Басылым • 11 Маусым, 2024

Басқа басылымдардан: Таяу Шығыстағы қақтығыстың жалғыз шешімі

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті геосаяси қарама-қайшылықтар әсерінен өңірлік қауіпсіздікке төнетін қатерлердің ауқы­мы айтарлықтай кеңейгенін атап өтті. Таяу Шығыстағы ұзақ уақытқа созылған қақ­ты­ғыс­тың жалғыз шешімі – «екі халық үшін екі мемлекет» формуласына негізделген, астанасы Шығыс Иерусалимде болатын Палестина мемлекетін құру.

Басқа басылымдардан: Таяу Шығыстағы қақтығыстың жалғыз шешімі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сөзін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) Парламенттік Ассамб­леясы Кеңесінің отырысына қатысушылармен кез­десуінде айтты.

– Әлемдегі қақтығыс қауіпті деңгейге жетті. Әсіресе Таяу Шығыстағы ахуал қатты алаңдатады. Газа секторында күн сайын жүздеген адам қаза тауып, жарақат алып жатыр. Олардың арасында қарапайым азаматтар, әйелдер мен балалар бар. Миллионнан астам бейбіт тұрғын қиын жағдайға тап болды. Барлық негізгі халықаралық ұйымдар Палестинадағы гуманитарлық ахуалды мүшкіл деп атады. Шын мәнінде, апатты жағдай шегіне жетуге таяп қалды, – деді Президент.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 2024 жылғы 10 мамырдағы палестиналықтардың ұйымға мүше­лік құқығын мойындау туралы қарар қабылдағанын құп­тап, Ауғанстанды аймақаралық байланыстарға белсенді түрде тарту керек екенін айты.

 

Еуропамен байланыстағы ең белсенді ел

л

Брюссельде Орталық Азия ел­де­рі Сырт­­қы істер министр­лерінің орынбасарлары мен Еуропалық сыртқы әрекет қызметі Бас хатшысының орынбасары жоғары деңгейдегі саяси және қауіпсіздік диалогін өткізді.

Басқосуда көлік, сауда-экономикалық, энергетика және климаттық қатынастарды, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайға байланысты қауіпсіздіктің ортақ сын-қатерлерін қозғай отырып, Орталық Азия мен ЕО арасындағы байланысты тереңдетудің бірлескен жол картасы талқыланды.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко «Орталық Азиядағы елдердің барлығы да көшбасшы, бір команда болып жұмыс істейді» деп мәлімдеді. Өз кезегінде комиссияның дереккөзі Қазақстанды Еуропамен байланыс орнатуда ең белсенді ел деп атады.

Қазақстан арқылы кеңейіп жатқан сауда жолы Еуропа мен Азияны байланыстырады, сол тұрғыда барлық Орталық Азия елдерін қамтитын солтүстік-оңтүстік тармақтарын құру маңызды. Оның үстіне аймақішілік сауданың құны кейінгі 6 жылда 2 есе өскен.

«Орта дәліз» немесе «Жаңа Жібек жолы» аталатын Транскаспий жолының дамуы – Қытай мен Еуропа арасындағы транзит. Алайда бұл Орталық Азияны да қамтитын дәліз. Сондықтан Р. Василенко табиғи ресурстарды Қазақстанда өңдеп, дәліз арқылы Еуропаға жеткізудің үнемді тәсілдерін ойластыру керек екенін айтты.

 

Кен орындарын игеру жобасы 

с

Қазақстанда «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарын игеру бойынша мұнай-газ жобасын жүзеге асыру басталады. Жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «ЛУКОЙЛ» ПАҚ бірлесіп жүзеге асырмақ әрі әрқайсысының 50 пайыз үлесі бар. Қажетті келісімдерге қол қойылған соң бірлескен кәсіпорын – жоба операторы ретінде «Kalamkas – Khazar Operating» ЖШС құрылған.

Сонымен қатар жоспарға 2026 жылы «Қаламқас-теңіз» кен орнында өндірісті жылдам іске қосу үшін Қазақстан теңіз платформаларының құры­лысын бас­тау кіреді. Оған 6 миллиард доллар­дан астам тікелей инвестиция тартылады деп күтіліп отыр. Игеру кезеңінде 2 мыңға дейін, ал пайдалану кезеңінде 300-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады.

Жоба Қазақстанның экономикалық әлеуетін айтар­лықтай арттыруға, әлеуметтік-экономикалық дамуға қо­лайлы мүмкіндік береді. Сондай-ақ Энергетика министр­лігі атап өткендей, жоба арқылы әлемдік деңгей­дегі мамандарды даярлауға болады.

 

Елде ақбөкен саны көбейді 

в

Мамыр айының басында Қазақстан био­алуан­түрлілікті сақтау ассоциациясы елде мекендейтін ақбө­кендердің саны шамамен 2 833 600 басқа жеткенін хабарлады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 па­йызға көп. Зерттеу мамыр айындағы төлдеу кезеңіне дейін жүргізілген.

2003 жылы саны бар болғаны 20 мыңдай болған киіктің айтарлықтай көбеюі – үлкен қадам. 2015 жылы бактериялық аурудың өршуіне байланысты популяция азайды. Дегенмен Қазақстан бірнеше ауру мен экстремалды ауа райына төзімсіз жануарды қорғау аумағын кеңейтіп, санын көбейте алды. Қазір ел билігі фермерлердің де мүддесін ескере отырып, популяцияны бақылаудың жаңаша тәсілдерін қарастырып жатыр.

– Биыл мамандар ақбөкендердің санын білу мақсатында тікұшақпен 150 000 шаршы шақырым аумақты аралаған. Жануарларды үркітіп алмау үшін тікұшақтар 120 метр биіктікте 215 сағат бойы ұшқан, – дейді «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамашылары.