Аймақтар • 11 Маусым, 2024

Қалдықтарды кәдеге жаратып отыр

85 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына жамбылдықтар белсенді атсалысып жатыр. Өңірде дарынды балаларға арналған мектептің 600-ден астам оқушысы республикалық науқанға өз үлесін қосқан.

Қалдықтарды кәдеге жаратып отыр

Тараз қаласында орналасқан тех­ни­ка­лық шығармашылық орталықтың тәрбиеленушілері экологиялық акциядан жиналған қоқыс қалдықтарын кәдеге жаратуға ниет білдіріп отыр. Жергілікті билік келтір­ген дерекке сенсек, олар алдағы уақытта қоқыс қалдықтарынан түрлі қолөнер бұйымын жасап, әулиеаталық әлеуметтің назарына ұсынбақ.

Техникалық шығармашылық орта­лықта тәлім алып жатқан жасөс­пі­рім­дер де іс-шараға қолдау білдіріп отыр. Олар қазіргі кезге дейін қоқыс қалдықтарынан 200-ден астам картина мен қуыршақтар және ыдыстар әзірлеп үлгерген. Қолөнерге аңсары ауған жас таланттар алдағы уақытта бұдан да өзге бұйымдар дайындайды.

Бұдан бөлек, білім беру ұйым­дарының жас ғалымдары эколо­­гия­ны жақсартуға бағытталған түрлі жоба әзірлеп жатыр. Нақтырақ айт­сақ, Тараз қаласындағы №7 мек­теп-гимназиясының оқушысы Д.Т­арасенко «Жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін арттыру», Меркі ауданындағы М. Әуезов атын­дағы мектеп-лицейдің білім алушысы Ж.Жеңісхан «Таза қала сізден басталады», Жуалы ауданындағы Ә. Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейдің оқу­шы­сы А. Оңдасын «Ақылды экожылыжай», Меркідегі №44 мектептің білім алушылары А. Еркінқызы мен Ө.Еңсебек «Екінші өмір сыйла» тақырыбындағы жобаларды дүниеге әкелген. Жасөс­пі­рімдер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар тағы да бірнеше жобаны әзірлеуге құлшынып отыр екен. Дерекке сенсек, қоқыс қалдығын өңдейтін зауыт жобалары алдағы уақытта Тараз қаласындағы «Көрме» залында ресми таныстырылмақ. Жамбыл жұрты «Таза Қазақстан» экологиялық акция­сына жаңашыл идеялармен кірісіп жатыр. Науқан аясында жергілікті билік бірнеше байқау ұйымдастыруды қолға алуға бекініп отыр. Қазірдің өзінде бірқатар ауданда бірнеше байқау өткізіліп қойды.

Облыс орталығы маңындағы Жам­был ауданына қарасты Ерназар ­аулында келіндер арасында «Ең таза аула» бай­қауы ұйымдастырылды. Іс-шараға 35 жасқа дейінгі 9 келін қатысты. Тұрғындар арасында экологиялық мәде­­­ниет пен тазалықты сақтауды насихаттау мақсатында өткізілген байқау көпшіліктің көңілінен шықты. Келіндер сайысын бағалаған қазылар алқасы ауыл келіндерінің іскерлігіне риза болды. Ал үздік шыққандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жалпы алғанда «Таза Қазақстан» эко­­логиялық акциясына өңірдің бар­лық ­ауданы белсенді қатысып ­жатыр. Облыс аумағындағы 10 аудан­да «Ең таза көше», «Ең таза аула», «Ең белсенді ерікті», «Ең белсенді ауыл тұрғыны», «Ең үздік аула сыпырушы» байқаулары рет-ретімен ұйымдастырылып жатыр.

Осы орайда еріктілердің, бел­сен­­ді азаматтардың еңбегін атап өткен жөн. Науқан аясында Тараз қала­сындағы «Мамыр» саябағында қала тұр­ғын­дарының қатысуымен талапқа сай сани­тарлық-тазалық жұмыстары жүргі­зілді. Ал аудандарда сенбіліктер мен таза­лық жұмыстары тұрақты түрде ұйым­дастырылып жатыр. Жергілікті билік келтірген дерекке жүгінсек, Талас өзенінің жағалауындағы, Айша бибі көшесінің бойындағы қоқыстар дер кезінде жиналды. Бұл жұмыстар Бауыр­жан Момышұлы көшесінде аялдамаларды әрлеу, «Ұлы дала», «Қарасу» шағын аудандарында да жалғасын таппақ.

«Таза Қазақстан» науқаны шең­бе­рінде өткізілетін түрлі акциялар ­ал­да­ғы күндері барлық ауданда­ өтпек. Нақтырақ айтсақ, Байзақ ауда­нының орталық саябағы, Жамбыл ауданындағы Айша бибі кесенесі, Меркі ауданындағы Сыпатай батыр, Сарысу ауданындағы Шоқай датқа кесенелерінің маңын қоқыстан тазарту жұмыстары жүр­гізіледі. Сондай-ақ Шу қаласындағы теміржолшылар саябағында да бұл жұмыс жалғасады.

 

Жамбыл облысы