Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай
Жоғары оқу орны мен өңірдегі химия өндірісінің локомотиві саналатын «Қазфосфат» ЖШС және Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университеті бірлесіп қолға алған жобаның алғашқы түлектері кәсіби мамандардан дәріс алып, білімін жетілдірді.
Ал бірер күн бұрын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Менделеев сыныбы» жобасының 10-11 сынып бітірушілеріне сертификат табыстау рәсімі салтанатты түрде ұйымдастырылды. Іс-шараға Д.Менделеев атындағы РХТУ, «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлері, қала мектептеріндегі химия пәнінің мұғалімдері, Дулати университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Былтырғы қазан мен биылғы мамыр айы аралығында тараздық 22 оқушыға Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті мен Дулати университетінің оқытушылары дәріс берді. Кәсіби мамандардың тәлімін алған білім алушылар жоба аясында оқуын тәмамдап, химия-математика бағытында білімін ұштады.
М.Х.Дулати университетінің басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімованың айтуынша, химия өнеркәсібінде нақты жобаларды жүзеге асыру үшін түрлі біліктілігі бар 15 мыңнан астам қызметкер қажет. Оның ішінде 3 мыңнан астам жоғары білімді, 2 мыңнан астам орта техникалық білімі бар және кәсіптік білімі бар жұмысшылар керек екені анықталған.
«Қазфосфат» ЖШС өндірісінің артуына байланысты бүгінгі таңда 4000-ға жуық маман қажеттілігі туындап отыр. Ал өңірлік университетке химия өнеркәсібі үшін мамандарды даярлау міндеті жүктелген.
Іс-шараға бейнебайланыс арқылы қосылған Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті ректорының міндетін атқарушы Илья Воротынцев түлектерді құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ ол «Менделеев сыныбы» жобасы әрі қарай жалғасын табатынын айтты.
«Қазфосфат» ЖШС персоналмен жұмыс департаментінің директоры Қайрат Болатов түлектерді жобаны сәтті аяқтауымен құттықтады. Химия саласы мамандарын мектеп табалдырығынан бастап даярлау тиімді бастама екенін айтқан ол оқушыларды әрі қарай ізденуге, терең білім алуға шақырды. Қ.Болатовтың айтуынша, «Қазфосфат» ЖШС-на қарасты зауыттарға білікті кадрлар қажет. Ол мамандар «Менделеев сыныбы» түлектері арасынан шықса құба-құп.
Іс-шара барысында мамандар қолынан сертификат алған оқушылар болашақта химия саласының білікті маманы атануға ниетті екенін жеткізді.
Тараз