1999 жылдың мамыр айында конвейерден алғашқы өнімін алған «REN-Milk» сүт зауыты – бүгінде өңір нарығындағы белсенді ойыншы.
Өндірісті қайта іске қосқан жылдары 2 тонна шикі сүттен сүт пен айран өндірген. Сол кезде «Испат-Қармет» шахта-зауыттағы еңбеккерлерін осы кәсіпорынның ағарғанымен қамтамасыз етіпті.
«Екі тонна өнім дегеніңіз күлкілі көлем, әрине. Бірақ тұралап барып, қайта тұрған кәсіпорын үшін бұл екі тонна өте маңызды көрсеткіш еді», дейді серіктестік басшысы Василий Рычков.
Бұл уақытта кәсіпорынның алдынан бірнеше кедергі шыққан. Оның бірі – тоңазытқыш қойма тапшылығы. Дайын өнімді дереу өткізбесе, онда ол бұзылып, қаншама еңбек рәсуа болатын. Екінші түйткіл – шикізат табудың қиындығы. Уақыт өте келе елге мал біте бастаған соң, зауыт күніне он тоннадай сүт қабылдай бастайды. Аралап жүріп сүт жинайтын ауылдар қатары артады. Біртіндеп аймақтың әр тұсы мен ел астанасынан дүкендер желісі ашылады. Халықты сапалы сүт тағамымен қамтамасыз еткен кәсіпорынның қанаты кеңге осылай жайылды.
Күнделікті кәсіпорынға жеткізілген шикі сүттен 20-дан астам өнім түрі жасалады. Айран, йогурт, қаймақ, сүзбе, ірімшік, май, шоколадты май, балмұздақ секілді өнімдері өтімді. Дүкен сөрелерінде түр-түрі толып тұр.
Шикізатты іргелес Нұра, Абай, Осакаров, Қарқаралы аудандары мен Ақмола облысының оңтүстік өңірлерінен тасиды. Василий Эдуардович «Сүтті сиыр фермаларын көбейтпесе, алыс ауылдардан тасымалдау жалғаса береді», дейді. Бұл орайда директор белорусь елін мысалға алады. Ол жақта сүт тасымалдайтын көліктер әрі кетсе 25-30 шақырымға ұзайды екен. Өйткені ферма көп. Ал біздегі зауыттың көліктері әрі-бері ең кемі 400 шақырым жол жүріп келеді.
Қазір сүт тасымалдайтын әр көлікте навигация желісі бар. Бұл қондырғы арқылы сүт көлігінің қайда жүргенін біліп отыруға болады. Оқыс жағдай туындағандай болса, жедел көмекке жетуге мүмкіндік бар. Қыс қатты болған кездері қыр асқан көліктер апталап жоғалып та кеткен көрінеді. Сол себепті кәсіпорын әуелгі кезекте қауіпсіздікке ден қойған.
Сүт фабрикасында өнім сапасын қадағалайтын арнайы зертхана бар. Кез келген тауар зертхана қызметкерлерінің мақұлдауынсыз сыртқа шықпайды. Ауылдан жеткен сүт 6 тонналық танкерлерге құйылады. Әбден тазартып, суытылады. Содан соң аппараттық бөлімшеге жеткізіліп, тағы бір мәрте тазартылып, цехтарға жөнелтіледі.
Мұндағы мамандар өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарады. Азық-түлік сапасын, қаупсіздігін алдыңғы орынға қойған. Қазір фабрика мамандары ірімшік пен майды молынан әзірлеп жатыр. Өйткені көк шөптің уақытында өнімнің де құнары мол болады. Денін тоңазытқыштарына сақтап жатыр. Қыста сатылымға шығарады.
Жаз қалай шығады, цехтың балмұздағына да сұраныс солай артады. Бір ғана ауысымның өзінен 2 тоннаға жуық балмұздақ құйылады. Ресейлік қондырғының көмегімен түрлі дәмдеуіш қосып әзірленетін мұндағы балмұздақтар шынымен брендке айналды. Айран ұйытуға да көп уақыт жұмсалады екен. Сүтке арнайы ашытқы қосып, оны бөшкеде ұйытады. 37-42 градуста шамамен жарты күн тұрады. Технологтер дәмін жиі көріп, қышқылын тексеріп отырады. 1,5 пайыздық майлылығы бар айранның күніне 14-15 тоннасын өндіріп, зауыттан жөнелтеді.
Ірімшік арнайы 2 тонналық науада ашытылады. Цехта ондай 10 науа бар. Кешкілік ауысымда сүтті соған құйып, 8-9 сағат уақыт ашытады. Ертеңіне қайнатып, ірімшігін сүзеді. Дайын өнімді салқындатып алған соң, қоймаға жібереді. Әр науадан 200 келі ірімшік өндіріледі.
Фабриканың құю цехында санитарлық талаптар қатаң сақталады. Яғни мұнда дайын өнім патенттеледі. Айран, сүт, ірімшік қапшықтарға, қораптарға құйылады. Мұнда мүлдем бактерия болмауға тиіс. Әйтпесе, тонна-тонна сүт өнімі дүкен сөресіне жеткенше ашып кетіп, кәсіпорын шығынға батуы мүмкін.
«REN-Milk» – 500-ге жуық адамға жұмыс беріп отырған іргелі кәсіпорын. Теміртаумен қоса іргедегі ауылдан, қаладан қатынап істейтіндер де бар. Бірақ техникалық қызмет көрсету мамандарының жетіспеушілігі байқалады. Біраз болды, фабрика жастарды технологияға оқытып, кадр мәселесін осылай шешіп жүр.
Кәсіпорын 2018 жылы өнім көлемін 25 пайызға ұлғайтып, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме конкурсында «Үздік азық-түлік тауары» аталымын жеңіп алған.
Қарағанды облысы