Аймақтар • 10 Маусым, 2024

Шымкентте әскерилер Бадам өзені арқылы өтетін көпір салды

48 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөлімі инженерлік-саперлік бөлімшесінің мамандары республикалық маңызы бар қалада Бадам өзені арқылы өтетін уақытша көпір салып берді, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкентте әскерилер Бадам өзені арқылы өтетін көпір салды

Фото: Қорғаныс министрлігі

Жаңаталап шағын ауданын қаламен байланыстырып тұрған көпір жарамсыз болып, халық тығыз қоныстанған алаптың алты мыңнан астам тұрғыны үшін Шымкентпен байланыс үзіліп қалған болатын.

Уақытша көпірді орнату үшін әскери инженерлер КрАЗ-255Б көлігінің негізінде ТММ-3 көпір төсегішін қолданды.

Қазіргі уақытта көпір арқылы қозғалыс қалпына келтірілді. Оның ұзындығы 10,5 метр, 60 тонна жүкті көтеруге жарамды.

– Қалалық ТЖД-дан Бадам өзені арқылы уақытша өткел жасап беру туралы сұраныс түскеннен кейін 15 инженерден тұратын біріккен жасақ жіберілді. Кешке қарай олар жеңіл көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына қолайлы металл көпірді орнатуды аяқтады, – деді 35748 әскери бөлімінің инженерлік қызмет бастығы майор Ерік Райымов.

ТММ-3 ұзындығы 40 метрге дейін және тереңдігі 3 метрге дейінгі кедергілерден өтетін көпір өткелдерін орнатуға жарамды. Олар салмағы 60 тоннаға дейінгі дөңгелекті және шынжыр табанды техниканы көтере алады.