Университет • 12 Маусым, 2024

Түлектерге диплом табысталды

85 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Nazarbayev University дипломын 1507 студент алды. Олардың 1038-і бакалавр, 408-і магистр, 42-і PhD және 19-ы медицина докторы. Айта кетейік, бітіруші түлектердің қатарында 54 шетелдік білім алушы да бар. Салтанатты диплом табыстау рәсіміне студенттер, университет басшылығы мен профессорлар, Парламент депутаттары, университеттің Қамқоршылық кеңес мүшелері қатысты.

Түлектерге диплом табысталды

Фото: tengrinews.kz

Биылғы түлектердің дені Жара­тылыстану, гуманитарлық және әлеу­меттік ғылымдар мектебінің (565 түлек), сондай-ақ Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің (582) студенттері. Ал Жоғары бизнес, Білім беру және Мемлекеттік саясат мектептерін 164 сту­дент, Медицина мектебін 139, Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мек­тебін 57 студент тәмамдады.

Салтанатты іс-шарада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үздік магистрлер мен докторларға диплом табыстап, түлектерге ақ жол тіледі: 

«NU – еліміздегі инновациялық зерттеулер мен жоғары білімге жетек­шілік етіп, сіздер сияқты талантты көшбасшыларды тәрбиелеп жатыр. Мен адалдығы мен еңбекқорлығы үшін университет оқытушылары мен басшылығына алғыс айтамын. Бұл білім ордасы – әлемдегі ең үздік 100-ге жуық жас университеттің бірі, сондай-ақ Азиядағы үздік жоғары оқу орындарының қатарында. Әрине, ол еліміздегі  зерттеу университеттерінің көшін бастап тұр»,  деді ол.

Сонымен қатар Парламент Мәжі­лісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Айма­ғамбетов жоғары оқу орнын бітірген 10 үздік студентке диплом табыстап, Nazarbayev University жетістіктеріне тоқталды.

«Университет миссиясы – мемле­кеттік саясат пен бизнесте, білім мен ғылымда өзгерістердің басында тұратын біліктілігі жоғары мамандар­ды даярлау. Бар-жоғы 14 жылдың ішінде NU жоғары білім саласында ха­лықаралық қауымдастықтың іші­нен өз орнын тауып, беделді «Times Higher Education» рейтингінде әлем бойын­ша үздік зерттеу университеттерінің ­30 пайызының, сондай-ақ Азияның үз­дік университеттерінің 11 пайы­зы­ның қатарына кірді. Студенттер мен түлектердің жеткен жетістіктері университеттің жаһандық жоғары білім саласындағы беделін нығайта түседі»,  деді ол.