Пікір • 07 Маусым, 2024

Аудан атауларын бірізді етсек...

271 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде кеңес заманында құрылған бірқатар ауданға ұлттық ерекшелігімізге сәйкес Абай, Амангелді, Жамбыл, Исатай, Махамбет сынды тарихи тұлғалардың тегі емес, есімі берілген. Сол кезде үстем­дік құрған орыс мәде­ниетінің ықпа­лымен Жангелдин, Бай­ғанин аталған аудандар да бар.

Осылайша, халқымыздың ұлы перзент­терінің құрметіне берілген аудан атауларында ұлттық бірізділік қағидаты сақталған жоқ. Өкінішке қарай, бұл мәселеге еліміздің тәуелсіздігі жыл­дарында да жете мән берілмеді. Көптеген аудан­ның атауы қазақыланғанмен, «әркім өз бетінше түйе айдағандай» жағдай қалыптасты. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдарының аяқ шені мен осы ғасырдың басында Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы белсенділерінің ұйытқы болуының нәтижесінде аудандардың көпшілігінің атауы қазақыландырылған. Бірақ Қызылжар өңірінен шыққан ұлы тұлғалардың аты-жөндерін алған аудан­дардың атаулары әрқилы жазылған: бұрынғы Сергеев ауда­ны – Шал ақын ауданы, Булаев ауданы – Мағжан Жұмабаев ауданы, Целинный ауда­ны – Ғабит Мүсірепов атындағы аудан болып қайта аталған. Облыста Жамбыл ауданы бұрыннан бар болғандықтан, сол үлгімен «Мағжан ауданы», «Ғабит ауданы» деп жазу, ал Уәлиханов ауда­нын «Шоқан ауданы» деп өзгерту қажет еді.

Қостанай облысында бұрынғы Обаған ауданы – Алтынсарин ауданы, Таран ауда­ны – Бейімбет Майлин ауданы болып қайта аталған. Жамбыл облысында бұрынғы Луговой ауданы Т. Рысқұлов ауданы болып өзгертілген. Түркістан облысындағы бұрынғы Ленгір ауданы Төле би ауданы болып өзгертілгенімен, ресми құжаттарда «Төлеби ауданы» деп жазылып кеткен.

Республика аудандарының атауларын шолып қарасақ, оларды бірізділендіруде атқаратын жұмыс әлі аз еместігі аңғарылады. Соның ішінде мағынасы түсініксіз және еліміздің тарихына тікелей қатысы жоқ тұлғалардың құрметіне берілген, сондай-ақ патшалық және кеңестік отарландыру саясатымен байланысты атауларды өзгерту қажеттігі анық. Мысалы, Қарағанды облысындағы Осакаров ауданының атауы қазақтың «аса қарлы» деген сөзінен шыққан деген болжам бар. Осы ауданның мәслихаты 2022 жылы аудан атауын Сарыбел деп өзгерту туралы шешім қабылдаған. Алайда бұл шешім жоғары жақта әлі бекітілген жоқ.

Павлодар облысындағы қазақтың «те­мір» сөзінен шыққан Железин ауда­ны­ның және патшалық отар­лаушы­лардың діни ұғымымен байланысты Успен ауданының атауларын да өзгер­тетін кез жетті. Қостанай облысында Денисов және Федоров тектерімен аталатын аудандар да отаршылдықтың ескерт­кішіндей мызғымай тұр. Батыс Қазақ­стан облысындағы мағынасы түсініксіз Қаз­талов ауданының атауын да ауыстыру керек сияқты. Бұған қоса, аудандардың атауларының қайталануы да – ойланарлық жайт. Мәселен, Алматы, Жамбыл және Сол­түстік Қазақстан облыстарында жыр алыбы Жамбыл есімімен аталатын аудандар бар. Есіл өзенінің атауы Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан облыстарындағы және Астана қаласындағы аудандарға берілген. Ақсу атауын Жетісу және Павлодар облыстарының аудандары еншілеген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткен екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жал­пы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орта­лықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек», деген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолданыстағы заңнамаға ономастикаға байланысты өзгерістер енгізіліп, осы салада қордаланып қалған түйінді мәселелер түпкілікті шешімін табады деп сенеміз.