Аймақтар • 08 Маусым, 2024

«Parfum de Vie» – отандық бренд

113 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Parfum de Vie» компаниясын білмейтіндер кемде кем. Бүгінде отандық брендке айналған парфюм өнімін өндіру идеясына Нұрсұлтан Мұратбеков кездейсоқ келген жоқ. Саннан бұрын сапаға мән берген кәсіпкер бизнесті бастау үшін басын тасқа да ұрды, тауға да соқты. Алайда алған бетінен қайтпады.

«Parfum de Vie» – отандық бренд

Нұрсұлтанның командасы жасайтын парфюм Қытай, Өзбекстан және Катар мемлекеттеріне экспортталады. Жас бизнес үшін бұл айтарлықтай жақсы нәтиже. Кәсіпті әріптесі Диаспен бірлесіп ашқан. Серіктестер қаражатты бизнеске тең бөліп салу туралы ұйғарымға келіпті. Нұрсұлтан керекті қаражатты табу үшін пәтерін, басқа мүлкін сатқан.

п

«Бастапқыда біршама қаржыны жоғалтып алдық. Өндіріс үшін сатып алған шикізатымыз сапасыз болып шықты. Осылайша, ә дегеннен сәтсіздікке ұшырадық. Бірақ бұл бизнестің бастапқы кезеңі екенін түсіндік. Сол сәтсіздік бізді шарболаттай ширықтырды. Жігеріміз жани түсті. Тәуекел еткеннен кейін істі аяғына дейін жеткізу туралы шешім қабылдадық», дейді ол.

Қазір компания тәулігіне 5 000 данаға дейін хош иісті парфюм өнімдерін және үйге арналған диффузорлар мен балауыздар өндіреді. «Эйр Астана» компаниясын диффузорлармен қамтып отыр. «Parfum de Vie» бренді еліміздің 13 қаласындағы «Beautymania», «MonAmie», «Алтын алма», «Француз үйі» секілді ірі-ірі сау­да үйлерінде сатылып жатыр екен. Алдағы уақытта сауда нүктелерінің санын арттыруды жоспарлап отырған жайы бар.

«Өнімдеріміздің бағасы қолжетімді. Өнімнің 70 пайы­зы зауыт арқылы көтерме баға­мен өткеріліп жатса, қалған 30 пайызы дүкендер арқылы сатылымға шығады», дейді.

Бірнеше жыл бедерінде отандық парфюм өнімін брендке айналдырған серіктестік өкілі жылдық табысы туралы айтқысы келмеді. Әйткенмен, «Jambylinfo» ақпарат агент­тігінде келтірілген қыс­қаша дерекке жүгінсек, «Parfumer Kazakhstan» ЖШС-ның 2022 жылғы жылдық табысы 237 миллион теңгені құраса, 2023 жылы компания 670 миллион теңге көлемінде табыс тауып үлгеріпті.

Жас кәсіпкер енді «Хош» атауымен косметиканың бірнеше түрін шығаруға кірісіп жатыр. Айтуынша, компанияда бүгінде 40-тан аса адам жұмыс істейді. Сонымен қатар Қытай елінен зауыт ашып, кәсіпті әрі қарай өркендетуді көздеп отыр.

Таразда туып, Алматыда кәсібін дөңгелеткен Нұрсұлтан Мұратбековтің арманы асқақ. Ол болашақта қазақ брен­дін мұхиттың арғы жағына шығар­ғысы келеді. Сол үшін тынымсыз еңбектеніп жатыр. Кәсіптің көзін тапқан азаматтың бұл мақсатына да жетеріне сенеміз.

 

Жамбыл облысы