Ғылымға, дамыған медицинаға жүгінген жөн
Осы кездесуде жасанды ұрықтандырудың көмегімен екі қызын дүниеге әкелген Əсел есімді ананың батылдығына, қайсарлығына тәнті болып, іштей «Ана кесімі айнымайды» деп сүйсінген едік. Бала сүюді аңсаған аналарға жәрдемдесіп жүрген Әсел Жұбаева – «Перзентті болу» қорының құрылтайшысы. Жолдасы Ербол Жұбаевпен 2008 жылы отбасын құрып, 2010 жылы тұңғышын дүниеге әкелген. Перзентін қолына алып, ана бақытын сезінген әйел де екінші сәбиін босану қиынға соғады деген қылдай да күмән болмаған. Алайда Әсел 2016 жылы операциядан кейін балалы болудың жалғыз жолы ЭКҰ екенін түсінеді.
«Сол жылдары халық ЭКҰ-ға үрке қарайтын. Жолдасым да келіспеді. Үзілді-кесілді қарсы болды. Қысқасы, қорықтық. Қазір ел-жұрт ЭКҰ-ның бала күтіп жүрген отбасыларға үлкен мүмкіндік екенін түсіне бастады. Негізі дәрігерлер маған диагнозды 2014 жылы қойды. Сол жылдары бірнеше тексеруден өттік. Қол-қусырып қалмадық. Кейінірек сұрастырсам, біз өткен сүрлеуден бала сүйе алмаған аналардың барлығы өтіпті. Аналардың бармаған жері, баспаған тауы жоқ шығар. Медициналық тексеруден өтіп, тауы шағылған аналар бақсы-балгер жағалайды. Барлығымыз бұдан өттік. Соңында бәріміздің басымыз ЭКҰ орталықтарында тоғысты. Бала сүюді көздегендер ештеңеден тайынбайды ғой. Біз де сондай отбасылардың қатарында болдық. Қазір өткенді еске түсірсек, күлкіміз келеді. Қазір ғылымға, дамыған медицинаға жүгінген дұрыс деп санаймын. Өйткені өзіміз балгерге барамыз деп, жағдайы нашарлап, зардап шеккендерді көп көрдік» дейді Әсел.
ЭКҰ-ға ақылы негізде жүгінген
Әсел Жұбаева 2020 жылы ЭКҰ туралы ақпараттардың анық-қанығына үңіле келе, осы әдіске жүгінуді жөн көреді. Мамырда «Экомед Астана» орталығына барып, дәрігер Алмаз Құрманәліұлымен жүздеседі. Ол кез тату отбасында есейіп келе жатқан үлкен ұл 10 жасқа толған. Ізінен ерген іні-қарындасы жоқ. Мемлекет ұсынған квотаға екінің бірі іліге алмайтын еді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы араға жыл салып қана іске аса бастаған тұс. Алайда Әселдің диагнозымен ол бағдарламаға қатысу да мүмкін емес көрінеді. Содан Әсел мамыр айынан қазанға дейін ЭКҰ-ға бірнеше рет жүгініп, бесінші мүмкіндігінде бала көтереді. Осы аралықта өзіне сенімді, жанашыр ана жеке Instagram-да парақша ашып, өзі туралы деректерді оқырманмен бөлісе бастайды. Өйткені...
«Мамырда ЭКҰ-ға жүгіне бастаған уақытта Instagram әлеуметтік желісінен жеке парақша ашып, оны «Ана болуға бастар жол» деп атадым. Өйткені біз ЭКҰ-ға барарда толымды ақпаратқа қаныға алмадық. «ЭКҰ деген не? Бұл әдіс қалай жүргізіледі, қауіпсіз бе?» деген сұрақтар алаңдатты. Осыны медицина терминдерімен емес, қарапайым ауызекі тілде түсіндіріп беретін жан табылмады. Әрине, медицина мамандарына сұрақ жоқ, олар ЭКҰ туралы бастан-аяқ түсіндіріп берді. Бірақ біз осы әдіспен босанған басқа аналардың тәжірибесін көріп-білгіміз келді. Ресейдің ақпарат көздерінде ЭКҰ туралы мәлімет көп-ақ екен. Дегенмен өзге елдің емдеу тәсілдері, бағдарламалары, протоколдары бөлек болады ғой. Содан өзім әлі бала көтермей жатып, жеке парақшамда ЭКҰ-ға қатысты өз басымнан өткерген жайттар туралы жаза бастадым. Өзге аналарға көмегім тисе екен дедім. Өзім туралы, диагнозды, қалай қаралғанымды, сараптамаларды, қанша қаржы жұмсалғанын бәрін-бәрін түсіндіруге тырыстым. Расымен, көпшілікке тақырып қызық болды. Бір өкінішім, өзімнің әлі бала көтермегенім еді. Мен бірінші мәрте ЭКҰ-ға барғанымда қазір бағдарламадан өтемін, бірден бала көтеремін, бітті деп ойлаппын. Әсте олай емес екен. Әйтеуір, қуанышымызға қарай бесінші мүмкіндікте қызымды көтердім», дейді ана өзінің оқиғасын әңгімелеп.
Үміт алдамапты
Бірден бірнеше батыл қадамға барған Әсел Жұбаева ЭКҰ тәсілі туралы мәліметке терең бойлап, тіпті орталыққа қатынауы тұрақты дағдыға айнала бастапты. Әр мүмкіндіктегі сәтсіздік жанға батады. Отбасында «балаларың бар, бәлкім бұл әдіске жүгінбей-ақ қоярсыңдар, болмайтын тәрізді» деген сарында кеңес айтқандар да болған. Бірақ бала сүюді аңсаған ана өзінің дұрыс қадам жасағанына іштей сенген. Расында, сол селкеу түспеген сенім ананы алдамапты. Instagram-дағы парақшасын үзбей жүргізіп, WhatsApp-тан бірнеше топ ұйымдастырып, аналардың басын қосқан отбасы кеңесе келе қайырымдылық қорын ашуды ойластырып жүрген еді. Бұл идеяны Әселдің жолдасы Ербол ұсыныпты. Содан әне-міне деп жүргенде тату отбасының «Перзентті болу» деп аталатын қоры тіркеліп, 7 қазанда ресми жұмыс істеп бастаса, араға бес күн салып Әсел үлкен қызын көтерген.
«Экомед Астана» клиникасына барып жүргенде небір тағдырлы адамдарды көрдік. Айтпақшы, бірер айдың ішінде Instagram арқылы жекеме жазатындар көбейген еді. Тіпті келген хаттардың барлығына жауап қайтаруға мүмкіндік болмай қалды. Сосын, маусымда WhatsApp-тан ортақ топ аштым. Өзім әлі бұл әдіспен бала көтермесем де барынша өзім секілді аналарға көмектескім келді. WhatsApp тобым да күн санап толыға берді. Дәл қазір «Перзентті болу» деп аталатын топта 3000 адам тіркелген. Негізі, WhatsApp-та ЭКҰ-ға қатысты бір емес, ондаған тобымыз бар. Сол топтардың барлығын бақылап, қолдан келгенше аналарға көмек көрсетіп жүрген жайымыз бар. Осы топтарға еліміздің барлық өңірімен қоса, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан азаматтары да қосылып жатыр. Кешегі Балаларды қорғаудың халықаралық күні қарсаңында клиникаға жиылған аналар да осы топтың мүшелері», дейді Әсел сөзін жалғап.
2021 жылы тату отбасында үлкен ұлдың артынан ілескен қыз дүниеге келіп, отбасының қуанышы еселенеді. Баласын бауырына басқан анаға дәрігер Алмаз Құрманәліұлы тағы бір перзент сүю үшін мейлінше ерте қамдану керегін ескерткен. Содан қызы бір жасқа толғанда Әсел ЭКҰ-ға тағы жүгініп, былтыр екінші қызын дүниеге әкелді.
Тегін емшараға екінің бірі іліге алмайды
Әсел Жұбаеваға диагнозы бойынша ЭКҰ-дан ақылы негізде өтуге тура келген. Демек тегін квота кез келген отбасына беріле бермейді. Квота бөлудің тәртібі солай. Диагнозға қарайды. Әсел мен Ербол ашқан «Перзентті болу» қорының артықшылығы да сол, мұнда квотаға ілікпеген аналар келеді. Қор басшылығы осыған дейін ЭКҰ-ға бірнеше анаға жолдама берсе, соның ішінде қор есебінен 3 ана босанып, баласын бауырына басқан. Қор да жасанды ұрықтандыруға жолдаманы конкурс арқылы тағайындайды. Алайда қордың басым бағыты бұл емес. Әсел Жұбаева аналарға көбіне-көп, психологиялық, моральдық жағынан көмек қолын созуға тырысады. ЭКҰ-ға жүгінуді ойлап, жүрексініп жүргендерге бағыт-бағдар сілтеп, жігерлендіруге күш салады. Әрине, қайырымды жандар қорға қаражат көбірек аударса, ЭКҰ-ға қор арқылы қатыса алатын аналардың да мүмкіндігі молаяр еді.
«Кейбір қалталы азаматтардан «бала жоқ па, асырап ал деген» сарында пікір естиміз. Мұндай жағдайды кім-кім де болсын өз басынан өткізбеген соң, айту оңай шығар. Бізге қаржы аударғанша, науқас балаларға немесе көпбалалы мұқтаж отбасыларға көмек көрсеткеніміз дұрыс дейтіндер де кезігеді. Бастысы, бізді «Экомед Астана» клиникасы қолдап отыр. Бірлесіп, біршама игі жұмысты іске асыруға ниеттіміз. Иә, «Аңсаған сәби» бағдарламасы үшін Мемлекет басшысына алғыс айтамыз. Асыл аналарымыз бұрынғыдай ЭКҰ-ға кезекті 7-10 жылдап күтпейді. Ауылдық жерлерде жұмыссыз азаматтар бар. Олар ЭКҰ-дан ақылы өте алмайды ғой. Баласыз 15, тіпті 20 жыл бірге өмір сүрген ерлі-зайыптылар бар. Олардың ЭКҰ-ға жүгініп, бала көтере алмай жүргенін көргенде жаныңа батады. Қысқасы, жасанды ұрықтандыруға жүгінгендердің өз тағдыры бар. Бірінің тағдыры бірінен оңай немесе қиын деп бөлуге болмайды. Біз әрине квотаның 7 есе көбейгеніне қуаныштымыз. Бірақ маған салса, квота берердегі бірлі-екілі кемшілікті реттеуге тырысар едім. Біз Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен жүздескенде, бағдарламаға қатысты туындаған мәселелерді айтқанбыз. Ол біз ескерткен ұсыныстардан хабардар екенін айтып қуантты. Демек алда әлі ЭКҰ-ға квота арқылы қатысатын аналардың тізімі кеңейеді деген үміттеміз», деді Әсел әңгімесін қорытындылап.
«Аңсаған сәби» бағдарламасының шарапатын көрген аналар Президент тапсырмасымен елімізде осындай мүмкіндік жасалғанына дән риза. Тек кейбір жағдайларда диагнозға байланысты квотаға іліге алмайтын отбасылар үшін бағдарламаның кей тұсын жетілдіре түссе деген тілек бар.