фото: Ulysmedia
«Ақсу қаласында прокурорлар «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандар үшін құрылыс бөлімімен негізсіз 500 миллион теңге аударылғанын анықтады», деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.
Тапсырыс беруші 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатқан мердігерлердің жұмысына алдын ала төлем жасаған. Ал қазір құрылыс жоспардан бес айға кешігіп жатқаны анықталды.
«Қадағалау актісі бойынша Ақсу қаласының әкімдігі артық төленген бюджет қаражатын қайтару бойынша талап-арыз жұмыстарын жүргізіп жатыр, бүгінгі таңда 60 млн теңге мемлекетке қайтарылды», деп нақтылады прокуратура.
Аталған заң бұзушылықтар үшін Ақсу қаласы әкімінің орынбасары тәртіптік жазаға тартылды, ал Әдеп жөніндегі кеңес құрылыс бөлімінің басшысын «мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін» қызметінен босатуды ұсынды.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті