Экология • 07 Маусым, 2024

Алматыда энергияны үнемдеуге арналған конференция өтті

76 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Энергетиктер «Жасыл экономика» тұжырымдамасы аясында энергия тиімділігін арттыру мәселесін талқылады, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда энергияны үнемдеуге арналған конференция өтті

Алматыда «Энергия тиімділігі іс жүзінде» тақырыбында өткен конференцияда республикадағы, сондай-ақ дүние жүзіндегі энергия тапшылығы, үнемдеу мәселелері талқыланды.

Жиынға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, Дания, Түркия, Ресейден келген сарапшылар, республика аймақтарынан энергетика саласының мамандары қатысып, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары пікірлерімен бөлісті.

Былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі конференцияда Париж келісімінің мақсаттарына жету үшін бүкіл әлемде энергия тиімділігін арттыру қарқынын екі есе үдету керек деген қорытынды жасалды. Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру барлық секторларда қолға алынған деуге негіз бар. Алайда әлем елдерімен тәжірибе алмасуда Дания сияқты елдер үлгісіне арқа сүйеу маңызды. Өйткені Дания әлемде тұрақты дамудың үлгісі ретінде танымал елдің біріне айналып отыр. Жиын барысында  Дания Елшілігі миссиясы басшысының орынбасары Каспер Корсгаард мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық аясында жасыл экономиканы дамыту тиімділігінің артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңғырмалы энергия көздеріне, тиімді технологияларға және белсенді саясатқа қатысты берік ұстанымның нәтижесінде бұл ел климаттың өзгерісімен күресте жаңа технологиялық жетістіктерді пайдаланып келеді.

Түркиядағы, Таяу Шығыстағы, Африкадағы және Орталық Азиядағы Danfoss аймақтық президенті Зияд Аль Бавализ бүгінгі таңда қолжетімді шешімдердің көмегімен энергия тиімділігін арттыру Қазақстан үшін көмірқышқыл газының ауаға таралымын азайтудың ең оңай әрі үнемді жолы болып табылатындығын атап өтті. Соның бір мысалы ретінде қазіргі кезде Астанадағы Орталық мешітте қондырылған Danfoss компаниясының озық технологиясының арқасында энергия тиімділігінің өзгергенін айтуға болады. Нәтижесінде жыл сайын 8 298,01 Гкал жылу энергия үнемделіп жатыр. Бұл жалпы жылу тұтынуды 17,5 пайызға азайтып, жыл сайын 55 мың АҚШ долларынан астам қаржы үнемделеді.

Конференцияда сарапшылар артық жылуды тиімді пайдалану барысына назар аударды. Орталық Азиядағы Danfoss директоры Дмитрий Трошанов атмосфераға тоңызытқыш, двигательдерден тарайтын жылуды тиімді пайлалануға болатынын атап өтсе, Орталық Азия бөлімшесінің аға менеджері Санат Бөкенбаев энергияны үнемді пайдалану мен жасыл энергетиканы дамытуда жаңа технологиялар мүмкіндігінің жоғары екенін алға тартты.

«Жылуды дер кезінде стратегиялық мақсатта пайдалана алатын болсақ, қазба отын және электр энергиясы сияқты аса құнды энергетикалық ресурстарды алмастыруға әбден болады. Нәтижесінде қаражат үнемделеді әрі парниктік газдардың таралуы азаяды. Мысалы, ірі сауда орталықтарында, деректер базасында, зауыттарда, су тазарту қондырғыларында, метро стансаларында, коммерциялық ғимараттарда осындай артық жылуды зауытты жылытуға, ыстық сумен қамтамасыз етуге,  орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы тұрғын  үйлер мен өнеркәсіпте пайдаланудың мүмкіндігі жоғары», дейді Д.Трошанов.

Қазіргі кезде интеллектуалды жетістіктердің  жаңа буыны, iC7 өнімдерінің әлеуеті жоғары. Осы орайда BOCK тәрізді энергия үнемді компрессорлар еліміздегі кәсіпорындар мен мекемелерге энергия үнемді шешімдер енгізуге және тұрақты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді.

Сарапшылардың пікірінше, дүние жүзінде СО2 40 пайызы ғимараттарға тиесілі. Қазақстанда көмірқышқыл газының таралуы орташа әлемдік көрсеткіштен 70 пайызға жоғары. Яғни, елімізде энергияны көп қажет ететін ауыр өнеркәсіп саласы болса, электр энергиясын өндіруде көмірге тәуелділіктің жоғары екені байқалады. Алайда  «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы 2050 жылға қарай электр энергиясының 50 пайызын «баламалы немесе жаңғырмалы» көздерден өндіретін болады.  Осы орайда сарапшылар ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтатын, электрлендіруге септігін тигізетін шешімдер, жасыл экономиканы дамытудағы заманауи шешімдерді кеңінен талқылады.