– Президент мырза, Қазақстан мен Корея Республикасы кейінгі 30 жылдан астам уақыт ішінде екіжақты қатынастарды стратегиялық әріптестік деңгейіне шығара отырып, кең ауқымды бағыттар бойынша берік және сындарлы өзара әрекеттесу орнатты. Бұған, әрине, жоғары саяси деңгейдегі белсенді диалог ықпал етті: мемлекет басшыларының әрбір кездесуі қазақ-корей ынтымақтастығының одан әрі дамуына серпін береді. Сіздің Қазақстанға сапарыңыздың күн тәртібін білгіміз келеді. Астанадағы келіссөздерден қандай нәтиже күтесіз?
– 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері Корея Республикасы мен Қазақстан арасында терең байланыс пен өзара сенімге негізделген етене достық пен ынтымақтастық қалыптасты.
Екі ел жоғары деңгейде 16 кездесу өткізді және ең жоғары деңгейде мерзімді келіссөздер жүргізіп отырады. Осы жылы Корея мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік орнатудың 15 жылдығын атап өту ерекше маңызды деп есептейміз.
Менің Қазақстанға алғашқы сапарым, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Кореяға мемлекеттік сапары және 2023 жылы Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының алаңындағы кездесуіміз екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту орайында айрықша үлес қосады.
Бүгінгі жоғары деңгейдегі келіссөздер энергетика, инфрақұрылым және өңдеу өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты тереңдетеді, сонымен қатар негізгі пайдалы қазбаларды, ғылым мен технологияны, қоршаған ортаны, ауыл шаруашылығын және климаттың өзгеруіне ден қою шараларын қоса алғанда, болашаққа бағдарланған түрлі салада екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылау мүмкіндігі болады.
Осы сапарымда Қазақстанды салиқалы басқарып, дамытып келе жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзара сенімді нығайтамын және достық қарым-қатынасты тереңдетемін деп үміттенемін.
– Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту – екі ел үшін де басымдық. Біздегі статистикалық деректерге қарағанда, өткен жылы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда көлемі 6 млрд долларды құрапты. Сіздің еліңіз Қазақстан экономикасындағы топ-10 инвестордың қатарына кіреді. Мұндай серпінге қандай факторлар әсер етті және елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтудің ұзақмерзімді мақсаты қандай?
– Корея мен Қазақстан 1992 жылы дипломатиялық қатынас орнатқалы бері етене ынтымақтастық байланысты дамытып келеді.
Дипломатиялық қатынас басталған сәттен бері екі ел арасындағы сауда көлемі 500 еседен астам ұлғайды. Нәтижесінде, Қазақстан Кореяның Орталық Азия өңіріндегі ең ірі сауда және инвестиция серіктесіне айналды.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың серпінді кеңеюіне қос мемлекеттің бірін-бірі толықтырушы өнеркәсіптік құрылымға ие болуын, ал берік сенімді қарым-қатынастарға аралас циклді Қарабатан ЖЭС және Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) сияқты ортақ табыстарымызды мысалға келтіре аламыз.
Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты қолдаудың институционалдық базасы өткен жылы Сауда мен инвестицияларды ілгерілету туралы негіздемелік келісімге (TIPF) қол қою арқылы күшейтілді.
Бұл сапар маңызды минералдар, өңдеу өнеркәсібі және инфрақұрылым сияқты салалардағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
– Әлем қазір «үлкен энергетикалық өтпелі» кезеңде тұр. Қазақстан мен Корея Республикасы көміртегі бейтараптығына толығымен көшу міндетін қойды. Осы мақсатқа жету үшін екі ел энергетика саласында қандай ынтымақтастықты дамыта алады?
– Климаттың өзгеруіне ден қою – жаһандық міндет. Оны шешу үшін көміртегі бейтараптығына Корея 2050 жылға қарай, ал Қазақстан 2060 жылға қарай қол жеткізуге ұмтылып отыр.
Еуропалық одақтың мәліметіне сәйкес, электр энергиясын өндіру секторындағы көміртегі шығарындылары ең жоғары және ол әлемдік көмірқышқыл газы шығарындыларының 27,5 пайызды құрайды. Демек осы сектордағы көміртегі шығарындыларын азайту – көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің кілті.
Корея атом энергетикасы мен жаңартылатын энергия көздеріне негізделген көміртексіз энергияны («Carbon-Free Energy», CFE) кеңейтуге күш салып келеді. Менің білуімше, Қазақстан да жылу энергетикасы өндірісінің жоғары үлесіне байланысты электр энергиясын өндіру секторында көмірқышқыл газының шығарындыларын қысқартуға мейлінше күш-жігер жұмсап отыр.
Корея атом электр стансалары, жаңартылатын энергия көздері саласында, сондай-ақ электр энергиясын өндіру тиімділігін арттыру саласында әлемдегі ең үздік бәсекеге қабілеттілікке ие. Сондықтан да Қазақстанмен осы салаларда ынтымақтастық әлеуетіміз зор.
Көптеген мүдделі корей компаниясы энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылау мақсатында осы мемлекеттік сапарды сүйемелдеуге қатыспақ және елеулі ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткіземіз деп есептеймін.
– Қазақстан саяси салада ғана емес, экономикалық салада да жүйелі реформалар жүргізіп келеді. Біздің маңызды мақсатымыздың бірі – жоғары технологиялық өндірістерді құру, білім экономикасы мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) секторын дамыту. Корея Республикасының осы саладағы жетістіктерін әлем мойындайды. Президент Қ.Тоқаев 2021 жылы Сеул сапарында жасанды интеллект және ауқымды дерек жинақтаушы сияқты стратегиялық маңызды салаларда бірлескен жобаларды іске асыруды ұсынды. Осы бағыттағы серіктестік қалай дамиды деп ойлайсыз?
– 2019 жылы Корея мен Қазақстан арасындағы Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы төртінші меморандумға қол қойылған сәттен екі ел арасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласындағы белсенді жұмыстар басталып та кетті.
Ең алдымен, біз Қазақстанда ауқымды деректерді талдау платформасын құру және компанияларға, университеттер мен мемлекеттік пайдаланушыларға олардың жүйесін меңгерту мен қолдау көрсету мақсатында 2020-2022 жылдары ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық жобасының бірінші кезеңін жүзеге асырдық.
2023 жылдан жасанды интеллект, бұлттық технологиялар, ауқымды деректер аясындағы жобаларды қамтитын екінші кезеңін бастадық.
Атап айтқанда, біздің Үкімет жасанды интеллектіні дамытудың ұлттық стратегиясы, ауқымды деректерді жинауға және пайдалануға жәрдемдесу жөніндегі шаралар, сондай-ақ Қазақстанның саяси ортасына сәйкес деректерді өңдеудің бірыңғай бұлттық орталығын құру жөніндегі жоспар сияқты АКТ саласындағы стратегияларға қарқынды қолдау көрсетеді.
Кореяның АКТ саласындағы табысты тәжірибесі және екі ел арасындағы жоғары технологиялар бағытындағы берік ынтымақтастық Қазақстанның экономикалық трансформациясына және АКТ саласының дамуына ықпал етеді деп сенемін.
– Екі ел қарым-қатынасында мәдени-гуманитарлық саланың да орны бөлек. Осы бағытта қандай жобаларды, қызықты ынтымақтастық кейстерін ерекше атап өте аласыз?
– Екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытуда шынайы, сенімді гуманитарлық және мәдени алмасулар маңызды рөл атқарады.
2010 жылы Корея Республикасы Орталық Азиядағы тұңғыш Корей мәдени орталығын Астанада ашты және содан бері Қазақстан жұртшылығының Корея туралы мәліметінің артуына және екі халық арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге бағытталған түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп келеді.
Мысалы, 2022 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Корея мен Қазақстан 2022-2023 жылдарды «Өзара мәдени алмасу жылы» деп жариялады. Сондай-ақ анимация, театр, жастар өнері, K-pop сияқты салаларда ынтымақтастық ілгерілеп, екі ел халқы үшін етене түсіністік орнады. Осы бағытта мәдени және гуманитарлық алмасулар жыл сайын кеңейе бермек.
Корея Үкіметі қыркүйек айында Астанада өтетін «Comic Con» көрмесінде Корей жарнама орталығын құруды жоспарлап отыр. Онда K-pop қойылымдары мен дәстүрлі қолөнер сияқты көптеген қызықты іс-шаралар көрсетіледі.
Сонымен қатар Кореяның Куаңжу қаласында орналасқан «Азия мәдениеті мұражайы» келесі жылдан бастап халқымызды Орталық Азияның мәдени мұрасымен, соның ішінде Қазақстанмен жүйелі таныстыруды қолға алып, арнайы көрме өткізуді жоспарлап отыр.
Өзара етене қарым-қатынас пен туристік, т.б. сапарларға деген жоғары сұранысты ескере отырып, COVID-19 пандемиясы салдарынан тоқтап қалған екі мемлекет астаналары арасындағы тікелей әуе рейстері төрт жылдан кейін қайта жанданды. Бұл екі ел халқының табиғи, адами байланысын арттырады.
– Қазақстанда елеулі корей диаспорасы тұрады. Сіздіңше, осы қандастарыңыз Корея мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық пен байланысты нығайтуға қалай ықпал етеді?
– Қазақстанда 120 мыңға жуық этностық корей тұрады. Бұл – Орталық Азия елдеріндегі екінші көрсеткіш. Әрине, корей диаспорасының Кореяға, оның тіліне, мәдениеті мен өмір салтына ұқсас аспектілері көп.
Сырттағы корей диаспорасы мен Корея арасындағы белсенді алмасулар корей-қазақ қатынастарының дамуына да ықпал ететіні сөзсіз.
Біріншіден, корей диаспорасы Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени өзара түсіністік пен үйлесімділікті ілгерілетуге өз үлесін қоса алады. Қазақстанда сәтті қоныстанған корей қандастар төл мәдениетін де, қазақ мәдениетін де жақсы түсінеді.
Корея қандастарының арқасында Қазақстан мәдениетімен жақынырақ танысса, өз кезегінде қазақ халқы да этностық корейлермен қарым-қатынасы арқылы біздің мәдениеттің қыр-сырын біле алады. Бұл түрлі мәдениеттер мен дәстүрлер қатар өмір сүретін көпұлтты мемлекет ретінде Қазақстанның рухына сәйкес келеді.
Екіншіден, корей қандастардың қатысуымен екі ел арасында маман, адам алмасу, т.б. жоғары табысты бизнеске жол ашуы ықтимал. Кореяда жылдам экономикалық өсу, әлемдік деңгейдегі технологияны дамыту тәжірибесі мол болса, Қазақстан табиғи географиялық жағдайына байланысты минералдық және энергетикалық ресурстарға бай логистикалық және көлік торабы ретінде үлкен өріс әлеуетіне ие. Бұл екі ел экономикаларын өзара толықтырады.
Этностық корейлер екі елдің компанияларын байланыстыратын буын рөлін атқара отырып, корей-қазақ ынтымақтастығы әлеуетін арттырып, бизнес саласындағы синергияны барынша байытады.
Корея Үкіметі екі ел арасындағы қатынастардың дамуына үлес қоса алатын мүмкіндігі үшін корей диаспорасы мен атажұрт арасындағы алмасуды одан әрі дамытады.
Мысалы, біз Орталық Азиядағы этностық корейлер мен Кореядағы корейлер арасындағы байланысты кеңейтуге мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асырамыз, сондай-ақ төл мәдениетпен таныстыру мақсатында Кореяға этностық корейлердің жаңа буынын шақырамыз. Осы арқылы Корея Үкіметі екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына белсенді үлес қоса алатын және Қазақстандағы жергілікті қоғамның дамуына ықпал ететін орта қалыптастырады.
– Осыдан 10 жыл бұрын визасыз режімнің енгізілуі елдер арасындағы байланыстың нығаюына ықпал етті. Біздің азаматтар Оңтүстік Кореяға турист ретінде және емделу мақсатында баруға мүдделі. Сонымен қатар заңды еңбек миграциясына сұраныс бар. Білуімізше, қазір бұл мәселені мемлекеттік тиісті орындар пысықтап жатыр. Нақты шешімді қашан күтеміз?
– Елдер арасында адам алмасу қарапайым жұмыс күшінің миграциясынан тыс, өзара түсіністік пен сенімге, жанашырлыққа негізделеді.
Корея – келем деушілерге дәстүрлі өңдеу өнеркәсібінен бастап жоғары технологиялық өнеркәсіпке дейін өз есігін айқара ашқан ел. Осында көптеген корей қандасымыз тұратындықтан, Қазақстан – Кореямен ауқымды тарихи және мәдени байланысы бар мемлекет.
Жоғары деңгейдегі келіссөздерде жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне қатысты талқылау сәтті өтеді деп үміттенемін.
– Елдеріміз екіжақты ғана емес, көпжақты деңгейде де диалог жүргізіп келеді. Мұнда Орталық Азия – Корея Республикасы сияқты форматты айрықша атап өткен жөн: ол 15 жылдан астам уақыт бұрын іске қосылды. Бұл біздің өңірдің Корея сыртқы саясатындағы маңызды рөлін көрсетеді. Шын мәнінде, Қазақстанға осы сапарыңыз – Сіздің ОА елдері бойынша турыңыздың бір бөлігі. Орталық Азия мен Корея Республикасының ынтымақтастығының динамикасы мен болашағын қалай бағалайсыз?
– 2007 жылдан бастап біздің ел жыл сайын Орталық Азияның бес мемлекетінің қатысуымен Орталық Азия – Корея Республикасы ынтымақтастық форумын өткізіп келеді.
2017 жылы Корея мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты мейлінше жүйелі іске асыру үшін Орталық Азия – Корея Республикасы ынтымақтастық жөніндегі хатшылығы құрылды. Форум Сыртқы істер министрлері деңгейіне көтерілді және өзін Корея мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық бағытында жоғары деңгейдегі негізгі консультативтік орган ретінде көрсетті.
Жаһандық күрделі дағдарыстар мен белгісіздік кезеңінде Орталық Азияға сапарым Корея Республикасы дипломатиясының осы өңір әлеуеті мен стратегиялық құндылығына ерекше мән беретінін аңғартады.
Кейінгі отыз жылда Корея Республикасы мен Орталық Азия энергетика, құрылыс, сауда және инвестиция сияқты экономика салаларында етене ынтымақтастық орнатып, денсаулық сақтау, білім беру, қоршаған орта сияқты салаларда жан-жақты және үлгілі серіктестіктер құрды.
Осы сапардың алдында мен алғаш рет Корея Республикасының Орталық Азияға қатысты стратегиясын байыптай отырып, «Корея Республикасы мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық бастамасы, К – Жібек жолы (K-SILK ROAD)» тұжырымдамасын жарияладым.
Ынтымақтастықтың үш қағидатын – серіктестікті, бірігуді, құруды қамтитын бұл бастама бостандық, бейбітшілік, өркендеу көзқарасына және Корея мен Орталық Азия елдерінің инновациялық, шығармашылық тұрғыдан бірге даму қағидатына негізделген тұжырымдамамыздың болашағына сенемін.
Бұл бастама келешекте Корея мен Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия елдері арасындағы әріптестікті биік деңгейге көтеретін жаңа кезең болмақ.
Осы сапар барысында біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «К – Жібек жолы» ынтымақтастық бастамасын жан-жақты айтып беруді, сондай-ақ оны іске асырудың екі ел арасындағы ынтымақтастықты едәуір тереңдетуге мүмкіндік туғызатын нақты жолдарын егжей-тегжей талқылауды жоспарлап отырмыз.
– Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап өзін әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде танытып, жаһандық деңгейде бейбіт қатар өмір сүрудің және орнықты дамудың құндылықтары мен қағидаттарын ілгерілетіп келеді. Біздің сыртқы саясатымыздың «визит картасының» бірі – ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселесіндегі көшбасшылық. Корея Республикасы еліміздің ядролық қарусыздану ісіндегі рөлін қалай бағалайды?
– Қазақстан – әлемде ядролық қаруы жоқ, қырғиқабақ соғыс кезінде жүздеген ядролық сынақтар жүргізілген Семей ядролық полигонын жауып тастаған және тәуелсіздіктен кейін Кеңес одағынан қалған ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан үлгілі мемлекет.
Бұдан басқа, Қазақстан халықаралық аренада, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымында жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына және қолданылуына жол бермеу жөніндегі түрлі күш-жігерді ілгерілетуді сәтті жалғастырып, адамгершілік пен бейбітшілікке ұмтылған халықаралық қоғамдастықтың көш басында келеді.
Корея Республикасы Қазақстанмен қатар денуклеаризация және ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне де белсенді қатысып отыр.
Алайда Солтүстік Корея Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің бірнеше рет қабылдаған шешіміне және халықаралық қоғамдастықтың ядролық әзірлемелерден бас тартуға шақыратын біртұтас пікіріне қарамастан, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке елеулі қауіп төндіретін ядролық қару мен оны тасымалдау құралдарын әзірлеуді жалғастырып жатыр.
Сонымен қатар Солтүстік Кореяның ядролық әзірлемелері Корея мен Қазақстан табандылықпен қорғайтын және дамытатын халықаралық таратпау режімінің негіздеріне нұқсан келтіретін қауіпті және жауапсыз акт деп санаймыз.
Өңірдің қауіпсіздігі мен адамзат бейбітшілігі мүддесі үшін ядролық қарудан бас тарту тәжірибесі бар Қазақстан денуклеаризация саласындағы жетекші ел ретінде Корея Үкіметі мен халықаралық қоғамдастықтың еркін және бейбіт Корей түбегін құру жөніндегі күш-жігерінде маңызды рөл атқара алады.
Бүгін мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бұл мәселені егжей-тегжей талқылауды жоспарлап отырмын. Қазақстан халқынан Корей түбегіндегі бейбітшілікке мүдделестік танытып, қолдау көрсетуді сұраймын.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан –
Қамбар АХМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»