Бұл туралы мегаполистің ақпараттық-коммуникациялық қызметінде өткен брифингте экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі К.Исмаилов мәлімдеді.
Сонымен қатар маман Үкімет қаулысымен «Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітіліп, соның негізінде биыл қала әкімдігінің өкімімен көлеңкелі экономика үлесін төмендету жөніндегі жұмыс тобы, яғни комиссияның құрылғанын жеткізді. Комиссия жұмысының мақсаты – Шымкент қаласындағы көлеңкелі экономикамен күрес, оның деңгейін төмендету және превентивті шаралар қабылдау. Сондай-ақ маман департамент қылмыстарды ашуда санға емес, сапаға жұмыс істей бастағанын, мұндағы көзделген басты мақсат қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласпау екенін атап өтті.
Деректерге көз жүгіртсек, 2024 жылдың 5 айында Шымкент қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаменті 57 қылмыстық құқық бұзушылық іс тіркеп, оның ішінде өндірістегі 35 қылмыстық істі тергеуді толық аяқтады, бүгінде 90 пайызы сотқа жолданған.
Жоғарыда айтылып өткендей, көлеңкелі экономикадағы заң бұзушылық деңгейін төмендету бағытында қалада бірқатар іс-шара атқарылды. Нәтижесінде, департамент алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымын азайтып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мәселен, 2024 жылдың 5 айында аталған іс бойынша қала аумағында жасырын 5 цех анықталып, Қылмыстық кодекстің 233-бабымен 5 қылмыстық іс тіркелді. Бүгінгі таңда 1 іс өндірісте болса, қалған төртеуіне алдағы уақытта сот үкім шығарады.
Қылмыстық істер бойынша 22 мыңнан аса дайын алкоголь өнімдері анықталды. Тарқатып айтсақ, құрамында спирті бар 2 мың литрден жоғары сұйықтық, 9 900 литр спирт, 885 литр шарап, 140 қорап қақпақ, 4 бума есепке алу маркасы, 20 бума жапсырма, 2 станок, 4 тазалағыш фильтр мен екі мыңнан аса бос бөтелке тәркіленді.
Сонымен бірге биыл ақпанда департамент қызметкерлері жүргізген кешенді арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жалған есепке алу, бақылау маркаларын пайдалану арқылы алкоголь өнімдері мен этил спиртін саудалап, сатумен айналысқан азаматтар ұсталды. Бұл қылмыстық істер бойынша тінту жүргізіліп, маңызды айғақтық заттар табылды. Яғни 9 900 литр этил спирті, дайын арақ өнімдерін жасауға қажетті заттар – қақпақ, бос бөтелке, есепке алу-бақылау маркалары анықталды. Бұдан бөлек, күдіктілерден үлкен сомада ақша алынып, ол қомақты қаражатты пайдалануға сотпен тыйым салынды.
Сондай-ақ күдікті тұлғалардың қылмыстық жолмен табылған ақша қаражаттарын әрі қарай «Kaspi Bank» депозит шотына салып, депозит бойынша үстеме пайыздар алып отырғаны белгілі болған. Онымен қоймай заңсыз ақшаға қымбат әрі жап-жаңа «Toyota Land Cruiser 300», «Zeekr 001», «KIA K8», «Hyundai Grandeur», «Volvo» секілді шетелдік автокөліктерді сатып алғандары дәлелденген. Департамент өкілдерінің мәлімдеуінше, күдіктілер қылмысын жасыру үшін сатып алған автокөліктерді жақын туыстарының атына тіркеп қойған екен.
ШЫМКЕНТ