Өңірдегі білім нысандарындағы тыныс-тіршілікті безбендейтін баспасөз туры аясында ұлттық дәстүрге негізделген қыруар жұмыстың қалай қарқынды жүргізіліп жатқандығын көріп, түйсінудің мүмкіндігі туды. Щучинск қаласындағы №7 қазақ мектеп-лицейі тәп-тәуір екен. Мектеп іші балалардың санасына салмақты ой сіңіретін құндылықтармен безендірілген. 2021 жылдан бастап оқу орны «Білім-инновация» лицейлерімен меморандум жасап, әр ай сайын тәрбие жұмыстарын жетілдіру мақсатында жанға жағымды жаңалықтарын еселей түседі. Мысалы, қыркүйек айында жауапкершілік айлығы өтіпті. Осы айлықтың аясында тақырып кеңінен ашылып, оқушылардың ой-танымына оралымды тәрбие шуағы себезгілеген. Ал «Оқу мектебі» жобасы жас ұрпақты көркем әдебиетпен достастыру бағытында талпыныс жасап жатыр. Мектеп оқушылары ұлттық әдебиеттің мәйегімен сусындап, жан дүниелерін әдемі де мазмұнды әлемнің шырайлы шұғыласымен көркейте түседі. Білім ошағындағы кәдімгі киіз үй бейнесіндегі ұлттық музей де көзтартарлық жәдігерлерге тұнып тұр. Жай ғана жәдігер емес, есте жоқ ескі кезеңнің талай сәтінің куәгері іспетті. Наурыз айында «Құрмет айлығы» ұйымдастырылыпты. Бір ай бойы оқушылар ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды саралай салмақтап, бай мазмұнын бағамдап, таным көкжиегін кеңейткен. Халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мол қазына жас толқынның ой түзеуіне, бой түзеуіне септігін тигізіп жатса, ғанибет емес пе?
Мектепте аналар мен әкелер клубтары да белсенді жұмыс істейді. Әсіресе екінші клуб жұмысы айтарлықтай қызығушылық туғызып отыр. Бұрын жұмысбасты әкелер перзенттерінің оқу үлгерімін аналарына тапсырып қойса, енді осы іс басталғалы көңіл бөле бастаған. Айтпақшы, Бурабай ауданында әкелер клубы екі оқу орнында ғана бар екен. Соның ішінде №7 мектептегі «Асқар тау» әкелер клубының жұмысын айта кетуге болады. 860 оқушы оқитын №7 мектепте сыныптан тыс жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Мұнда қырыққа жуық үйірме, бірлестік жұмыс істейді. Осының барлығы мектеп оқушыларының қызығушылығын туғызып, білімді еселей түсуге ықпал етеді.
Ауылдағы мектептің ахуалы туралы кейде өкпе де айтылатыны белгілі. Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырмашылықты жою өзекті екендігі баршаға белгілі. Бурабай баурайындағы білім ошақтарында жақсы жабдықталған оқу кабинеттері, замауи зертханалар, арт-студия, телестудия, еңбек сабақтарына арналған шеберханалар бар екен. Осындай мақтаулы мектептің бірі – Бұланды ауданына қарасты Макинск қаласындағы Балуан Шолақ атындағы қазақ мектеп лицейі. Білім ошағы 350 орындық болғанымен қазір мұнда екі ауысыммен 597 оқушы білім алады. Өткен оқу жылында «Қазақстан халқына» қоры бөлген 250 миллион теңге қаражатқа жөндеу жұмыстары жүргізілген. STEM-зертхана, телестудия, артстудия, кітапхана, сахна киімдері, жарық, дыбыс жабдықтарымен қамтылып, мерейлері өсіп қалыпты.
«Осындай жұмыс оң нәтижесін бере бастады, – дейді мектеп-лицейдің директоры Азамат Қуанышев. – Расул Заңдыбай мен Рауан Шайзан есімді екі оқушымыз роботтехникадан республикалық байқауда үшінші орынға ие болды. Түркияда өткен халықаралық байқауда үздік нәтиже көрсетіп, Италияда ұйымдастырылатын халықаралық чемпионатқа жолдама алды».
Көркем еңбек сабағында оқушы қыздар тігін машиналарында іс тігіп үйренеді. Пән мұғалімі Ләззат Уақапованың айтуынша, оқушылардың талабы тәп-тәуір. Ұлдарды токарьлық мамандыққа баулиды. Қазірдің өзінде шағын станоктарда жұмыс істей алады.
Сонау 1955 жылы іргетасы қаланған Макинск лицейі алдағы жылы 70 жылдығын тойламақ. Ежелгі мектептің тозуы да түсінікті. Күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Әйтсе де, ішкі мазмұн, берік білім дәстүрі қалыпты деңгейде. Ақкөл қаласындағы Жайық Бектұров атындағы №3 жалпы білім беретін қазақ мектебі – осы төңіректегі ауылдық мектептер үшін тірек мектеп. Өткен оқу жылында «Қазақстан халқына» қоры бөлген 250 миллион теңгеге материалдық-техникалық базасын жақсартып алыпты. №3 жалпы білім беретін мектепте әкелер мен аналар клубы нәтижелі жұмыс істейді. Ұрпақ тағдырына алаңдаған ата-аналар «Киелі шаңырақ» деп аталатын аналар мектебіне жиі соғып, өз ойларымен бөліседі. Бар ынта бала тәрибесіне арналған. Жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан оқушы қыздарға өздері білетін өмірлік мәні зор кәсіпті үйретуден жалығатын емес. Көңілдері қалап атқаратын шаруа – тігін тігу. Бұрынғыдай емес, 12 жаңа электр тігін машинасында жұмыс істеу – жан рақаты. Ақкөл мектептерінде білім алатын 12 ауылдың балалары интернатта оқып жүр. Оқушы балаларға барлық жағдай жасалған. Алдағы оқу жылында оқушылар саны көбейе түсуі әбден мүмкін. Ауыл балалары аудан орталығындағы бар мүмкіндікті пайдаланып жатыр.
Білмекке құштар балалар қамқорлық құшағына да, мемлекеттің жан жадыратар жанашыр мерейінің арқасында бақытқа бөленіп, өсіп келеді. Ел ертеңінің қамы бүгін жан-жақты ойластырылып, бар бала балапандай бапталып жатса, тамаша емес пе?
Ақмола облысы