«Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмінің басты кейіпкері Райлиді блогер Ақерке Естайқызы, әнші әрі актриса Гүлнар Тілебалды, кино, театр және дубляж актрисасы Алма Қылмұқан, кино және театр актері, режиссер Рүстем Жаныаманов дыбыстаған. «Ninety One» бой-бэндінің солистері – Азамат Ашмақын мен Батырхан Мәліков, дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев та жобаға үлес қосты.
«Disney» студиясының бастамасына қолдау білдірген Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бұл қадам контент жасаушыларға үлгі боларлық іс екенін айтты.
«Жыл сайын «Disney» компаниясы фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын ұсынады. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы – біз үшін маңызды оқиға. Бұл – қазақ тілінде еркін сөйлейтін ортаға да, тілді үйренушілерге де пайдалы, әрі қуанышты оқиға. Қазақша дубляж саласы кейінгі жылдары жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мәселен, «Ойжұмбақ 2» фильмінің дубляжында қазақ тілінің қолданыс аясын, әсіресе балалар арасында сирек қолданылатын төл лексиканы орнықтыруға жол ашатын мысалдар көп. Ана тіліміздің өрісін баланың сүйікті кейіпкерлері арқылы кеңейту – өте ұтымды тәсіл. Фильмді көрген әр балдырған жаңа сөз үйреніп, оны қолдана алса, жақсы емес пе? Мұндай бастаманы қолдап, өзгелерге мысал ретінде таратуымыз керек», деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
«Фильмдерді әртүрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – «Disney» компаниясындағы контент әзірлеу жұмысының ажырамас бөлігі әрі бұрыннан қалыптасқан үрдісі. Сол себепті «Disney Character Voices International» ұжымы әр фильмнің түрлі тілдерге аударылған 30-ға жуық нұсқасын әзірлейді. Олардың әрқайсысындағы кейіпкерлердің бірегей бейнесін сақтай отырып, оны көрермендерге «жақын» әрі түсінікті етіп аударатын, дубляждайтын дарынды шығармашылық кеңесшілер мен техникалық мамандар тобы жұмылдырылады, дейді Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Грузия және Моңғолиядағы «Disney» компаниясының бас директоры Кахабер Абашидзе.
«Disney» фильмдерінің еліміздегі ресми дистрибьюторы, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко: «Еліміздің көрермені мемлекеттік тілде көрсетілетін «Disney» премьераларын қашанда ерекше ықыласпен қарсы алады. Бұл дәстүр 2024 жылы да жалғасын таппақ. Үлкен экрандардан қазақ тілінде көрсетілген «Моана», «Көліктер 3», «Коконың құпиясы», «Арыстан патша» (2019) фильмдерінің қатары жаңа туындылармен толығады. Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндерге де, тілді енді үйреніп жүргендерге де сапалы дубляждалған фильмдер пайдалы болары анық», – дейді ол.
«Ойжұмбақ 2» фильмі кинотеатрларда 14 маусымнан бастап көрсетіледі. Ал «Моана 2» анимациялық шытырман оқиғасын қараша айынан бастап тамашалай аламыз. Үшінші туынды – «Муфаса: Арыстан патша» көркем фильмі Муфасаның балалық және жастық шағын, бауыры Шраммен арадағы өшпенділіктің түпкі тарихын баяндайды.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыты «Disney» компаниясының ұстанымымен үндес келеді. Біздің ұйым мемлекеттік тілдегі контент қорын, атап айтқанда, бала тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға әрі маман болып қалыптасуына керек мазмұн қорын арттыруға басымдық береді. Әлемдік анимация жауһарлары, қазақ тіліндегі кинопрокат бағытындағы контентті қазақ тіліне аудару бастамасын барынша қолдаймыз. «Disney» компаниясының бұл бастамасы өзге де контент өндірушілерге өте жақсы үлгі деп санаймыз», дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.