Фото: symlog.eu
Кешенді жұмыс нәтижесінде жылға жуық уақыт ішінде құрылыс жұмыстары жүрген ірі көтерме сауда орталығының бірінші кезеңі ашылды. Бір мезгілде 40 мың тонна өнім сақтайтын көтерме-тарату орталығы инвесторлар қаржысына салынды. Инвестицияланған қаражат көлемі – 4 млрд теңгеге жуық. Ауданы 8 гектарды құрайтын аумақта 10 693 тоннаға арналған құрғақ қойма мен 30 мың тонналық климаттық қоймалар бар. Сондай-ақ көтерме-тарату орталығындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын 4 қойма пайдалануға берілді.
«Маңғыстау облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – негізгі мәселелердің бірі. Жоба толыққанды іске қосылғаннан кейін кәсіпкер шығыны субсидияланады. Орталық еліміздегі өзге облыстардың кәсіпкерлеріне, өлкеміздің кәсіпкерлеріне зор мүмкіндік береді. Өз кезегінде нарықта азық-түлік тауарларының көбеюіне, оның бағасын тұрақтандыруға ықпал етеді», деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жаңа орталықтың бірінші кезеңінің ашылу салтанатында.
Жобаның екінші кезеңі аясында салынып жатқан қос қабатты көтерме сауда базарының да жұмысы түгелге дерлік орындалды. Құрылысты 2024 жылдың екінші жарты жылдығында аяқтау жоспарланып отыр.
Сауда базары іске қосылған соң жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілері сауда орындарына қолжеткізіп, өз өнімдерін делдалсыз сатуға мүмкіндік алады. Делдалсыз сату – тауар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді деген сенім бар.
Маңғыстау облысы