Қанат Мырзалымұлының шарапатын көрген жүздеген жанның бірі – Қостанай қалалық мешітінің бас имамы, қоғамға пайдалы талай игі істің басы-қасынан табылып жүрген өңірге белгілі өрелі азамат Шоқан қажы Ғазизұлы.
«Мен Қанат ағаның алдында алты ай жатып емделдім. Бірінші Құдайдың, екінші сол кісінің шарапатымен қазір, жер бетін басып, шапқылап жүріп жатырмыз. Қанат Мырзалымұлының есімін бала кезімізден естіп өстік. Ол кісі Торғай өңіріндегі Ақшығанақ елді мекенінде туған. Кезінде Жангелдин ауданының хирургия бөлімін басқарған атақты дәрігер Асқар Байжұманов деген ағамыз болған. Біздің бала кезімізде әкелеріміз, елдің үлкен ақсақалдары сол кезде қылшылдап тұрған жап-жас Қанат ағамызға ризашылығын білдіріп, сырттай батасын беріп «Асқардың ізбасары, бас шәкірті» деп отыратын. Шынында да, Қанат Мырзалымұлы Асқар ағаның қасында жүріп, біраз тәжірибе жиды. Кезінде Торғай облыстық ауруханасының хирургия бөлімін басқарды. Қазір, міне, Қостанай облысының бас хирургі ретінде дәрігерлердің бірнеше буынын тәрбиелеп отыр. Өзімнің алты ай ауырып жатқаным көз алдымда, ол кісіде сенбі, жексенбі деген жоқ, таңғы сағат 6.30, 7-ге жетпей келеді де, бүкіл бөлімді аралап, әрбір науқастың жанына барып, хал-жағдайын сұрап кететін. Менің енді қарайып кеткен 2 метр ішегімді алып тастады. Өзім, отбасым, әулетім, маған тілеулес көптеген кісілер қорқып, қиын бір кезеңді бастан кешірді. 3 метр ішегімнен 1-ақ метр қалған екен, Қанат Мырзалымұлы соны қайтып жалғап, адам қатарына қосты. Мен сол алты ай ауруханада жатқанда мемлекеттің медицина саласына баса көңіл бөлу керектігіне әбден көзім жетті. Өйткені дәрігерлер таңның атысы, күннің батысы адам жанын арашалаймын деп арпалысып жүреді. Мейіргерлердің де еңбегі орасан. Олардың жанкешті еңбегі елену керек. Мысалы, Қанат аға күніне 3-4 операциядан шығып, қанша шаршап тұрса да, палатадағы науқастардың амандығын біліп кетеді. Сонда шаршағаны қызарған көзінен, балбырап, боп-боз болып тұратын бетінен ғана білінетін», дейді Шоқан қажы Ғазиұлы.
Облыстық аурухананың хирургия бөліміне екібастан ахуалы қиын науқастар келеді. Қанат Мырзалымұлы операция жасауға келмейтін, болмаса операциядан кейін жарасы асқынып кеткен науқастарға өзі қайта операция жасайды. Кейінгі кезде облыстық хирургия бөлімінің мамандары бейнехирургия, эндоскопиялық хирургияға көше бастаған.
«Бауырға, өт жолдарына, асқазан жарығына, сосын іш қуысы мен кеуде қуысының ортасындағы көк еттің өңеш өтетін тесігінде жарық болады, соған операция жасауды кеңінен қолданып жүрміз. Енді асқынған аурулардың көбіне жедел операция жасаймыз. Сосын бізде жоспарлы операциялар болады. Күніне 4-5 операция жасаймыз. Оның қиындауына мен екібастан өзім барамын. Одан кейін өсіп келе жатқан шәкірттерім бар, соларға көмектесіп, соларды тәрбиелеп, барымызды салып жұмыс істеп келеміз. Ай сайын орта есеппен 150-ден астам пациентті емдейміз», дейді ел алғысына бөленген дәрігер.
Қостанай облысы