Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Серіктестік ауыл шаруашылығы үшін өте қажетті химиялық дәрі-дәрмек өндірумен айналысады. Уақыт сынағынан өткен өнім диқандар тарапынан біршама жоғары бағаға ие болғаннан кейін өз өнімін өткізу географиясы да кеңейе түскен. Нақтырақ айтқанда, кең-байтақ еліміздің кез келген түкпіріндегі ауыл шаруашылығы құрылымдары осы зауыттың сапалы өнімдерін кәдеге жаратып жүр. 15 жыл бойы үздіксіз өнім өндіріп, артықшылығының арқасында импортпен бәсекеде жеңіске жетіп келеді.
Дамудың даңғыл жолы туралы айта кету де артық болмас. Өтпелі кезеңде экономикалық байланыстар үзіліп, жер құнары азайып, алқаптарды арамшөп басып кеткенде, ауыл шаруашылығы саласы тығырыққа тірелген. Шетелдік дәрі-дәрмектің құны тым қымбат, оның үстіне қасқалдақтың қанындай қат. Ел дастарқанының берекесін кетірмес үшін ауыл шаруашылығын осы бір қысталаң сәттегі қиындықтан алып шығу керек болды. «Астана нан» ЖШС дәл осы кезде ауадай қажеттілікті тамыршыдай тап басып, жаңа дүниені қолға алды.
Ырыздықты еселеуге септігін тигізетін ұмтылыс түптеп келгенде ауыл шаруашылығына ғана емес, кәсіпорында жұмыс істейтін адамдар үшін де айта қаларлықтай жақсылық болды. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылғанда жаңа жұмыс орындары ашылды. Химиялық дәрі-дәрмектің құны арзандады. Бұл тарапта мемлекеттің нақты қолдау-көмегі дем бергендігін де атап айтқан ләзім.
Жаңа кәсіпорын еліміздегі импорт алмасу бағытындағы алғашқы қарлығаштардың бірі еді. Шынтуайтында, сонау 2001–2002 жылдары серіктестік өндіретін химиялық дәрі-дәрмектің сапасына күмәнмен қарайтындар да табылатын. Тәжірибеден өткізу керек еді. Секемшіл көңілді сендіру үшін. Міне, осы сәтте Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» ЖШС-дан жалға алынған цехта қажетті құрылғыларды орнатып, «Премис-25» тұқым өңдейтін алғашқы өнімін шығарды. Астықты алқаптағы арамшөптің тамырын құрту үшін қажетті «Барс супер» гербициді де өндірілетін болды.
Алғашқы өнімнің молдығы химиялық дәрі-дәрмектің сапасын қолмен қойғандай көрсетіп берді. Осы сәттен бастап кәсіпорынның өрлеу жолы басталды. 2003 жылы «Гербицид», «Прогресс сельхозхим» ЖШС-мен іскерлік қарым-қатынас орнатып, Степногор қаласындағы «Прогресс» кәсіпорнының өндірістік алаңында ірге тепкен серіктестік бұл тараптағы бар шаруасының ауыл шаруашылығы үшін айтарлықтай тиімді екеніне біржола көздерін жеткізіп, жаңа биіктерді бағындыруға бет алды. Арада аз ғана уақыт өткен соң, гербицидтің бірнеше түрін өндіре бастады. Ол үшін әлемдегі ғылыми жетістіктерді, озық үлгілерді мұқият зерттеп, зерделеу қажет еді. Сол үшін кәсіпорын биология және химия өнеркәсібінің мамандарын жұмысқа тартты. Уақыт өте келе тәжірибе толысып, ең үздік нәтижелерге қолжеткізу мүмкіндігі артты. Өндірістік желілер көбейтіліп, өнім түрлендіріліп, сапасына айрықша көңіл бөліне бастады. Отандық өндірістің айы оңынан туғаннан кейін «Астана нан» серіктестігі өз өнімдерінің жиырмадан астам түрін өздерінің сауда маркасымен шығаратын болды. Алғашқыда өндіріс егістік алқаптағы арамшөпті жоятын дәрі-дәрмек шығарса, бүгінгі күні әртүрлі зиянкестен, аурудан қорғайтын өнімді де өндіреді.
Бір айта кетерлігі, кәсіпорын өнімі кең-байтақ еліміздің барлық өңіріне жарамды. Әр өңірде ауа райы, су сапасы, өсіретін дақыл түрі әр алуан екені белгілі. Әйтсе де, сапалы өнім қай жерде болмасын қолдануға жарамды. Кәсіпорын қазір тұтынушылардың талап-тілегіне орай сервистік қызмет көрсете алады. Гербицид, инсектицид, пестицид алқапқа себілер алдында тірек шаруашылықтарда тәжірибеден өткізіледі. Ал мұндай орындар еліміздің барлық облысында бар. Осылайша, өз ісіне мейлінше жауапкершілікпен қараған кәсіпорын түпкі нәтижеге қол жеткізу үшін халықаралық стандарттарға және заманауи технологияларға сүйене отырып, өздері өндіретін химиялық дәрі-дәрмектің тиімділігіне баса назар аударып келеді.
Егін шаруашылығының өнімділігін арттыру – бүгінгі күні басты назарда. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге ерекше назар аударып, «Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – еліміз үшін мақтанатын көрсеткіш емес» деген болатын. Ал жоғары өнімге қолжеткізу үшін құнары кеміген алқаптарды тыңайту өте қажет.
«Жомарт жер өтпелі кезеңде қатты тозды, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының басшысы Мағжан Болатов. – Баптамаса берекенің азаятыны белгілі. Әсіресе арамшөптен келетін зиян көп. Бұл зауыттың өнімі біздің өңірде кездесетін әртүрлі арамшөптен арылуға септігін тигізіп тұр.
Қазір кәсіпорында 300-ден астам адам еңбек етеді. Олардың арасында ғалымдар, инженерлер бар. Орташа жалақы 400 мың теңгенің төңірегінде. Уақыт өткен сайын өнім сапасын арттыруды мақсат еткен кәсіпорын өздері ғана дамумен шектелмей, еліміздің ауыл шаруашылығының алға басуына өз үлестерін қосып жатыр.
Ақмола облысы,
Степногор қаласы