17 Қаңтар, 2015

Транзиттік әлеует артады

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
img_2502_1200 Жақында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-та 2014 жылдың жұмыс қорытындысы мен 2015 жылға арналған басымдықтар бойынша кеңес өткізілді. Кеңес барысында ҚТЖ президенті Асқар Мамин компанияның өткен жылғы жұмыс қорытындысын жасап, 2015 жылға арналған басым­дықтары туралы баяндады. «Компания жалпы жүк тасы­малының төмендегеніне қарамастан 2014 жылды 166,5 млрд. теңге таза кіріспен қорытындылады. Ол жос­парлы көрсеткіштің 56% пайызға артқан­дығын көрсетеді. Бұл түсім қосымша жүктерді тарту, коммер­циялық транзиттік жүктердің көбеюі, сонымен қатар шығындарды 61 млрд. теңгеге қысқарту арқылы орындалды. Жалпы жүк тасымалының төмендеуі қазақстандық экспорттық тауарларға халықаралық нарықтан сұраныстың азаюы, аймақтағы сауда көлемінің төмендеуінен орын алды», деп атап өтті А.Мамин. «Қазіргі таңда, компания кірісінің 25% транзиттік тасымалдан түскен. Біз оны таяу болашақта 50%-ға дейін кө­те­руіміз керек», деп толықтырды осы орайда компания басшысы өз сөзін. «2014 жыл компанияның соңғы жылдары жүргізіп жатқан стра­тегия­лық даму бағдарламасының тиімділігін әрі дұрыстығын уақыт көрсетті. Ком­пания ұзақ мер­зімді даму кезеңінде ішкі және халықаралық нарық­та мультимо­дальдық және транзит­тік тасымал­дардың үлесін арттырады. Оған жоғары сапалы бәсекелес­тікке сай көліктік-логистикалық қызмет өнімін, дәстүрлі тәжірибелерді жетілдіре отырып саладағы әлемдік жетекші компаниялардың деңгейіне дейін көтеруіміз қажет», деді ол. Компания былтыр аса ірі жобаларды жүзеге асырды. Оның ішінде жалпы ұзындығы 1200 шақырымдық Жезқазған – Бейнеу және Арқалық –Шұбаркөл, сондай-ақ, пайдалануға берілген трансқұрлықтық «Өзен – Берекет – Горган» жол телімінің қазақстандық бөлігінің құрылысы 2013 жылы аяқталған болатын. Ақтөбедегі рельс-арқалық зауыты ресми түрде ашылды. «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ портының 1-ші кезегі пайдалануға беріліп, Ляньюньган теңіз портындағы логистикалық терминалдың құ­рылысы аяқталды. Боржақты – Ерсай теміржол желісінің құрылысы басталып, Астана мен Шымкент қалаларында көліктік-логистика­лық орталықтардың құрылысы жүргізілуде. Стратегияның кезең-кезеңіне орай, трансформациялық басқару жүйесіне көшу, тапсырыс берушілердің ыңғайына қарай бейімделу үдерістеріне сәйкес қызмет көрсету тиімділігі мен сапасын көтеру, корпоративтік мәдениетті жасақтау жалғасуда. Кеңесті қорытындылай келіп, Асқар Мамин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды тиянақты орындауға тоқталды. «Алдағы бес жылда мемлекеттік дағдарысқа қарсы жоспарды жүзеге асыруда көліктік инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылған. Біз компанияны дамытудың барлық стратегиялық бағыттарында жұмыс­тарымызды белсенділікпен атқарып, көліктік инфрақұрылымды жедел дамытып, көліктік-логистикалық бәсекелестікке сай қызметті жасақтап, еліміздің транзиттік әлеуетін жүзеге асыруымыз қажет», деп компания басшысы басым бағыттарға тоқталды. «Егемен-ақпарат».