Суретті түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ
Жастар болашағы алаңдатады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» идеясын ардагерлер ұйымында жүзеге асыру жұмыстарын ұйымдастыруға арналған іс-шараны бірлестіктің Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ашып жүргізді. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды: жоғарыда аталған Президент идеясын жүзеге асыру үшін алға қойылған міндеттер, сондай-ақ келер жылғы Жеңістің 80 жылдығына орай қоғамдық бірлестіктің іс-шаралар жоспарын бекіту және басқа да ағымдағы мәселелер қаралды.
Жиында алғаш болып сөз алған Қазақстанның Еңбек ері, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Салахатдинұлы өткен аптада өзінің Мемлекет басшысының қабылдауында болып, ардагерлер ұйымының елдегі тұрақтылық үшін жасап жатқан жұмыстары туралы мәлімет бергенін жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлының Әділетті Қазақстан құру жолында аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да маңызды екенін айтқан ойымен бөлісті.
– Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент қоғамда жаңа кеселдердің пайда болғанын жасырмай айта келе: «Халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет» деген болатын. Президент халық үніне құлақ асатын мемлекет орнауы үшін Ұлттық құрылтайда алға қойған міндеттерді орындауға аға буынның үлес қосуын, әсіресе ұрпақ тәрбиесінде белсенді болуын тапсырды, – деді ол.
Бақтықожа Ізмұхамбетов бүгінде көпті алаңдатып отырған қоғамдық кеселдерге тоқталды. Соның біріншісі – нашақорлық. «Өкінішке қарай, нашақорлық, мамандардың айтуынша, балалар арасында да кең таралып барады» деген ол лудомания, яғни ойынқұмарлық туралы да айта келе, оның жас ұрпақтың болашағына балта шабатыны, талай шаңырақты шайқалтқаны, құмар ойын кесірінен қарызға батып, өзіне қол жұмсағандардың бар екені жайында хабардар етті.
«Үшіншіден, хейтерлер яғни адамды мазақ қылып, даттаушылар. Әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық шабуыл жасаушылар. Қазір – ғаламтордың шарықтап дамыған дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны жастардың санасын улап жатыр. Желіде әркім ойына келгенді жазады. Кей кезде жөн-жосықсыз жаланың кесірінен жаптым жала, жақтым күйенің құрбаны болып, өмірден озғандар да бар» деді ол.
Бақтықожа Салахатдинұлы қоғамда көрініс тауып жатқан діни фанатизм мен алаяқтық әрекеттерін де заманымыздың жегіқұрты ретінде атады. «Еліміздегі қауіпті кеселдің бірі – діни фанатизм. Дін тақырыбы өте нәзік. Шырпы тисе қаулап жанатын шөп сияқты өте сақтықты керек етеді. Соңғы жылдары көбейіп кеткен сақалы беліне түскен жастар, бетін бүркеп, қара жамылған қыздарымыз қоғамдық орталарда жиі кездеседі. Бұлар – теріс діни ұстанымдағы, адасқан жастар. Бір елде тұрып, Отаны бір мұсылман баласының бір-бірін сыйламауы, тыңдамауы жақсылыққа апармайды. Бұл еліміздің егемендігіне үлкен қауіп», деген ол ұрпақ тәрбиесі әрбір ардагерді ойландыратынын, сондықтан алдағы уақытта «Жастар тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы» атауымен ашық диалог алаңында осы мәселе көтерілетінін жеткізді.
Қоғамға пайдалы қос жоба
Ұйым төрағасы өз сөзінде ардагерлер тарапынан қолға алынып жатқан іргелі істерге де тоқталды. Мәселен, көктемде еліміздің біраз бөлігін еріген қар суы басқанда олар жұмылып іске кірісіп, көмек беру жұмыстарына ұйытқы болып, халық арасынан табыла білді. Сонымен бірге Президент қабылдауында Ардагерлер ұйымының «Дәнекер», «Іскерлік және жанашырлық» жобалары туралы мәлімет бергенін де айта кетті.
– Орталық кеңесте «Дәнекер» жобасы 2019 жылы, «Медиация туралы» заңды жүзеге асыру бағытында қолға алынған болатын. Нәтижесінде, ардагерлерден құралған қоғамдық медиаторлардың көмегімен соңғы 4 жылда тараптар арасындағы 6 896 даудың 4 563-і сотқа жетпей келісімге келу арқылы шешілді. 2021 жылы үкіметтік емес ұйымдар арасында «Қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайту» номинациясы бойынша «Дәнекер» жобасы жеңімпаз болып, арнайы сыйақы иеленді, – деді ол.
Былтыр Ардагерлер ұйымында қоғамға пайдасы бар «Іскерлік және жанашырлық» атауымен қанатқақты жоба қолға алынған. Оған ардагерлер кеңестері басшылық жасайды. Олар ауыл-аймақта әлеуметтік қолдауға зәру, мұқтаж азаматтарға, жанұяларға көмек көрсетуге кәсіпкерлерді, мекеме, кәсіпорындарды жұмылдырады. Қанатқақты жоба қазір Атырау, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске асып жатыр.
– «Іскерлік және жанашырлық» қанатқақты жобасының жұмысы Атырау облысында Мұрат Сақтайұлының басшылығымен тұрақты жолға қойылған. Оған өздеріңіз желтоқсанда өткен Орталық кеңестің кеңейтілген төралқа отырысында куә болдыңыздар. Бұл жобамыз Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында да жалғасын тапты. Осы жұмыстарды тез арада жолға қойып ұйымдастыра білгені үшін әріптестеріміз Мұрат Сақтайұлына, Ескендір Есмақұлына, Серік Әбішұлына алғысымды білдіремін, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Сонымен қатар ол алдағы жылы болатын Жеңістің 80 жылдығына орай Ардагерлер ұйымы әзірлік жұмыстарын бастап кеткенін, Орталық кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес, алдағы қыркүйекте ТМД елдері ардагерлері ұйымы төрағаларының қатысуымен Алматы қаласында дөңгелек үстел өтетінін хабарлады.
Ардагерлерді қолдау жалғаса береді
Пленумда сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау жағдайына тоқталды. «Бүгінгі таңда елімізде 142 соғыс ардагері тұрады. Олар үшін әлеуметтік көмек шаралары орталық та, жергілікті деңгейде де іске асырылады», деп атап көрсетті ол.
С.Жақыпова Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасып жатқанын еске салды. «Біріншіден, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60%-дан 65%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-дан 105%-ға дейін ұлғайды. 2027 жылға дейін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 70%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 120%-ға дейін арттырылатын болады. Бұдан басқа өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан соғыс ардагерлеріне ай сайын 16 АЕК немесе 59 072 теңге мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
«Екіншіден, қолданыстағы заңнама бойынша олар үшін салық салу бойынша жеңілдіктер, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда басым қызмет көрсету және кезектен тыс емдеуге жатқызу және т.б. көзделген. Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жекелеген өңірлерде коммуналдық қызметтерге, санаторийлік-курорттық емделуге, сондай-ақ қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктеріне төленетін әлеуметтік көмек ай сайын төленеді», деді С.Жақыпова.
Ол сондай-ақ соғыс ардагерлеріне Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетілетінін, ал тұрғын үй заңнамасына сәйкес оларға бірінші кезекте тұрғын үй берілетінін атап өтті.
С.Жақыпова Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында ведомство ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейтінін, ал жергілікті атқарушы органдарға ұқсас өңірлік жоспарларды әзірлеу қажеттілігі туралы хаттар жіберілетінін хабарлады.
«Министрлік жаңа бастама ретінде басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлеріне, жеңілдіктері бойынша соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және басқа да санаттарға теңестірілген ардагерлерге ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін арттыру мәселесін қарастыруда», деп түйіндеді министр.
Отбасы құндылықтарын дамыту қажет
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пленумда ардагерлердің, яғни аға буынның ұлттық бірегейлікті нығайту мен елдің қарқынды дамуындағы рөлін, сондай-ақ келер жылы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына орай, министрлік іс-шаралар жоспарын әзірлегенін атап өтті.
– Биыл Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Қазақстан ардагерлері туралы мәліметтерді қамтитын баршаға қолжетімді «Батырларға тағзым» порталы іске қосылды. Бүгінде порталдың қызмет аясы кеңейіп, барлық қазақстандық ардагерлер туралы деректерді біріктіретін ақпараттық интерактивті жүйе ретінде жұмыс істеуін мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ соғысқа қатысушыларға арналған Қазақстан-Ресей тарапының бірлескен фото-альбомын шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді ол.
Сонымен бірге А.Балаева қоғамдағы ұлттық бірлік, этностар мен діни топтар арасындағы өзара түсініктік, жастарды есірткі мен лудомания секілді түрлі жағымсыз әдеттерден сақтауда ардагерлеріміз ел ағасы ретінде өз үлестерін қосып, еңбек етіп келе жатқанын айтты.
– Бақтықожа Салахатдинұлы өз баяндамасында қоғамдағы ең көкейкесті мәселелерді айтып өтті. Десе де әрбір мемлекеттік орган жұмылып, осы қоғамдық кеселдерге қарсы белсенді жұмыс жүргізуіміз керек. Оның ішінде отбасылық, ұлттық дәстүрімізді насихаттап, оны сақтау өте өзекті болып отыр. Өйткені тәрбие ең бірінші отбасында басталады. Отбасында қандай тәрбие алса, ол кейін қоғам өмірінде көрініс табатыны рас. Өкінішке қарай, қазір жастарымыз арасында қатыгездік, буллинг көріністері көп. Сіздер осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін жергілікті жерде қоғамдық ұйымдармен, әкімдіктермен бірге жұмыс істеп жүрсіздер. Мен ардагерлер ұйымы мен біздің министрліктің бірлескен жоспарын дайындап, оны жүзеге асыруға шақырамын. Сіздердің тараптарыңыздан бізге арналған ұсыныстарыңыз болса, біз оны жұмыс жоспарына енгізіп, жүзеге асыру жолдарын өз қолымызға алатын боламыз, – деді министр.
Бұдан бөлек, А.Балаева көше атауларын беру, ескерткіштер орнату және тағы да басқа өзекті мәселелерде Ардагерлер ұйымымен тығыз байланыста, бірге жұмыс істеуге сенім білдірді. Сонымен бірге ардагерлер Аида Балаева мен Светлана Жақыповаға ономастика, ардагерлерді ем-доммен қамту, тыл еңбеккерлеріне жағдай жасау, Ақмола облысындағы Еңбек ауылына Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атын беруге қатысты, т.б. сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.
Жергілікті жердегі жүйелі жұмыстар
Жиында Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз сөзін халық бірлігін нығайтудың маңызынан бастағанын еске салды. «Бірлік пен әділдік – біз өмір сүріп отырған қоғамның үздіксіз өркендеуінің негізгі сигменті. Ол – моральдық қағида, қарама-қайшылықтың екі жағының үйлесімді бірлігі. Құрылтайдың басты өлшемі де идеалды қоғам құруды жетілдіруге үндейді. Оның бар байламы – жақсы отбасы мен өнегелі, тәрбиелі қоғам құру, бейбіт өмір сүру қағидатын қалыптастыру», деді ол.
«Алматы қалалық ардагерлер кеңесі қандай жұмыстар атқарып отыр?» деген сауалға жауап бере келе А.Бижанов: «Біздің ардагерлер кеңесі ұйымының мақсаты мен міндеті – жастарға көне дәстүрлерді жаңғыртып, әр ұлттың мәдениетінің өзіндік ерекшеліктерін түсіндіру. Мысалы, осы міндеттерді орындау жолында биыл біз қалалық ғалымдар қауымдастығымен, жастар ұйымдарымен бірлесе отырып, келе жатқан Жеңістің 80 жылдығына орай, соғыс қаһармандары С.Нұрмағамбетов, Р.Қошқарбаев, Ш.Жәнібековтердің 100 жылдығына арнап, «Қазақ батырларының ерлік және ар-намыс дәстүрлері – жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің негізі» деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Бұған қоса, қаламыздағы әлеуметтік, рухани маңызы бар «Шыңға өрлеу» атты жоба биыл да жалғасын тауып отыр. Оның маңыздылығына тоқталсақ, жағдайы қиын, көпбалалы отбасылардың балаларына ардагерлер дәріс оқып, рухани құндылықтар туралы сабақ өткізіп, тәрбие жұмысын жүргізеді», – деді.
Сапалы білім мен саналы тәрбие қатар жүруге тиіс
Қоғам қайраткері, Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлұлы баяндамасын бүгінгі таңда ел экономикасы дамып, халықтың тұрмысы да түзеле бастағанына қарамастан, жастарымыздың бір бөлігі тән құмарының соңына түсiп, рухани құндылықтарды ұмыт қалдырғаны туралы әңгімеден бастады.
– Өкінішке қарай, осының барлығы – ұрпақ тәрбиесінде жіберген кемшіліктердің салдары. Бүгінде балабақшадан бастап, орта мектеп пен жоғары оқу орындарының барлығында тәрбие жұмысы білім беру үдерісінің тасасында қалып қойғаны белгілі. Бастауыш сыныптан бастап балалардан бірнеше тілді оқып үйренуді талап етеміз. Заман талабы осы екен деп оқу бағдарламаларын да өте күрделі етіп жібергенбіз. Бір сөзбен айтқанда, жас ұрпаққа сапалы білім беруді ғана ойлап, саналы тәрбие беру мәселесіне тиісті деңгейде назар аудармай келеміз, – деді.
Адами құндылықтарды бойына сіңірген, ой-санасы өсіп-жетілген, рухани тұрғыда кемелденген азаматтары көп. Әділетті және ізгі қоғам орнатқымыз келсе, ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударуымыз керек екенін айтқан Жеңісбек Мәуленқұлұлы қазіргі таңда Түркістан облысының ардагерлер кеңесі жалпы орта мектептің бастауыш сыныптарына Дәстүртану пәнін енгізу жөнінде бастама көтеріп, нақты жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
– Әрине, Дәстүртануды жаңа пән ретінде жалпы білім беру мекемелеріне енгізу белгілі бір уақытты қажет ететіні белгілі. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ғалымдарымен бірлесіп, бүгінгі тәрбие сағаттарына балама құрал ретінде Дәстүртану сабағын өткізу бағытында нақты жұмыс атқарылып келеді. Бүгінгі таңда бастауыш сынып жетекшілеріне арналған әдістемелік көмекші құралдың нұсқасы пайдалануға берілді. Облыс көлемінде бірнеше әдістемелік семинар мен тәжірибелік сабақтар өткізілді. Ұстаздардың да, шәкірттердің де бұл пәнге қызығушылығы мен ынтасы жоғары. Алғашқы бастама көрсеткендей, балаға ұлттық танымға негізделген ойындар арқылы ұлттық дәстүрді таныстырудың оң нәтижелері байқалып жатыр, – деді ол.
Ардагерлер үлесі
Қоғам қайраткері, Алматы облысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов 2022 жылы жаңа облыс болып бөлінгелі өңірде 155 198 ардагер тұратынын, 9 аудандық, 1 қалалық, 134 округтік және 374 ауылдық ардагерлер ұйымы жұмыс істейтінін атап өтті.
Биылғы көктемде еліміздің басым бөлігін қарғын су алғанда облыс ардагерлері де сын сағатта қалыс қалмай, барынша қолдау көрсеткеніне тоқталды. «Cу тасқынында зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинау үшін «Күшіміз – бірлікте» атты 500 волонтердан тұратын штаб құрылып, Алматы облысы бойынша 400 тоннаға жуық күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, тұрмыстық техника және құрылыс материалдарын жиналды. Өңірдің бизнес субъектілері тарапынан бірыңғай арнайы шотқа қаржылай көмек ретінде 90 млн теңге аударылды. Батыс Қазақстан облысына 171 арнайы техника қызмет көрсететін мамандарымен бірге жолданып, гуманитарлық көмекті көздеген жерлерге жеткізіп, таратуға 15 волонтер атсалысты. Облыстағы «Тау Тұран» (Талғар ауданы) және «Тау Жаңашар» (Еңбекшіқазақ ауданы) балалар сауықтыру лагерьлеріне Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан 211 бала қабылданды», деді ол.
Пленумның күн тәртібіндегі екінші мәселе – Жеңістің 80 жылдығына байланысты Орталық кеңестің іс-шаралар жоспары бірауыздан бекітілгеннен кейін ұйым төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов аймақтардағы ардагерлер кеңестері жұмысына зор үлес қосып жүрген әріптестерін марапаттады. Атап айтқанда, Аманқос Төлеуов (Ақтөбе) Ардагерлер ұйымының арнайы «Құрмет белгісі» төсбелгісімен, Рымтай Шөкеев (Павлодар) «Құрмет» грамотасымен, Күлай Ермағамбетова (Қызылорда) Алғыс хатпен, Ардагерлер ұйымының жұмысын үйлестірудегі жаңашылдығы үшін Солтүстік Қазақстан облысы ардагерлер кеңесі «Жаңашыл ұжым» аталымымен, «Іскерлік және жанашырлық» қанатқақты жобасын ұйымдастырудағы белсенділігі үшін Атырау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов «Үздік ұйымдастырушы» аталымымен, «Дәнекер» жобасына қосқан зор үлесі және түрлі дауларды шешудегі кәсібилігі үшін Сатыбалды Досымбеков (Тараз) «Үздік мәмілегер» аталымымен марапатталды.