Көкшулан толқынды Каспий жағалауын мекен еткен Маңғыстау тұрғындары ежелден балық аулау кәсіпшілігімен айналысқан. Ризығын теңіз балығынан айырған аға буын өкілдері өзінен кейінгі ұрпақтарына да балық аулаудың қыр-сырын үйретіп, аманаттап кеткен. Теңіз жағалауындағы кәсібімен нәсібін айырып отырған жаңа буын балықшылар арамызда кездесіп жатады. Солардың бірі – бүгінде «Толқын» кооперативін басқарып отырған Дүйсенбай Төлепбергенов.
...Жиырмасыншы ғасырдың бас кезі. Кетік қаласын мекен еткен орыс көпесі Захар Кузмич Дубскийдің батағаларының бірінде көппен бірге балаң жігіт Көптілеу Сәтпенбетұлы да қайықпен теңіз айдынына балық аулауға шығып жүрді. Бірде Көптілеудің бағы жанып үлкен ақ балықты ауға түсіреді. Бұрын-соңды кезікпеген нән балықты қызықтаған көпес қатардағы балықшыға жүлде ретінде ақбоз ат сыйлаған екен дейді үлкендер. Бүгінде Көптілеудің кәсібін немересі Дүйсенбай жалғастырып келеді.
1961 жылы көршілес жатқан Түрікменстан топырағынан туған елге оралғанда Дүйсенбай бес жастағы бала болатын. Мұнайшылар қалашығы ретінде іргесін көтере бастаған Ералиев қалашығында келімді-кетімді кісілер көп. Өндіріспен қатар құрылыс жұмыстары да қарыштай дамып, теңіз жағасынан әдемі қалашық бой көтерді. Балалық шағын осы шағын ауылда, жарқыраған теңізден ұсақ балық, бақа-шаян аулаумен өткізген ол есейген соң мұнай көзін іздеуші «МаңғыстауМұнайГазБарлау» кешенді экспедициясында жұмыс жасайды.
Еліміздің егемендік алған алғашқы жылдары халық жаппай тоқырауға ұшырап, дағдарыс белең алды. Облыс, аудан, қала берді Одақ көлеміне кеңінен танымал болып, талай азаматты жұмыспен қамтып отырған кешенді экспедиция қаржылық жағдайларға байланысты жұмыс көзін қысқартуға мәжбүр болды. Халық ауылды тастап, қалалы жерлерге үдере көше бастады...
– 1993 жылы өндірістегі жұмыстан қысқартуға ұшырап осы кәсіпке түбегейлі бет бұрдым. Бір жағы күнкөріс жағдайы, екіншіден, уақыт талабы түрткі болып іске бел шеше кірістім. Жұмыссыз қалған тұрғындарға уақытша болса да жұмыс көзін табуға жәрдемдесу, оларды өзіндік құны төмен балық өнімдерімен қамту өзекті мәселеге айналған кез. Осылайша, 1994 жылы сол кездегі аудан әкімі, бүгінде марқұм Мұңалбай Іқаевтың қолдауымен «Толқын» өндірістік кооперативінің алғашқы іргетасы қаланды. Алғашқы кезде қиын болды. Балық аулайтын құралдар жетіспеді. Ауылдағы балық аулайтын жандармен селбесіп, жоқтан бар жасауға тура келді. 2001 жылы өндірістік кооператив ұлғайтылып, іргелі мекемеге айналды. Алғашында отбасылық жағдайда 5-6 жан болып жұмысты бастаған біздер өндірісті кеңейте келе олардың қатарын жетпіс адамға дейін жеткіздік. Табиғаттың тосын қимылдарын үнсіз ұғынып, теңіздегі қарапайым тіршілік иелерінің қимыл-қозғалыстарын жете зерттей білетін деңгейге жеттік, – дейді Дүйсекең.
2006 жылы облыс әкімінің шешімімен «Тоқмақ-Аққұм» аралығындағы жиырма шақырымдық, «Қызылқұм-Сармыс» түбектері аралығындағы жиырма шақырымдық теңіз жағалауы аумағында балық аулауға рұқсат алған кооператив мүшелері жыл сайын өз күштерімен 30-50 тонна көлемінде тікен балық, каспий шабағы, сазан, қара балық аулап, Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Жетібай, Құрық ауылдарының тұрғындарын, әлеуметтік мекемелерді жаңа ауланған өнімдерімен қамтып келеді. Кооператив құрамындағы он бригада мүшелері тегіс ауыл азаматтарынан тұрады. Келісімшарт негізінде жұмысқа қабылданған оларға аулаған өнімінің тең жартысы тиесілі. Теңізге, айдын төсіне шығатын он бес-жиырма қайық та жергілікті халықтан жалға алынған дүние. Айтуынша, балықшылардың жұмысын одан әрі өркендету үшін өз елімізде ау, жіп, қалтқы құралдарын шығарумен айналысатын өндіріс орнын құру керек. Күні бүгінге дейін аталған құрал-саймандар Астрахань қаласындағы «Ситевязальный» фабрикасынан тасымалданады. Бұл балықшылардың жұқалтаң қалтасына қосымша салмақ түсіреді екен. Маңғыстаудың құбылмалы және екпінді желі балықшылардың теңіз айдынына құрған 500-700 метрлік құрма белтір, 500-1000 метрлік қоршау ауларын «көшіріп» кететіні бар. Жұмыста түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп жүретін жұмысшылар жатақ жердегі, жағалықтағы базаларда тұрады. Жұмыс барысында қолданатын ұтқыр шатыр, тоңазытқыш құрылғы, жеңіл көліктері бар. Жұмыс көзін ұлғайтқысы келетін ұжымға ол үшін рефрижератор, балық сақтайтын қойма, далалық генератор құрылғысы ауадай қажет. Қолбайлау қаржыда болып тұр.
– Кәсіпкерлікті ашқан кезде қолдау болады да ол кейін сұйылып кетеді. Өндіріс қажеттілігіне орай неге көмектеспеске? Мысалға, үш-төрт жылдықта ауыл орталығынан балық сатуға арналған дүкен құрылысын бастадым, бірақ жұмыс тоқтап қалды. Тапқан қаржым түрлі шығындарды жабуға кетіп, басы құралмай отыр. Егер дүкен іске қосылар болса балық өнімдерін делдалдарға көтертіп жібермей, тұтынушыларға төмендетілген бағамен өткізген болар едім. Бір орталықтың ішінде балықты сақтап, қайта өңдеуден өткізетін, сатылымға шығаратын, кулинарлық өнімдер жасап шығаратын бөлімдері болады. Дүкенді іске қосып, өз тарапымнан тұрғындарды жұмыспен қамтып, әлеуметтік проблемаларды шешуге өзіндік үлесімді қосқым келеді. Бізге қаржылай көмек көрсету мақсатында қайтарымсыз грант мәселесін, балық аулағаны үшін субсидия төлеу мәселесін шешіп берсе, жаз кезінде дайын өнімдерімізді «Каспий – Берекет» МКК-на өткізуге көмектессе көп мәселеміз шешілген болар еді, – дейді кәнігі балықшы.
Табиғатты пайдаланушы мекеме ретінде Атыраудағы бекіре шабақтарын өсіруге арналған мемлекеттік мекемеге, сондай-ақ ауылды көркейтуге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша үлес қосып жүрген Дүйсенбай және ол басқарып отырған ұжым жоғары деңгейдегі марапаттаулардан да кенде емес. «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалін төсіне таққан азамат Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан елеулі үлестері және өндірісте жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін «Үздік ұйым» дипломы мен кәсіптік шеберлігі үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталса, 2013 жылы мемлекетаралық деңгейдегі «Ұлттық бизнес – рейтингтер одағының сала көшбасшысы» медаліне ие болды. Отбасында ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған әке.
Маңғыстаудың Қарақия ауданындағы қарапайым еңбек адамының өнегелі ісі қызығуға да, қолдауға да тұрарлық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жалғас АЙТҚҰЛОВ,
журналист.
Маңғыстау облысы.