Фото: syrboyi.kz
«Пәтер кезегінде 2013 жылдан бері тұрамын. Осы жолы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Наурызбай ауданындағы «Шұғыла» шағын ауданынан бір бөлмелі пәтерге қол жеткізгенде қуанышымда шек болмады. Бүгінде Алматы сияқты ірі мегаполистерде білім алып, жұмыс істеп жатқан жастар өте көп. Олардың әрі қарай отбасын құрып, әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж болмауын қамтамасыз ететіндей тұрғын үй бағдарламаларының көп болғаны абзал. Өйткені пәтер алуға қажетті алғашқы жарнаны жинау мәселесі жас мамандарға, жас отбасыларға қиындық туғызады. Өз басым осы қалада Аграрлық колледжді тәмамдап, Каспий университетін қаржы мамандығы бойынша бітіріп шықтым», дейді Алмас.
Бүгінде Алмас жеке кәсіппен айналысып жүр. Осыдан төрт жыл бұрын отбасын құрған. Қазіргі кезде жас шаңырақта бір бала өсіп келеді.
«Өз үйім, өлең төсегім» деген нақылдың маңызын енді түсініп жатқандаймын. Алған пәтерімнің ай сайынғы төлемі де отбасына салмақ түсірмейді. Бүгінде мен сияқты пәтер кезегін күтіп жүрген жастар қаншама? Олар жастық шағының жалдамалы пәтерде емес, өз шаңырағында өткенін қалайды. Болашақта әлеуметтік бағытта берілген пәтерлерді жекешелендіру мәселесі заңнамалық тұрғыда реттеліп жатса, құба-құп дер едім. Өйткені жылдар бойы кезек күтіп алған үйіңді әрі қарай өз отбасыңның игілігіне пайдаланғанға не жетсін», дейді қуанышын жасырмаған отау иесі.
АЛМАТЫ