1969 жылы туған науқастың осыдан отыз жыл бұрын, яғни 1994 жылы жамбас мойны сынып, оған уақытында хирургиялық көмек көрсетілмегендіктен, оң аяғы 10 сантиметрге дейін қысқарып қана қоймай, жылдар бойы жанына батып, жағдайы нашарлай түскен. Ескі жарақат созылмалы дертке айналып, жүріп-тұруын да қиындата берген.
Жақында алматылық травматологтер 55-тегі науқастың аяғын 10 см ұзартып берді. Күрделі операция кезінде Дәулет Чукманов науқасқа жамбас буынының жалпы эндопротезін орнатуға қол жеткізді. 1,5 сағатқа созылған хирургиялық араласудың арқасында травматологтер аяқтың қалыпты ұзындығын ғана емес, буын қызметін де қалпына келтірді.
Эндопротездеу – маманның машығы мен шеберлігін қажет ететін күрделі және жоғары технологиялық процедура.
«Операция сәтті өтті, науқас өзіне келе бастады. Аяқтың ұзаруы мен эндопротез орнату науқастың жамбас сүйектерінің икемділігін, денсаулығын едәуір жақсартып, қалыпты физикалық белсенділікке оралуға, созылмалы ауырсынудан арылуға мүмкіндік берді», дейді Дәулет Чукманов.
АЛМАТЫ