Екі қолын қусырып сонау көкжиекке көз тіккен қалпы бүкірейіп отырған жұмбақ мүсін Қостанай қаласының іргесіндегі қазіргі Амангелді елді мекенінің маңынан табылған. Мүсін ақшыл сары түсті ірі түйіршікті құмтастан қашалған.
Мүсіннің биіктігі – 19-ақ сантиметр. Ғалымдардың болжамынша, қолөнер туындысы энеолит дәуірінде жасалған. Бұл – шамамен біздің заманымызға дейінгі үшінші мыңжылдықтың соңы, екінші мыңжылдықтың бас кезі.
«Бетіне бір сызат түспеген. Жағы жайлап кеуденің жоғары тұсына ұласады. Тек иегі ғана алға шығып тұр. Аузы ойық сызықпен көрсетілген. Денесінің алдыңғы бөлігі өңделмеген, ешқандай ойығы жоқ. Жұмыр келген арқасы ептеп өңделген. Қазір бұл антропоморфты мүсін Тобыл ойшылы деп аталып жүр. Қалай болғанда да, Тобыл өзенінің жағасынан табылған тас жәдігерге тіл бітсе, көне өркениеттің талай жұмбағын сыр ғып ақтаратыны анық», дейді музей мамандары.
Қостанай облысы