Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында отандық кәсіпорындар үшін шикізатқа импорттық кеден бажы мөлшерлемесі және мазутқа, вакуумдық газойлға және пеш отынына қатысты шетке шығару кеден бажын өзгерту бойынша ұсыныстар қаралды.
Сондай-ақ, комиссия Кеден одағы елдері бастамашылық еткен бірқатар тауарлар импортына кеден бажы мөлшерлемесін өзгертудің мақсаттылығын қарады.
Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев бірқатар тиісті тапсырмалар берді.
* * *
Осы күні Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның 17-ші отырысы өтті.
Комиссия мақта саласын дамыту мәселелерін қарады. Атап айтқанда, мақта өңдейтін ұйымдардың басқа қызметті жүзеге асыруына тыйымды алып тастау туралы ұсыныс қолдау тапты. Бұл шектеу «Мақта саласын дамыту туралы» заңмен регламенттелген. Сондай-ақ, комиссия қаржылық мониторинг субъектілерінің тізімін кеңейту мәселесін қарады. Бүгінгі күндері ақшаны жылыстатуға және қаржылық лаңкестікке қарсы тұру жөніндегі халықаралық стандарттар бойынша Қазақстанда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), қаржы қызметін ұсынатын және лаңкестікті қаржыландыратын барлық тұлғаларға қарсы тұру жөніндегі заңнамалар талаптарын сақтау режімін тарату талап етіледі.
Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев қабылданған шешімдерді жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
* * *
Сондай-ақ, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар, «ҚазМұнайГаз» АҚ, отандық мұнай өңдеуші кәсіпорындар басшыларының қатысуымен мұнай өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Кеңесте ішкі нарықты ашық түсті мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелері қаралды, сондай-ақ Павлодар мұнай-химия зауыты, Атырау, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын қайта құру және жаңғырту жобаларының іске асырылу барысы жайлы есептер тыңдалды.
Энергетика министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2014 жылы бұл кәсіпорындарда шамамен 1,9 млн. тонна АИ-92 маркалы бензин және 4,1 млн. тонна дизель отыны өндірілді. АИ-92 маркалы бензинді ішкі тұтыну көлемі 2,9 млн. тоннаны, дизель отыны 4,9 млн. тоннаны құрады. Мұнай өнімдерінің жетіспейтін көлемі импортталды.
Үш отандық МӨЗ-де қайта жөндеу мен жаңғыртуды 2016 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл ашық түсті мұнаймен ішкі сұранысты толықтай қамтамасыз етуге, 2017 жылға қарай зауыттардың жиынтық қуатын жылына 18,5 млн. тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бақытжан Сағынтаев бекітілген кестеге сәйкес МӨЗ қайта жөндеу және жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Жобаларды іске асыру барысы Үкіметтің тұрақты бақылауында болмақ.