Экономика • 15 Маусым, 2024

Басты міндет – тұрақты экономикалық даму

42 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасының орындалуын тексерді.

Басты міндет – тұрақты экономикалық даму

Үкімет басшысы өңірдің жүйе құраушы кәсіпорындарының, атап айтқанда химия, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен саласы ком­панияларының қызметімен танысты. Сондай-ақ аумағында жаңа ірі өндірістердің құрылысы жүргізіліп жатқан Jibek Joly арнайы экономикалық аймағына барды.

Қазіргі сәтте Жамбыл облы­сының өнеркәсібінде 44 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған, өңірде 859 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, деп әкімнің орынбасары Әбілхайыр Тамабек Үкімет басшысына баяндады. Бұл ретте облыста химия саласын дамыту бойынша ауқымды шаралар қабылдануда. Jibek Joly арнайы экономика­лық аймағының құрылуы бүгінгі таң­да өңірдің бар әлеуетін тиімді­рек іске асыруға мүмкіндік береді. Дәл қазіргі уақытта АЭА жүкте­месі 86,7%-ға тең, 16 қатысушы компания тіркелген, оның 4-і жұ­мыс істеп тұрған кәсіпорын, 3-і құрылыс және орналастыру сатысында, қалғаны мемлекеттік сараптамадан өтуде немесе жобалау жүргізіліп жатыр. Мәселен, арнайы экономикалық аймақ аумағында Қытайдың «TAS Market» және өзбектің «Universal Trade LLP» компаниялары өнді­ріс­­терін локализациялауды жос­пар­­лап отыр. ҚХР жобасы бастап­­қы кезеңде құны 12,9 млрд теңге бо­латын шойын, болат және фер­ро­қорытпа өндіретін зауыт салу­ды, Өзбекстан тарапы – жал­пы инвестиция көлемі 120 млн дол­лар болатын қара метал­ды бал­қыту және жұқа табақты мы­рышталған болат өндіре­тін кәсіпорын салуды көздейді. Алайда бұл жобалар АЭА қыз­метінің басым түрлеріне жатпайды және тиісті жеңілдіктерді пайдалана алмайды. Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, сондай-ақ Ұлттық экономика министр­лігіне басым қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту мәселесін жедел пысықтауды тапсырды.

Бүгінде Жамбыл облысының локомотиві – химия саласы, оның үлесі 37%-ды құрайды. Өңірдегі қала құраушы кәсіпорындардың бірі – «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыты, онда 1,8 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жылдық қуаты 1 млн тонна тыңайтқышқа жетеді. Қазіргі уақытта табиғи газды пайдалануды шектеу себебінен өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Кәсіпорынның толық қуатында тиімді жұмыс істеуі үшін 81 176 мың м3 қажет. Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласын тыңайтқыштармен қамтамасыз ететін кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті. Үкімет басшысы Жамбыл облысының әкімдігі мен зауыт басшылығына мәселені шешу үшін Тараз қаласының 2-Газ тарату стансасын жаңғырту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сонымен қатар фосфорлы гипс қалдықтарын орналас­тыру және ластануды болдырмау үшін ауданы 51,3 га жаңа үйінді құрылысын тезірек аяқтау міндеті қойылды.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов Шу ауданының Шатыркөл-Жайсаң кластеріндегі жаңа байыту фаб­рикасына барды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 95%-ға аяқталған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 1,2 млн тонна кенді құрайды. Іске қосу тамыз айына жоспарланған, бұл ретте кәсіпорын алдағы қазан айында өзінің есептік көрсеткішіне шықпақ. Премьер-министр Олжас Бектенов өңір өнеркәсібіндегі үлесі 10%-ды құрайтын металлургия саласының келешегін атап өтіп, Үкімет осындай жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге да­йын екенін айтты.

«Үкіметтің алдына қойыл­ған мін­деттің бірі – тұрақты эконо­ми­калық дамуды қамтамасыз ету. Биыл сын-тегеуріндерді ес­ке­ре оты­рып, біз барлық сала­ға муль­­тип­ликативті әсер ететін өнер­­­­кәсіп­тік өндірісті күшей­тіл­ген ре­жім­де дамытуымыз қа­жет. Жоба­ларды іске қосу және толық қуат­та жұмыс істеу кезінде біз эко­но­­миканың дербестігін арттыра­мыз және жоғары білікті жұмыс орын­дарын ашамыз. Еліміз­дің бар­лық өңірінде оң өзгеріс­тер бар, олар­ды қолдап, кеңейте беру қа­жет»,  деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларына, оның ішінде кәсіпорындардың толық жүктемесін қамтамасыз етуге назар аударылуда. Еліміздегі аяқ киім шығаратын негізгі зауыттардың бірі Жамбыл облысында орналасқан. Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, отандық өндірушілерді, оның ішінде жеңіл өнеркәсіпті қолдау шараларын күшейтуді тапсырды.

г

Сонымен қатар Премьер-министр Тасөткел су қоймасын реконструкциялау барысымен және ауыл шаруашылығында қолданылып жатқан су үнемдеу технологиясымен танысты. Үкімет басшысы аймақ үшін маңызы зор су қоймасын қарап шығып, аталған нысанда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының жай-күйін тексерді.

Тасөткел су қоймасы Шу және Мойынқұм аудандарының барлық көлемі шамамен 35 мың гектардай суармалы жерін сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ осы жерден Тасөткел ГЭС қажеттілігі үшін су беру, Шу өзенінің төменгі ағысындағы Жамбыл облысының Мойынқұм, Сарысу аудандарына және Түркістан облысының Созақ ауданына экологиялық су жіберу жүзеге асырылады.

Бүгінде су нысанында бөгеттің сейсмикалық тұрақтылығын арттыра отырып, реконструкциялау жөніндегі жобаның екінші кезегі іске асырылуда. Жер қазу жұмыстары, ұңғымаларды тазарту, өлшеу датчиктерін (пьезо­метрлерді) орнату 100%-ға орындалды. Апатты суқашыртқы жүйе­сі салынды, төтенше жағдай кезін­де құлақтандыру және бейнеба­қылау жүйелері орнатылды, өткізу пункті жетілдірілді. Нысан биыл тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Премьер-министр су инфра­құ­рылымы мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

«Еліміздегі барлық бөгет пен су қоймалары 1950-1970 жылдары салынған. Мемлекет басшысы Үкіметке 134 елді мекенде су басу қаупін азайту үшін 20 жаңа су қоймасын салуды және жұмыс істеп тұрған 15-ін реконструкциялауды тапсырды. Тасөткел су қоймасындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын екенін көріп отырмыз. Бірақ бөгеттің сейсмикалық тұрақтылығын арттыра отырып, реконструкциялаудан кейін апатты суқашыртқы жұмысын сынақтан өткізу қажеттілігіне баса назар аударуға шақырамын», деп атап өткен О.Бектенов Жамбыл облысының әкімдігіне Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, сынақ жұмысын жүргізу мәселесін пысықтауды және нысандағы су деңгейін жобалық көлемге жеткізуді тапсырды.

Үкімет басшысы Ақбұлым ауылы­ның «Шарипов» шаруа қожа­лығының егістігінде су үнем­деу технологиясын енгізу жұ­мысымен танысты. Шаруашы­лықтың егіс алқабының жалпы ауданы 330 га құрайды, оның ішінде қант қызылшасына 80 га бөлінген. Сонымен қатар пияз, картоп, жүгері және дәнді дақыл­дар өсіріледі. Жалпы жобалық қуа­ты – жылына 10 мың тонна өнім.

Ауыл шаруашылығы құрылы­мының аумағында тереңдігі 300 метрге дейінгі 11 ұңғыма орналасқан. 6 жаңбырлатқыш қондырғы жеткізіліп, орнатылды, соның нәтижесінде тамшылатып суару қазір 160 га аумақта жүзеге асырылуда.

Жалпы, ауыл шаруашылығын­да су үнемдеу технологиясын енгізу және инфрақұрылымды жүргізу үшін Үкімет 80%-ға дейін инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шарасын көрсетуде. Сондай-ақ су берушілерге тікелей субсидиялар бөлу арқылы фермерлерге су беру қызметінің құны арзандатылады. Бұдан басқа, жылдық сыйақы мөлшерлемесін 2,5%-бен, 5 млрд теңгеге дейін 10 жылға дейінгі мерзімге су үнемдеу технологиясын енгізетін жобаларға несие беру көзделген.

Үкімет басшысы су үнемдеу тех­нологиясын енгізудің және егіншілікте суармалы алқаптарды ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.

Басымдық беріліп отырған ауыл шаруашылығы дақылдары­ның бірі – қант қызылшасы, оның егіс алқабы өңірде 10,6 мың га дейін ұлғайды. Биыл орташа өнімділігі гектарына 60 мың тонна болатын 600 мың тоннадан астам өнім өндіріледі деп күтілуде. Жиын-терім бойынша болжамдарды ескере отырып, Олжас Бектенов Жамбыл облысында қант қызылшасын өңдеудің өндірістік қуатын арттыру қажеттігіне назар аударды.

Бұдан бөлек, Ауыл шаруашы­лығы министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігіне өңірде шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес бойынша барлық агротех­никалық іс-шаралардың уақ­тылы жүргізілуін қамтама­сыз ету тапсырылды.

Өңірге сапар барысында Олжас Бектенов Шайқорық ауылындағы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған дәрігер­лік амбулаторияға барып, облыс орталығына жақын маңда орналасқан Айша бибі ауылын­дағы «Super-Рharm» медициналық бұйымдар өндіретін зауытының қызметімен де танысты.