пен қоғам қайраткері Тәңірберген Бердіоңғаров та ақпарат саласын жетілдіру мен сын-қатерлерге төтеп беруге қатысты ой-ұсыныстарын жеткізді.

Бұдан бөлек, дөңгелек үстелде журналистер мен медиа саласының басқа да мамандарының фактчекинг, медиаэтика, даулы тақырыптарға арналған  кәсіби тренингтер өткізу және үнемі біліктілікті арттыру маңызы кеңінен талқыланды.

V