Жылдағыдай жұртшылық таң атысымен еліміздің рәміздері орналасқан Қазақстан тауына көтеріліп, Әнұранымызды шырқады. Қаланың ең биік нүктесінде көк туды желбіретіп суретке түсті.
– Еліміздің өркендеп дамуы, көк туымыздың мәңгі желбіреп тұруы үшін біздей болашақ мамандар ел ертеңіне сергек қараса екен деймін. Оқуымызды тәмамдаған соң Отан деп еңбек етуге тиіспіз, – дейді автоматтандыру мамандығы бойынша білім алып жатқан студент Темірлан Айтқазин.
Әнұран шырқау сынды іс-шара облыстың әр ауданында ұйымдастырылды. Ал қызыққа толы «Quest-simvol» ойыны Өскеменде ғана өтті. Ұйымдастырушы қала жастары мен «Естілер» ұйымы. Бұрын-соңды болмаған танымдық ойынға қала жастары қызығушылықпен қатысты. Командалар әлеуметтік желі арқылы күні бұрын тіркеліп, қатысуға ниет білдірді. Ойынның ережесі де көпшілікті елең еткізді. Қысқаша айтсақ, 3-5 адамнан құрылған 9 команда қаланың әр нүктесінде сары жейде киген агенттерді тауып, жасырған сұрақтарына жауап беруге тиіс. Оларға жетуі үшін транспорттың кез келген түрін пайдаланды. Бірінші жетіп, жасырған сұрағына жауап берген команда келесі агентті іздеуге кіріскен.
– Командалардың ішінде Астанадан келген қонақтар да болды. Ойын Рәміздер күніне орайластырылғандықтан, сұрақтарымыз да қала ішіндегі белгілі жерлерге қатысты болды. Дөп тауып, шапшаңдық танытқандары межелі жерге жиналды. Шаршап-шалдығып жеткен оларды тәтті-дәмдімен күтіп алдық. Ал жеңімпаз команда кешкі концертте марапатталды, – деді іс-шараны ұйымдастырушы Аян Қалымбек. Қатысқан тоғыз команда қаланың белгіленген әр нүктесіне қарай асыққан. Қойылған сұрақтар да сан түрлі.
– Ең алдымен ұйымдастырушы жастарға алғыс айтамын. Ойын өте қызықты болды. Командамызбен қаланың әр нүктесін аралап жүріп, агенттер ұсынған сұраққа жауап бердік. Осымен тоқтап қалмай, тағы да жалғасын тапса екен, – дейді ойынға белсене қатысқан Аруназ Ермек.
Рәміздер мерекесі кешкілік концертке ұласты. Қорытынды іс-шарада «Quest-simvol» ойынының жеңімпаздары марапатталды. Ән әуелеп, күй күмбірлеген көңілді кеш биылғы мейрамның нүктесін қойды.
Шығыс Қазақстан облысы