Кәсіпкер • 13 Маусым, 2024

Әлем нарығын бағындырған «Бал текстиль»

152 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Импорттық өнімдерді отандық тауарлармен алмастыру, экспорт­тық әлеуетті арттыру саясатының нәтижесінде, елі­мізде көптеген инно­вациялық өндіріс орындары пайда бол­ды. Соның бірі «Бал Текстиль» ЖШС кілем тоқу фабрикасы. Мұндай кәсіпорынның Шымкент қаласынан ашылуы заң­ды­лық. Өйткені республиканың оңтүстік өлкесіндегі алып мегаполис ежелден еліміздің тоқыма өнеркәсібінің отаны­ сана­лады. Бұл бір жағынан жұмыс күшінің жеткілікті болуы­­нан болса, екіншіден көршілес Түркістан облысының мақ­та­­­шылары шаһардағы тоқыма кәсіпорындарын қажетті шикі­затпен қамтамасыз етіп отыр. Оның үстіне жергілікті атқа­рушы биліктің бизнеске қолайлы инвестициялық ахуал қалып­тас­тыруы да жеңіл өнеркәсіптің жылдам өсуіне негіз қалады.

Әлем нарығын бағындырған «Бал текстиль»

Компания басшысы Тал­ғат­ Ысқақовтың айтуын­ша, «Бал текстиль» кілем және кілем бұйымдарын шыға­ра­тын еліміздегі тұңғыш фабрика болса, Орталық Азияда да ең ірі кілем тоқу кәсіпорындарының біріне кіреді. Өндіріс орнының тарихына тоқталсақ, 2013 жылы «Индустрияландыру картасы» аясында Шымкентте орналасқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан ашылды. Өз кезегінде арнайы экономикалық аймақтың құрылуы елімізде тоқыма өнер­кә­сібін дамытуға арналған болатын. Бүгінгі таңда тоқыма фабрикалары шоғырланған бұл аймақта кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан бар жағдай жасалған. Мәселен, импорттық шикізатқа салық пен кедендік баж салығы бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Бұдан бөлек инженерлік-коммуникация­лық инфрақұрылымдар кәсіпорын алаңына дейін тегін тартылады. Міне, осындай қолдаудың нәтижесінде, кілем бұйымдарын шығаратын кәсіпорын қысқа мерзімде өндірісті алға қойып, көптеген шетелдік әріптестерімен серіктестік орнатуға мүмкіндік алды.

«Өзім жастайымнан кәсіпкер болсам деп армандайтынмын. Жай алып-сатумен емес, нақты бір елге пайдасын тигізетін зат шығарсам деген мақсатым болды. Сол идеям­нан өмірге осы «Бал Текстиль» компаниясы келді. Қазір кілем тоқу фабрикасы маман­дандырылған үлгідегі отандық өнді­рісті дамытуға үлкен үлес қосып жатыр. Неліктен кілем бұйымдары өндірісінің бизнесіне тоқталдым деген сауалға жауап берсем, басында мен саудамен айналыстым. Сырттан кілем бұйымдарын әкеліп саттым. Сонда тұтынушылардың әдемі қалы кілем­дерге сұранысы жоғары екенін байқадым. Шымкент қаласында арнайы экономикалық аймақтың ашылуы көптен бері ойымда жүр­ген жос­парларымды жүзеге асыру­дың керемет сәті болды. Ірі кәсіп­орын құру үшін демеу болатын инвес­­тиция­лық қаржы қажет екені белгілі. Осы орайда, табысты келіс­сөз­дердің нәтижесінде, мені­мен серік­­тес болуға уағдаласқан инвес­тор­лар табылып, екі тараптың күші­мен осы бүгінгі зауыттың іргетасы қала­нды» деді кәсіпорын басшысы Т.Ысқақов.

Айта кету керек, алғашқы 8 жыл ішінде компания 4 кезең бо­йынша дамыды. 2018 жылы 3-цех пай­­далануға берілсе, 2021 жылы 4-цехтың құрылысы аяқталды. Осы­нау ауқымды кеңеюлер арқылы бой көтерген цехтарда заманауи құрал-жабдықтар пайда болып, өндіріс күшінің артуына байланыс­ты көптеген жаңа жұмыс орындары ашылды.

Кәсіпорын құру да оңай емес. Сондықтан бастапқы кезде біраз қиындықтардың болғанын айтады компания басшысы Т.Ысқақов. Мәселен, өнімді өткізу мәселесінде қиындықтар туды. Себебі алғашында өзіміздің азаматтар отандық кілемді көріп таңғалғанымен, оның сапасы импорттық баламамен салыс­тырғанда бір мысқал да кем түс­пейтініне шамалы күмәнмен қарапты. Әу баста ішкі нарықты шетелдің кілемдері жаулады. Оның ішінде түрік кілемдері болды. Жұрт сол импорттық тауарларды біразға дейін артық көріп жүрді дейді. Бірақ атқарушы билік әрдайым отандық өндірістің өрістеуіне қолдау көрсетеді. Соның нәтижесінде, кәсіпорын іске қосылған соң тез арада аяққа тұрып кетті. Тіпті бүгінгі таңда шетелден келетін инвесторлар мегаполистің өндірістік әлеуетімен танысу үшін арнайы экономикалық аймағына барып, кілем тоқу фабрикасына соқпай кетпейді. Сонымен бірге Президент тапсырмасына орай жүзеге асырылып жатқан қуатты өңірлер стратегиялық жоспарын орындау мақсатында жергілікті өндіріс орын­дарының хал-ахуалын зерделеу үшін үкіметтік деңгейдегі атқарушы билік өкілдері де «Бал текстиль» кілем тоқу фабрикасына жиі бас сұғады.

Аталған серіктестік айналдырған он жылдың ішінде-ақ Қазақстандағы жоғары сапалы және қымбат емес кілемдер шығаратын ірі өндірушіге айналды. Осыған қарап фабриканы шын мәнінде еліміздегі кілем өнеркәсібінің көшбасшысы деуге болады. Кәсіпорын тек ішкі нарықты тауарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемнің 10 елінің де нарығын бағындырды.

Компания басшысы «Бал Текс­тильдің» өндірістік бағдар­ла­ма­сы екі ба­ғытта құралғанын айтады. Ол кілем және кілем бұйымдарын өнді­­ру мен полипропилен жіптерін шы­ғару.

«Біздің компания «BCF», «Heat-Set», «Frize» сауда маркасымен кілем­­дер тоқиды, сонымен бірге по­ли­­­­про­­пилен жіптерін шығаруды жол­ға қойдық. Өндіріске қажетті ши­кі­зат өзімізде болмағандықтан тіке­лей Түркия, Бангладеш, Үндістан, Ресей­ден және тағы да басқа елдерден алдырамыз. Кілемдер Бель­гия­ның «Michel Van De Wiele» деп ата­латын жоғары технологиялы жаб­ды­ғында өндіріледі. Осы күнде «Бал Текс­тиль» фабрикасы өндірістік желі­сіне 16 «Michel Van De Wiele» тоқы­ма станогін орнаттық» деді Т.Ысқақов.

Ал полипропиленді синте­ти­калық жіптер Oerlikon Neumag (Гер­мания), Allma Volkmann (Франция), SUPERBA (Франция), Ornek Makina (Түркия) фирмаларының соңғы үлгідегі жабдықтарында иіріледі.

Жалпы кәсіпорын 2015 жылдың өзінде кілем өндіруге, сондай-ақ полипропилен жіп шығаруға арналған Heat Set, BCF, Freeze секілді станоктарды іске қосқан. Сол арқылы фабрикадағы кілем тоқу машиналарының қуатын толық пайдалануға мүмкіндік туды. Компания кілем тоқу ісіне қажетті жіпті де өздері өндіретін болғандық­тан шикізатқа деген тәуелділіктен біршама арылды. Бұл өз кезегінде өндірілетін кілем бұйымдарының ассортиментін кеңейтуге, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге жол ашты.

Серіктестік басшысының мәлі­­м­деуінше, кілем және кілем бұйым­дарының өндірістік қуаты жылына 7 миллион шаршы метрден асады екен. Ал полипропилен жіптерінің өндірістік қуаты жылына 4 мың тоннаны құрайды.

Он жылдан астам уақыт ішінде «Бал Текстиль» компаниясы тұты­нушылар тарапынан үлкен сенімге ие болуымен қатар өндірістік салада да қомақты табыстарға қол жеткізді. Ендеше, сол жетістіктер­ді қысқаша санамалап шықсақ, мәселен, 2013 жылы серіктестік еліміздің ең ұсақ кәсіпорындарының «ТОП 20» қатарына кірді. 2014 жылы отандық тауар өндірушілер арасында өткізілген «Алтын Сапа» бай­қауында «Бал Текстиль» ЖШС өнімдері «Халықтың үздік тұтыну тауары» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. 2015 жылы біз аймақтағы орта бизнес субъектілері арасында «Үздік салық төлеуші» деген номинацияны жеңіп алды. 2016 жылы Швейцарияның Женева қаласында өткен халықаралық конвенцияда «Үздік сапа» аталымы бойынша «Алтын Жұлдыз» - ISAQ сыйлығына ие болды. 2017 жылдың маусым айында «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық байқауында «Үздік тұтыну тауары» номинациясымен жүлделі I орын иеленді. 2018 жылы «Алтын Cапа» байқауында «Халық тұтынатын үздік тауар» номинация­сы бұйырып, арнайы сыйлықпен марапатталды.

«Кең ассортимент пен қол­жетімді бағалардың нәти­же­сінде, біздің кілемдеріміз ТМД елдерінде ғана емес Еуропа нарығында да үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Мәселен, біз әлемдегі ең ірі тұрмыстық тауарларды сата­тын сауда желісі IKEA-ға өнім жеткізуші ретінде Қазақстан атынан ендік. Біздің өнімдер ұлттық стандарттарға, СТ-KZ талаптарына, сонымен бірге халықаралық ISO 9001-2009 стандарттарына толы­ғымен сәйкес келеді. Фабрика жұмыс­шыларына да бар жағдай қарастырылған. Мүмкіндігінше әлеуметтік мәселелерін шешуге тырысамыз. Сол үшін жұмыстан арнайы автобус бөлгіздік. Ол күн сайын­ жұмысшыларды еңбек кестесі бойынша фабрикаға әкеліп, қайта үйле­ріне тасымалдайды. Бұдан бөлек, кәсіп­орында әлеуметтік талондар қарас­т­­ырылған. Онымен қаладағы ірі сауда дүкендері желі­сінен үйге қ­а­жетті азық-түлік та­уарларын алуға болады. Сондай-ақ жаңадан жұ­мысқа қабылданатын азаматтарға тәжі­рибелік сынақ мерзімінде қосым­ша ақы төленеді. Егер талабы жақсы болып, әрі қарай біліктілігін арт­тырғысы келсе, шетелде тегін білім алу­ға мүмкіндік бар. Ең бастысы, кәсіп­орында жұмыс­шылар үлкен ұжым болса да өзде­рін бір үйдің балала­рын­дай сезінеді. Еңбеккерлердің бір-бірімен сыйлас­тығы, жұмысшы мен бас­шылықтың арасында құрмет біз үшін өте маңызды. Сондықтан да бірлігі бекем, татулығы тонның ішкі бауын­дай ұжым құру біздің басты мақ­са­тымыз болып қала бермек», деді Т.Ысқақов.