Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс – елдік пен ерліктің, батылдық пен қаһармандықтың және халқымыздың бірлігі мен қайсар рухының мерекесі. Бұл мереке – Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған, теңдессіз ерліктер жасаған жауынгерлер мен офицерлердің айбыны мен тылдағы Жеңісті жақындатқан ерен еңбектің мәңгі өшпейтін белгісі болып қала бермек!
Біздің аталарымыз бен апаларымыздың және аға буынның батырлықтары мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі және бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Сондықтан да, Ұлы Жеңіс мерекесі – сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке және жас ұрпақ үшін өшпес өнеге!
Бұл Жеңісті бірінші болып соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Солардың қатарында, осы мақалаға арқау болып отырған – қазір жасы тоқсаннан асқан, соғыс және еңбек ардагері, заң саласында 37 жыл, соның ішінде сот жүйесінде 32 жыл мүлтіксіз қызмет атқарған, Қазақстанның құрметті судьясы Айтжан Бекназаров та бар.
Ардагер ағамыз Айтжан Тассейітұлы 1922 жылы 28 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би (бұрынғы Леңгер) ауданы Шутөбе ауылында дүниеге келген. 1934-1937 жылдары Алматы қаласында Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған атасы Елтай Ерназаровтың тәрбиесінде болған. 1940 жылы Төле би ауданындағы Көксәйек орта мектебінің 9 сыныбын бітіргеннен кейін, сол жылы Шымкентте ашылған бір жылдық мұғалімдер курсын тәмамдап, Төле би ауданы 1-Май ауылындағы орта мектепте тарих-география пәнінің мұғалімі болған.
1941 жылы Отан соғысы басталған соң желтоқсан айында әскерге шақырылып, Тараз қаласында жасақталған 105-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясында штаб байланысшысы болған. 1942 жылы тамыз айында атты әскер таратылып артиллерия полктері жасақталуына байланысты, 152-гаубица артиллериялық полкінің бесінші батареясының аға барлаушысы болып тағайындалған. Иваново облысындағы, Гороховецкий лагерінде екі ай жедел жаттығудан кейін, 1942 жылы қазан айында Сталинград майданына жөнелтілген.
Ардагер аға құрамында болған полк 1942 жылы 19 қарашада Сталинградтағы фашистік Германия әскерін қоршауға алу мақсатындағы соғыс қимылдарына қатысқан. Осыдан соң бұл полк үшінші Украина майданында жаудан елді азат етуге қатысқан. 1943 жылы соғыстың қызған тұсында, бір сүйем жер үшін жан алып, жан берісіп жатқан кезде, Днепр өзенінен өтіп, оның арғы жағындағы «плацдарм» алу шайқасында көрсеткен ерлігі үшін, ол «За отвагу» медалімен марапатталған. 1945 жылы наурыз айында «За боевые заслуги» медалімен, кейінірек II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Айтекең 1945 жылы 8 мамырда Австрияның Грац қаласында соғысты жеңіспен аяқтап, 1945 жылы желтоқсанда елге оралады. Туған жері Төле би ауданына келген соң колхозшы болып жұмыс істейді.
А.Бекназаров 1947 жылы қыркүйекте Алматыдағы 2 жылдық заң мектебіне түсіп, оны 1948 жылы желтоқсан айында мерзімінен бұрын бітіреді. Қартайған әке-шешесінің жалғыз баласы болғандықтан, Көкшетау облыстық сотына мүшелікке барудан өз еркімен бас тартып, Шымкентте адвокат қызметін атқарады. Содан кейін 1951 жылы 14 қаңтарда бұрынғы Ильич қазіргі Мақтаарал аудандық сотына судья болып сайланады. Айтекең өзінің ақыл-парасатының, біліктілігі мен алғырлығының арқасында жай судьядан аудандық соттың төрағасына дейін өскен және осы ауданда төрағалық қызметті 1964 жылдан 1982 жылдың маусым айына дейін абыроймен атқарып, құрметті демалысқа шыққан.
Айтжан Тассейітұлы ауданда әділ судья болып, абыроймен елге қызмет етіп, кері кеткенді бері тартып, қоғамдық жұмыстарға да араласып, елдің бірлігі мен ынтымағын сақтауға көп үлесін қосқанын Мырзашөл халқы жақсы біледі және мақтан тұтады. Осы ерен еңбегін ескеріп, Айтжан Бекназаровқа Мақтаарал ауданының құрметті азаматы атағы берілген. Бұл дегеніңіз, 300 мыңнан астам халқы бар үлкен бір ауданның Айтжан Тассейітұлына және сотқа деген құрметі деуге болады.
Қорыта айтсам, Айтекең 37 жыл заң саласында қызмет істеп, соның 32 жылын Мақтаарал аудандық сотында өткерген.
Айтжан ағамыз зейнеткерлікке шыққаннан кейін шығармашылық жұмыстармен айналысып, «Сұрапыл жылдар», «Ақиқат және әдеп», «Елтай елінің бір ұлы еді» және «Тарихтағы ұлы тұлғалар» атты кітаптарын жазып шығарды. А.Бекназаровтың «Сұрапыл жылдар» кітабында келтірілген деректерден қазақ халқының сол жойқын соғыс жылдары бір-біріне қайырымды, тілеулес болғандығын оқығанда жүрегің елжірейді.
Айтжан Тассейітұлының сот саласына сіңірген ерен еңбектері ескеріліп, Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерекесіне орай «Үш би» төсбелгісімен марапатталған болатын. Айтекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін де сот жүйесінен қол үзбей, судьялармен қарым-қатынаста болып, қоғамдық ұйымдардың жұмысына белсене араласып, облыстағы түрлі жиындар мен іс-шараларға қатысып, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ өмірінің тарихы мен халқымыздың біртуар тұлғалары жөнінде және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы елдің тыныс-тіршілігі туралы өзінің ой-пікірлерін білдіріп жүреді.
Қазіргі кезде зейнеткерлік демалыста жүргеніне қарамастан, сот саласымен тығыз жұмыс жасап, жас судьялармен кездесулер өткізіп, оларға ақыл-кеңесін айтып отырады. Сонымен бірге, сот саласының мәртебесін көтеруге атсалысып, басылым беттерінде мақалалар жариялап тұрады.
Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу. Осы орайда, біз, Ұлы Отан соғысының ардагері Айтжан Тассейітұлын және тыл ардагерлері Августа Евстафьева, Жамал Шойбекова, Нина Кириченко, Жидегүл Ниязалиева тағы басқаларды облыстық және аудандық соттардың тарапынан өткізілетін түрлі мерекелік іс-шаралар мен кездесулерге, өзге де жиындарға шақырып, сый-құрмет көрсетіп тұрамыз.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның құрметті судьясы А.Бекназаровтың өскелең ұрпақтармен кездесулері алдағы уақытта да жалғаса бермек. Облыстық соттың мұражайында ардагерге арналған стенд бар. Ол жерге автордың 4 кітабы мен тағы басқа да құжаттары қойылған.
Нұрсерік ШӘРІПОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы.