Фото: inbusiness.kz
Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полицияға түскен шақыртулар:
2020 жылы – 179 096
2021 жылы – 155 177
2022 жылы – 115 526
2023 жылы – 99 026
2024 жылдың 4 айында – 28 189 шағым түскен.
Тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтар, соның ішінде, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және кісі өлтіру деректері бойынша көрсеткіштер:
2020 жылы – 1071
2021 жылы – 1022
2022 жылы – 935
2023 жылы – 923.
Бұған дейін жәбірленушілердің көп жағдайда арыз жазудан бас тартуына байланысты үй тирандарына қатысты шара қолдану процесі тоқтатылатын еді. Заңға енгізілген түзетулерден кейін, полиция зорлық-зомбылық фактісін тіркеудің анықтау сипатына көшті. Яғни, агрессорды жәбірленушінің арызынсыз-ақ жауапқа тарту мүмкіндігі пайда болды.
«Кісі өлтіру бабында баланы өлтірген жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айыру деген жаза қосылды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру мен орташа ауырлықта зиян келтірудің жазаларынан біз бостандықты шектеу жазасын алып тастадық. Алдағы уақытта олар тек қана бас бостандығынан айырылатын болады.
Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру баптары осы жаңа заңмен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ тағы да айта кетейін, қинау деген бап бар. Сол қинау бабы бойынша да Бас бостандығын шектеу жазасы алынып тасталды. Жаза тек бас бостандығынан айыру.
Тағы да Қылмыстық кодекске бұрын болмаған жауапкершілік енгізілді. Ол 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты жыныстық қолсұғушылық жасаған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады», деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.
Заң «әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп аталғанымен, ол бәріне ортақ болады. Яғни, зорлық-зомбылық көрген әйел, жасөспірімдермен бірге ер азаматтар да шағымдануға құқылы.