Фото: aqmeshit-aptalygy.kz
«Кітап оқымайтын адамның оқи алмайтын адамнан айырмашылығы жоқ» дегендей, қазір қоғамның дені сауатты, алайда көркем әдебиетті оқитындардың қарасы аз. Рас, құрметін көрсетіп, ілтипатын білдіріп тұрады, бірақ екі-үш парақтан кейін шыдамы таусылады да, назары басқа жаққа ауып, жанары жылтырақты іздей бастайды. Сондықтан адам мен кітаптың арасына сына қағып, достығына жарықшақ түсірген – әлеуметтік желі десек қателеспейміз. Үлкен-кішіні бұғаулап алып, жоқ, баурап алып, виртуалды әлемге көшіріп жіберген жаңа технологиялар кітаптың мың жылдық салтанатына біршама бөгесін қойды. Әлбетте интернеттің игілігін жоққа шығармаймыз, дегенмен ғаламтордың берері қанша болса, алары да сонша. Қазір балалардың бейне ойындарға әуестігі ата-аналардың негізгі уайымына айналды. «Әлеуметтік желі жеткіншектің мінез-құлқына, таным-түсінігіне, ментальді һәм физикалық саулығына теріс әсер етіп жатыр», деп шыр-пыр болады қайран әке-шеше. Үлкендердің өзі де күндіз-түні WhatsApp ақтарып, Instagram қопарып, виртуалды әлемге қашан әрі қалай шомып кеткенін байқамай қалды. Бірақ әрбір ата-ана баласының көзі мен құлағын, санасы мен рухын қорғауға міндетті екенін ұмытпағаны ләзім. Себебі ғаламат жетістік ретінде жарнамаланып жатқанымен, бейне ойындар түгілі, ютубтағы мультфильмдер де ақыл қоспайды, қиялды байытпайды, сөздік қорын дамытпайды, сыни ойлауға баулымайды. Бұрын да, қазір де, интеллектуалдық өрені көтеретін, мінезді берік қылатын, ересек тартқан шағында жақсы орта табуына септесетін – кітап қана, көркем әдебиет қана, классикалық еңбектер ғана. Көзі қарақты ешбір адам бұл ақиқатты жоққа шығара алмайды. Ендеше, балаңыздың интернетте отыратын уақытын шектеуде тұрған ешбір сөкеттік жоқ. Осы мақсатта биыл Оқу-ағарту министрлігі де балалардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуге арналған «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» атты Guidebook кітапшасын әзірледі. Аталған әдістеме тоғыз бөлімнен тұрады: «Жаз кітаппен бірге», «Сенің қауіпсіз жазың», «Танымдық жаз», «Сенің өмір салтың – саламатты өмір салты», «Жаз – өнердің, шығармашылықтың және сұлулықтың қызықты әлемі», «Жаз – өзін-өзі дамыту уақыты», «Сенің алғашқы жеке күнделігің», «Өз қолыңмен жазғы сыйлық жаса», «Жазғы ойындар». Тараулардың атауынан-ақ оқушыларға пайдалы кітапша екенін аңғарамыз. Аталған министрлікке қарасты тәрбие жұмысы және қосымша білім департаменті директорының орынбасары Стэлла Ибраева әдістемелік жинақ жөнінде: «Балалардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, 1–4, 5–9, 10–11 сынып оқушылары үшін «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» Guidebook жинағының үш нұсқасы әзірленді. Оның әрбір парағында QR-кодтар орналастырылған, сол арқылы оқушы берілген тақырыптар туралы ақпарат ала алады. Мұнда орталық мемлекеттік органдармен бекітілген балаларға арналған жазғы сауықтыру орталықтарының да тізімі берілген», деді. Guidebook-тің электронды нұсқасын Оқу-ағарту министрлігінің, сондай-ақ өңірлік білім басқармалары мен білім ұйымдарының ресми сайттарынан алуға болады.
Бұл кітапшаны айтып отырған себебіміз, мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталатыны секілді, осындай шағын әрі танымдық шығармалар арқылы балалардың кітапқа деген ынтасы арта түседі. Кейін өсе келе көркем әдебиетті, классикалық еңбектерді құнығып оқитын деңгейге жетеді. Осылайша, бүгін жетім қозыдай шетте, қараусыз қалған кітап күндердің күнінде өзіне лайық орынды қайта табады.