Осы орайда «Amanat» партиясы «Таза бейсенбі» республикалық экологиялық акциясын бастады. Елді мекендер мен көрікті жерлерді қоқыстан тазалау жұмыстары өңіріміздің барлық ауданы мен қаласында ұйымшылдықпен өтті.
«Таза бейсенбі» жобасының мақсаты – айналаны таза ұстап, қоршаған ортаны, табиғатты аялауға, өскелең ұрпақтың туған жеріне құрметпен қарауға шақыруға бағытталған. Бейсенбілік іс-шараға тек Ұлан ауданының Таврия аулында ғана 150-ден аса адам қатысып отыр», дейді «Amanat» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова.
Таврия ауылдық округінде өткен «Таза бейсенбі» акциясы кезінде 1000-нан аса қап қоқыс жиналды. Шараға партия жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері, депутаттар, бастауыш партиялық ұйымдардың мүшелері және облыстық, аудандық партия филиалдарының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
«Аулымыздың маңайын тазалау үшін бүгін «Таза бейсенбі» акциясына өз үлесімді қосып, мен де қатыстым. Тазалықты әр адам өзінен бастауы қажет деп санаймын. Сондықтан бүгін іс-шара өтеді дегенде, оған бейжай қарай алмадым. Біздің еліміздің кез келген жерінің табиғаты әсем. Сол әсем табиғатты қорғау – біздің азаматтық борышымыз. Осындай игі іс-шаралар мен экологиялық акциялар апта сайын ұйымдастырылса, халық тарапынан қолдауға ие болады деп есептеймін», дейді Таврия ауылдық округінің тұрғыны Оқан Жарқын.
Айтып өткендей, мұндай іс-шара бұл күні аймақтың әр өңірінде ұйымдастырылды.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы