Табиғатты ластамау, қоқысты сұрыптау – әркімнің қолынан келетін іс. Алайда жиналған қалдықты кәдеге жаратып, пайдалы дүние жасап шығару – тек жасампаз адамға тән қасиет. Осындай идеямен жыл сайын «3.2.1.Старт!» әлеуметтік жобасы еліміздің жоғары оқу орындары арасында байқау ұйымдастырады. Биыл да дәстүрден жаңылмай, пластик жинау мен өңдеуден конкурс өтіп, 10 университет өзара бақ сынады.
«Жобаның негізгі мақсаты – жастардың экологиялық санасын, қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру. Жылдар бойы біз қоғам, Үкіметпен бірлесе қаптама жинауға үлес қосатын түрлі жобаны сәтті жүзеге асырып келеміз. Соның бірі – «3.2.1.Старт!» жобасы. Бастама аясында байқау ұйымдастырылып, студенттер пластик қалдықтарын жинап, олардың көлемін есептеп, ай сайын қайта өңдеуге жіберіп отырды. Қатысқан ЖОО-ға тегін арнайы қағаздан жасалған қоқыс жәшіктерін орнаттық. Қай ЖОО көп пластик жинайды, сұрыптау бойынша қандай тың идея ұсынады, сол жеңімпаз деп танылды. Нәтижесінде, 17 тонна пластик жиналды. Студенттерден бөлек, біз қалдық жинаумен және оны қайта өңдеумен айналысатын ұйымдармен бірлесе еліміздің түрлі қаласында қалдық жинау инфрақұрылымына инвестиция жасап келеміз. Өйткені қаптама қалдықтар мәселесін шешуге әрқайсысымыз үлес қоса аламыз», деді «CCI Kazakhstan» компаниясының корпоративтік байланыстар және тұрақты даму жөніндегі директоры Әлима Исембаева.
Жарысқа түскен жастар қарапайым пластик бөтелкеден үй жиһазы, гүл құмырасы, жол жиектері, тіпті заманауи 3D принтеріне арналған қоспа жасап шығаруға болатын жобаларын ұсынған. Арасынан 8 тоннаға жуық пластик жинап, бірінші орын алған «Satbayev University»-дің жас инженерлері тың идеяларымен көпті тәнті етті.
«Пластик қалдықтарын өңдеп, одан бөлме өсімдіктеріне арналған ыдыстар мен құтыларды жасауды жоспарлап отырмыз. Себебі университетіміздің ішінде өсімдіктердің саны артып келеді. Сұраныс бар. Жол жиектерін жасауға болатынын да көрсеттік. Сосын зертханаларымызда сынақтарда да қолданғымыз келеді. Алда протездер мен гипс материалын жасауды көздеп отырмыз. Пластик жинауға университеттің барлық студенті белсенді қатысты. Қалдық салатын арнайы ыдыс студенттік қалашықтың барлық жеріне орнатылып, қолданылған пластиктер соған салынды. Сондай-ақ университет маңайына жасыл желек отырғызылып, толық көлемдегі 5 сенбілік өткізілді. Оған ЖОО-ның 3 мыңнан астам студенті қатысты. Бұл табандылық пен еңбектің арқасында жеткен жеңіс», деді «Satbayev University» студенті Мирас Асқар.
Ал Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің өрендері 4 жарым тонна пластик қалдығын жинап, байқауда жұртты 3D принтер қоспасын жасап таңғалдырды.
«Біз пластикті өңдейтін станок құрастырдық. Ол үшін филамент деген затты жасап шығардық. Ал оны жасау үшін пластик бөтелкені алып, қажетті өлшемде тарамдап кесіп, жоғары температурада өңдеп, филамент қоспасын алдық. Кейін оны принтерден түрлі заттарды басып шығаруға арнайы шикізат ретінде қолдануға болатынын түрлі тәжірибе негізінде көз жеткіздік», дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ студенті Валерия Парубчишина.
Байқауда инновациялық жобалармен қатар, жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ете алатын идеялар да көпті қызықтырды. Мәселен, Абай атындағы педагогикалық университеттің жас экологтері дизайн, бизнес және басқару саласындағы студенттермен бірігіп, пластик қалдықтарынан сән өнімдерін жасайтын зауыт ашу жобасын ұсыныпты. Осы орайда форум барысында бастама авторы, «Аяла» эко-клубының белсендісі Назерке Жұмағали қазіргі жастардың экомәдениеті турасында ойымен бөлісті.
«Қоғамның мобильді бөлігі, жаңа инновациялар көзі бастамашысы – жастар. Олар кез келген дүниені тез меңгереді. Жедел машықтанады. Сондықтан экологиялық проблемаларды жастармен бірлесе шешуге әрі оларды қоршаған ортаны аялауға тәрбиелеуде басымдық беру маңызды. Осы мақсатта 2-курста оқып жүріп, «Аяла» эко-клубын құруға атсалыстым. Бұған бала кезден қалыптастырған коммуникациялық дағды, ізденіс, кез келген проблеманы шешуге ұмтылыс көмектесті. Екі жылдың ішінде түрлі акция, жобаларға, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрміз. Нәтижесінде, белсенділердің саны 20-ға жуықтады. Басым бөлігі – өзім секілді Жаратылыстану және география институтының «Экология» мамандығындағы 4-курс студенттері. Байқағанымыз, отандастарымыз арасында экологиялық мәдениет әлі толық қалыптаспаған. Қоқысты сұрыптауды білмегені былай тұрсын, көшедегі жәшіктерге салуға жалқауланатындары бар. Ал Оңтүстік Кореяда үлкен бір жиһазды шығару үшін тіпті арнайы әкімшілікке барып, өтініш жазады. Бізде мұндай қоқыстарды жәшіктерге тастай салады», деді ол.
Экобелсенді соның өзінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруда, оны трендке айналдыруда жастардың қызығушылығы басым екенін айтады.
«Мұны әлеуметтік желіден, әсіресе Tik-Tok-тан көреді. Мәселен, былғары сөмке емес, шоппер ұстау кейінгі 4-5 жылда трендке айналды. Олар шоппердің экологиядағы негізгі мәнін білмесе де, көпке ілеседі. Осылайша, насихаттауға үлес қосады. Экобелсенділік пен минимализм ұғымы бір-біріне өте жақын. Екеуінде де артық дүниеден арылу қағидасымен жұмыс істейді. Сол үшін адамдар мұның экологияға тиімді екенін білмей-ақ, жай ғана трендке ілесіп жүр. Сыйлыққа шыны бөтелке сыйлап жатады. Мұның да пайдалы екеніне емес, тренд екеніне назар аударады. Ақиқатында тек тренд ретінде емес, қажеттілікке айналуы керек. Жалпы, экобелсенді болу қандай да бір келіп-кететін сән кейпіне енуіне қарсымын. Нағыз экобелсенді болу – күнделікті қоқысты сұрыптап, өзіңе жауапкершілік алу. Сондықтан қалдықтарды сұрыптаудың, табиғатты қорғау креативті жаңа дүниелердің есебімен көбірек насихатталғаны маңызды. Бұл міндет, қажеттілік әрі мәдениеттің бір бөлігі болғаны жөн. Экологиялық сананы көтеруге айыппұл салу және адамның өз еркімен жасауы сеп болады. Бізде алғашқы экологиялық кодекс негізінде ластанған дүние тек айыппұлмен өтелетін. Екінші, 2021 жылғы жаңа экологиялық кодекстегі өзгерістер мен түзетулерге сәйкес «ласта – орнына келтір – айыппұлын төле» қағидатымен жұмыс істейді. Меніңше, бұл өте тиімді, санаға әсер етеді. Байқауда ұсынылған жобамызда мақсатты аудитория – әкімшілік, жекеменшік кәсіпкерлер, осының барлығын бір жерге жинай отырып, табыстың көзін, яғни жұмыспен қамту жағын қарау ұсынылған болатын. Мұны Оңтүстік Корея, Жапония, Швеция елінің тәжірибелерін зерделеп, бақылап, бағдарлап жүзеге асырдық», деді Назерке Жұмағали.
Аталған жарыста жүлделі болған университеттер пластик қалдықтарын толық өңдеуге мүмкіндік беретін аппараттар мен қалдық үгіткіш жабдыққа ие болды. Осылайша, кезекті маусымын сәтті аяқтаған жоба келесі жылы да жалғасын табады.
«Бірнеше жылдан бері біз «CCI Қазақстан» компаниясымен бірлесе жаңа таланттарды ашып, олардың еліміздің дамуына бағытталған идеяларын қолдап, ең қызықты әрі тиімді идеяларды жүзеге асырып келеміз. «3.2.1.Старт!» аясында қарастырылып жатқан стандарттан тыс шешімдер мен жобалардың көбеюі бізді қатты қуантады. Былтыр 3,5 мың тоннаға жуық қалдық жиналып, кәдеге жаратылды. «Plastic in Art» көрмесі ұйымдастырылып, көптеген түрлі экспонат, пластик өңдеушілердің жұмысы, қайта өңделген пластиктен жасалған киім мен интерьер дизайны ұсынылды. Көрмеге келушілер неліктен қалдықты сұрыптау қажет екенін, оны үйде қалай ұйымдастыруға болатынын, жиналған шикізаттан не өндіруге болатынын көрді. Арнайы экомарафон да өтті. Онда үш тоннаға жуық пластик жиналып, бір бөлігі Алматы қаласына сыйға тарту етілген 12 ұзын орындық жасауға жұмсалды. Сондай-ақ екі экостанса ашылды. Бұл бастамаға «3.2.1.Старт!» жобасының өткен маусымдарының жеңімпазы «Экосен» компаниясы серіктес болды. Экостансаларға Алматы қаласының тұрғындары қалдықтың 11 түрін әкеліп, ақы ретінде «CCI Қазақстан» компаниясының фирмалық мерчтеріне айырбастауға болатын ұпайлар алады. Жыл соңына дейін елімізде тағы 25 экостанса ашылады. Бұдан бөлек 6 эко-сенбілік ұйымдастырылды. Жалпы, 2030 жылға қарай отандық нарыққа шығарылатын қаптаманың 100% баламалы көлемін жинау жоспарланып отыр. Бұл бастамаларды Қазақстан Республикасы Президентінің өзі атап өткен. Ол «CCI Қазақстанға» әлеуметтік жауапты бизнестің бірі ретінде «Парыз» сыйлығын табыс етті. Біз компанияның ұстанымын бөлісетін, осы бастаманы қолдайтын әрбір тұлғаға алғыс айтамыз», деп түйіндеді «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас менеджері Асыл Оқапова.