25 Сәуір, 2015

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»

598 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
IMG_5698 (Копировать)Астанада «ашық есік» күнін өткізді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Астанада «ашық есік» күнін өткізді. Мерекелік шараға банк тұтынушылары мен салымшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының және банктің бірқатар серіктес компанияларының өкілдері қатысты. Банкке келушілерді бұл күні қызметкерлер флеш-моб қойы­лыммен қарсы алды. Олар банк қызметі туралы өлең жолдарымен үйлестірілген музыкамен билеп таңғалдырса, енді бірі қазақы рухтағы патриоттық әнді нақышына келтіре орындап тамсандырды. Әрине, мерекелік көңіл күй сыйлаған думанды шараның қызуымен жүріп, банк кеңесшілері келушілерге қызмет көрсетуді де ұмыт қалдырған жоқ. Мәселен, тиімді несиемен баспаналы болғысы келгендерге, мемлекеттік бағдарламамен үй алуға талаптанғандарға, пәтер алуды алдағы уақытқа жоспарлап ақша жинағандарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қызметі таптырмас мүмкіндік екенін келушілерге түсіндірді. Сондай-ақ, банк басшылары шараға шақырылған журналистермен сұхбаттасып, банктің артықшылықтары және болашаққа жоспарларымен бөлісті. «Ашық есік күні» банк қызметі мен тұтынушы арасындағы байланысты кеңейте түсу үшін жаса­лып отырған маңызды қадам­дардың бірі. Жалпы, Банк тарапы­нан күнделікті, дәстүрлі шаралар атқарылып жатады. Мысалы, оның қатарында тұтынушыларға күнделікті сарынмен қызмет көрсету бар. Яғни, кеңседе қабыл­дау, интернеттегі сайтымыз немесе e-gov-порталы арқылы халықты тарту, сауда орталықтарында орналасқан терминалдар арқылы қызметімізді қолжетімді ету тағы басқаларды айтсақ болады. Ал бүгінгідей арнайы «ашық есік күндерін» өткізу біз үшін де, банк қызметін тұтынушылар үшін де айрықша маңызы бар мерекелік, танымдық-түсіндірмелік шара деп білеміз. Бұл күні банктің барлық жүргізіліп жатқан іс-шаралары халыққа кеңінен түсіндіріліп, ақпарат кеңінен тарайды, тіпті, банк қызметін тұтынушылардың кез келген сұрақтарына басшы­лықтардан да жауап алуға мүм­кіндік бар. Бізбен пікірлесіп, банк қызметімен танысқысы келгендерге бұл күні есігіміз айқара ашық», деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарушы директоры Ерұлан Жамаубаев. Сондай-ақ, ол қазіргі күні банк қызметін тұтынушылар саны 500 мыңға жуықтағанын атап өтті. Әсіресе, биылғы жылдың басынан бері санағанда, банк қызметін тұтынушылар саны үш есеге артқан. «Бұған бірнеше себептер әсер етіп отыр деп ойлаймыз. Біріншіден, біздің жалпы кешенді түрде жасап жатқан іс-шараларымыздың бірі халыққа тарифтерді төмендету, 2013 жылдан бері тарифтеріміз 30 пайызға дейін ауыртпалығын азайтты. Оған қоса, 300 нөмірлі анықтама орталығын аштық. Кез келген адам хабарласып біздің банк туралы бүкіл ақпаратты білуіне мүмкіндігі бар. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ өз қызметі мен оның сапасын ұдайы жетілдіріп отырады. Айта кететін жайт, мемлекет Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының депозиттеріне сыйлықақы төлеп, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйе­сіне қаржылық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, сайтымыз да қазір жаңартылды. Ол жерде кез келген адам жеке кабинет ашып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салымшы бола алады. Мемлекеттік бағдарламаларға тікелей онлайн түрде тапсырыс беріп, сол жерде тіркеу нөміріне ие болады. Бұған қоса, бізде 750-ге жуық консултант-кеңесші жұмыс істейді. Олардың көбі банктің тікелей қызметкерлері емес, біз­бен келісімшарт жасасқандар. Олардың бәрінің анықтамалық телефондары барлық филиалдарда ілулі тұр, кез келгенімен байланысып, кеңес алуға болады», деді Е.Жамаубаев. Былайғы күні де адам қарасы үзіле қоймайтын банкте бұл күні келушілер қатары тіпті, көп болды. Әсіресе, банк қызметіне көңілі толған тұтынушылар мен салымшылар ашық есік күні болатынынан алдын ала құлағдар болса керек, ешбір шаруасы болмаса да арнайы атбасын бұрып, банк қызметкерлеріне алғысын айтып, ізгі ниеттерін білдіріп жатты. Олардың қатарында танымал тележүргізуші Динара Сәтжан да бар. «Бүгінгі шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Банктің тиімді қызметтері мен жеңілдіктері туралы көп естідім. Қазір өзім де осы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысымын. Әрбір адам жайлы баспанаға қалтасына тиімді, ыңғайлы бағада қол жеткізуді армандайды, осындай армандардың орындалуына қол ұшын беріп, халықтың баспанаға деген қажеттілігін ұтымды жолмен қамтамасыз етіп отырған банкке рахмет айтамыз. Банкке аз мөлшердегі алдын ала төлем қаражатын салып, пәтер алуға жететін арзан несие алуға болады. Мен осыны пайдаланып, алдағы уақытта банк серіктестерінің бірі «BI Group» компаниясының үйлерінен пәтер аламын», деді Д.Сәтжан. Банк ұжымы да өз кезегінде тұтынушыларына құрмет көр­сетуден кенде болған жоқ. Астана қаласындағы орталық филиалдың директоры Айжан Тұрақбайқызы банктің тұрақты клиенттері мен сенімді серіктестерін «Алғыс хатпен» марапаттап, сыйлықтар табыс етті. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Қазақстандағы бас­пана алуға арналған ең жүйелі, қолжетімді жүйе. Бүгінгі күні бізге сенім білдіріп, баспана алуға ниет танытқан клиенттеріміздің қатары көп. Бүгінгі шарада бізбен әрдайым бірлесе жұмыс атқарып келе жатқан серіктестеріміз бен клиенттерімізді көргенімізге қуаныштымыз», деді құттықтау сөзінде А.Тұрақбаева. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» – еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Негізінен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне тарту және оларға тұрғын үй заемдарын беру арқы­лы халықтың тұрғын үй жағ­дайын жақсартуға бағытталған. Мәліметтерге сүйенсек, жүйе жұмыс істей бастағаннан бері 2015 жылдың 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк жалпы сомасы 1 544,0 млрд. теңге болатын 710 799 ТҚЖ шартын жасаған, салымшылар жинағы 268,0 млрд. теңгені құрап, 345,0 млрд. теңге сомасында 83 186 заем берілген. Айтпақшы, шара барысында мәлім болғандай, бүгінгі күні банктің Астана қалалық филиалының орталық кеңсесінде әр жетінші келісімшарт, әр бесінші займ жасалады екен. Ал мұндай ашық есік күндерінен соң салымшылар қатары одан әрі артарына сенім мол. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».