Сондай-ақ мегаполистің мәдени нысандары 100% реновациялық жаңарудан өткізілмек. Қызметкерлер теорияда да, практикада да заманауи стандарттар мен клиентке бағытталған коммуникацияны зерттеуге баса назар аудара отырып, жаңа дағдылар мен құзыреттерге ие болады.
Халықаралық тәжірибе барысында музей қызметкерлері Францияның ұлттық ескерткіштер орталығында білім алып, «Musée du Louvre» жұмыс әдістерін зерттеді.
Ал алматылық кітапханашылар Сеул кітапханаларында «Gachon University», «Namsan Public Library», «Starfield Library», «Nlcy», «Seoul Women's University Library» және «Chung Ang University Library» сынды тағылымдамадан өтті.
Алматы циркінің әртістері алғаш рет Бейжің халықаралық акробатика мектебінде және Ресей театр өнері институты – ГИТИС-те біліктіліктерін арттырды.
«Мәдениет саласының қызметкерлері алғаш рет осындай бірегей мүмкіндікке ие болды. Әлемнің жетекші мәдени орталықтарының қабырғасында оқып, кәсіби дағдыларын жетілдірді. Қала әкімі Ерболат Досаев аталған саланы дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл ауқымды іс-шараларды өткізу, мәдениет нысандарын жаңғырту қызметкерлердің ой-өрісін дамытуға сөзсіз әсер етеді. Цирк және жергілікті театр әртістері, мұражайтанушы мен кітапханашылар, сондай-ақ хайуанаттар бағы мен мұрағат қызметкерлері – кейінгі екі жылда 200-ге жуық маман шетелде оқып келді», дейді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілі.
Айта кетейік, аталған сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ел мәдениеті мен туризмінің дамуына қай жағынан да тиімді. Мәселен, 2023 жылы туризм секторы мегаполис бюджетіне 71,7 млрд теңгеден астам салық түсімдерін әкелген. Яғни былтыр Алматыға 2 миллион турист келді. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.