Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ
Салған ұясы сондай әдемі. Теп-тегіс, жұп-жұмыр етіп түсіреді. Жуан бөрененің қапталына қалаған ұяның беріктігін көргім келді-ау деймін, сатымен көтеріліп бара жатыр едім, жон арқама әлдене сарт ете түсті. Атамның ақ таяғы екен. Аңтарыла қараған маған:
– Ұя бұзған оңбайды, – деді ызғарлы үнмен.
Арада қаншама жыл өтті. Қарлығаштың ұясын ұмыттым, ал атамның ақ таяғы арқама батпағанымен, жуырда есіме түсті. Көктемде немере ағамыздың үйіне зәуі бір себеппен бара қалдым. Үй іші көңілсіз. Тұрмыстағы қыздарының жағдайы жайсыз екен. Ел аман, жұрт тынышта екі иінінен демалып жүретін жеңгемнің ашуы қара қазанды қайнатқандай.
– Жүріңдер, – деді жеңгем інілеріне, – барып алып қайтамыз. Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды.
Өздері бес-алты адам. Екі көлікпен аттанбақ. Басу айтқан біздің сөзімізді құлақтарына ілер емес. Үзеңгіге аяқтарын салып тұрғанда көршілері басу айтқан:
– «Ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі» деуші еді бұрынғылар. Жастар өздері жарасып кетеді. Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұра ма? Сылдырласа сылдырласын, сынбаса болды ғой.
Дәл осы сәтте жон арқамның сыздап кеткені. Атамның ақ таяғы тиген жер. Сөзі де есімде. Ұя бұзған оңбайды.