Тарих • 07 Маусым, 2024

«...Онсыз маған ештеңе қызық емес»

155 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақын оны туған анасынан кем көрмеді. Жан жүрегімен жақсы көрді. Етегінде еркелеп, емін-еркін ержетті. Қалам ұстаған шағында өлеңіне өзек етті. Арина Родионовна да оған бар мейірін үйіп-төкті. Маңдайынан сипап, арқасынан қақты. Ең бастысы – жан дүниесін түсінді. «Періштем менің! Сіз әрдайым менің жүрегімдесіз...» дейді әзиз тәрбиеші Пушкинге жазған хатының бірінде. Олардың ортасындағы селкеусіз сенім, мүбәрак махаббат, қайырымды қамқорлық ет жүректі елжіретпей қоймайды.

«...Онсыз маған ештеңе қызық емес»

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Анна Родионовна – Пуш­­­кин әулетінің тәр­биешісі. За­манында ол ақынның әжесі Мария Ганни­бал­ға да қызметші болып, еңбек еткен. Кейін отба­сының бір мүше­сі ретінде қа­былданып, Пушкин­нің үлкен әпкесі Ольга Сергеев­на­ның кіндік шешесі болды. Ал Александр Сергеевич дүниеге келгенде, оның тәрбиесімен толық Арина Родионовна айналысты. «Ол сондай жұмсақ, биязы, қарапа­йым ғана әйел болатын» дейді замандастарының естелігінде. Крепостнойлық құқық дәуірінде өмір сүрген бұл әйелге Пушкин әулеті бірнеше рет бостандық берген. Алайда ешбір ұсынысты қош көрмеді. Себебі Арина Родионовна бұл отбасына өте қатты бауыр басып қалған еді.

Ақын мен тәрбиеші ара­сындағы байланыс Александр Сергеевичтің інісі Лёвушка дү­ниеге келгенде беки түсті. Ата-анасы жаңа туған бауырымен әлек болып жүргенде, Саша бүкіл уақытын Арина Родионовна­­­мен өткізетін. Тәрбиеші апасы оған халық әндері мен ертегілерін, аңыз-әпсаналарын және ел ішіндегі қызықты оқиғаларды ыждағатпен айтып беретін. Кейін мұның барлығы Пушкин шығармашылығында бедерленген еді. Алайда ХІХ ғасырдың бекзадалық үрдісіне сай баланы ауыз-әдебиетінен гөрі шетел этикетіне баулу өріс алған. Сол себепті Арина Родионовна­ның ұлттық тәрбиесін француз тілі сабақтары алмастырады. Ал аяулы тәрбиешіні Мәскеуден Михайловскоедегі үйге қоныс ­аудартады.

Ақын мен тәрбиеші араға жылдар салып кездесуге мүм­кіндік алады. Ол кезде Александр Сергеевич 25 жаста болады. Даңқы мен дақпырты бүкіл Ресейге тараған ақын «ессіз» өлеңдері үшін биліктің шешімімен осы мекен­­­ге ­айдалады. Сүйікті тәрбие­ші­с­і­­­­­мен Пушкин осы бұйрық­­тың ­«ар­қасында» табысады. Осы­лай­ша, ақын бала кездегідей күн­де кеш­кілік Арина Родионовна­­­ның ер­тегілерін тыңдай бастай­ды. Әжей әңгімені айтып қана қой­­май, оны ескі дәстүр бойынша әуеле­­тіп, әндетіп айтатын еді. Ақын оның осы табиғилығына бас иетін. Бауырына жазған хаттарының бірінде Пушкин былай деп жазады: «Арина Родионовна – менің жалғыз құрбым, онсыз маған ештеңе қызық емес».

Ақын тәрбиешісінен тек ер­тегі тыңдаған жоқ. Сонымен қа­тар ол көптеген діни мінәжат­ты да құлағына құйып өсті. Арина Родионовна өте діндар адам болған. Бұл туралы Александр Сер­геевич Взямскийге жазған хатын­да атап өтеді.

Екі жылдан кейін, Михай­лов­скоеден шығуға рұқсат алғанда әзиз тәрбиешісі Пушкинге са­ғынышқа толы толассыз хат жол­дап отырады. Ол қалам ұс­тап, жазу жазып көрмеген еді. Әйт­се де, арнайы адам алдырып Пуш­кинді қалай жақсы көретінін қа­ғазға түсіртіп отыратын. Міне, Пушкинге жолдаған хатында былай дейді: «Мен сізді күтемін. Құдай­дан амандығыңызды және тезі­рек жолығуымызды тілеймін».

Өкінішке қарай, олар қай­та қауыша алмады. Арина Ро­дио­новна 1828 жылы 70 жасында бақиға бет алады. Алайда мейі­рімді тәрбиеші ақын шығар­машылығынан сондай биік орын алды. Себебі Пуш­кин дәл Арина Родионовнаны жыр­лаған­дай, ана­сына немесе әкесіне өлең ар­на­маған еді. Кім білсін, анасынан ала алмаған мейірімді ақын тәр­биешісінен алғаннан болар...