Спорт • 06 Маусым, 2024

Жарыс күнделігі

43 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

14 қыркүйек пен 6 қа­зан аралығында футзалдан Өзбек­станда өтетін әлем чем­пионатының кестесі жария­ланды. D тобында өнер көрсе­те­тін Қазақстан құ­ра­масы тұсау­кесер кез­десуін 15 қыр­күйекте Анди­жанда Ис­панияға қарсы өткізеді. Араға екі тәулік салып Ливиямен күш сынасамыз. 21 қыркүйекте Ташкентте Жаңа Зеландиямен шеберлік бай­қасамыз. Әр топ­тың үздік екі командасы және үшінші орын алғандар арасында ең көп ұпай жиған төрт ұжым плей-оффқа жолдама алады.

Жарыс күнделігі
  • Ресей суперкубогінде «Бал­­тиканың» қақпасына жеңіс добын соққан Нұрәлі Әліпті жанкүйерлер осы матчтың ең үздік ойыншысы деп таныды.
  • «Еуро-2025» додасының іріктеу сайысында С тобындағы елі­міздің әйелдер құрамасы Арменияны 4:1 есебімен ойсырата ұтты. Бұл голдардың авторлары – Александра Бурова, Аида Гайстенова, Бибігүл Нұ­рышева және Әселхан Тұр­лыбекова. Қо­нақтар сапынан тек Марал Артин гол соқты. Осы­лайша, төрт кездесуден кейін жерлестеріміз алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ал Тирас­польде өткен жолдас­тық кездесуде еліміздің жасөс­пі­рімдер құрамасы (U-19) Әзер­­байжанға 0:2 есебімен есе жіберді.
  • Бұл күндері Францияда «Критериум Дофине» көп­күндігі өтуде. Өкінішке қарай, «Ас­тананың» велошабандоздары әзірге үздіктер қатарына ене алар емес. Үшінші кезеңнен кейін Қазақстанның командасы сапындағы колумбиялық легионер Харольд Техада 23-орынды қанағат тұтуда. Сондай-ақ кеше Нидерландта «ZLM Tour» додасы басталды. Бұл жарыста «Астананың» намысын Макс Кантер, Рюдигер Зе­лиг (Германия), Глеб Сырица (Ресей), Даниил Марухин (Қазақстан), Макс Уокер (Ұлы­британия) және Давиде То­неатти (Италия) қорғауда.
  • «Opta» статистикалық пор­талы санаулы күндерден кейін Германияда шымылдығы түрілетін футболдан Еуропа чемпионатының фавориттерін атады. Суперкомпьютердің есебі бойынша бас жүлдеден басты үміткер – Англия құ­рамасы. Олар 19,9 пайыздық ба­сымдыққа ие. Екінші және үшінші орындарда – Франция (19,1 %) мен Германия (12,4 %). Ал Грузия (0,1 %), Сербия (1,0 %) және Украина (1,0 %) аутсайдарлер санатында.
  • 9 маусымда Алматыда ара­лас жекпе-жектен «Номад» тур­нирі өтеді. Осы кештің бас­ты бә­секесінде аталған про­­моушенде әлі бірде-бір рет жеңілмеген Айдос Жап­па­бергенов пен Жұман Жұ­ма­беков чемпиондық белбеу үшін таласады.